«Ауыл баласы «Болашақ» бағдарламасына көптеп түссе деймін»
«Ауыл баласы «Болашақ» бағдарламасына көптеп түссе деймін»
Түбі тараздық, бүгінде журналистикадағы сүрлеуі ерек таланттардың бірі қазақстан журналистер одағы, қазақстан жастар одағы «серпер» сыйлығының иегері, БАҚ өкілдері арасындағы республикалық «Нұр сұңқар» байқауының жеңімпазы Қанат Әуесбайдың есімі жұртқа жіті таныс деп ойлаймыз. Телеарна көрермендеріне «Әуесбайдың Қанаты» есімімен танылған жерлесіміздің әр жетістігіне жамбылдықтар шын тілектес. Жуырда қаламы жүйрік журналистің публицистикалық жеке жинағы оқырманға жол тартты. халықаралық «болашақ» бағдарламасының стипендиантының Ұлыбританиядағы әйгілі Кембридж баспасынан жарық көрген кітабы «Looking west. A kazakh’s view of Great Britain» – «Батыс көрген. Ұлыбритания қазақтың көзімен» деп аталады. Бұл Қанаттың қаламынан туған тұңғыш қанатқақты туынды. Өткен аптада облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен кітаптың Әулиеата өңірінде таныстырылымы өтті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған осы еңбегі туралы автор «Ақ жолға» арнайы сұхбат берді.
– Қанат Әуесбайұлы, британ аралдарында әлемге әйгілі баспадан жарық көрген алғашқы кітабыңызды тараздық оқырмандар да зор ықыласпен қабылдаған сыңайлы. Өз қуанышыңызды туған жерге келіп, бөлісіп жатқан Сіздің де ерекше әсерде екеніңіз байқалады... – Әлбетте, қайда жүрсек те туған жердің ыстық топырағы тартып тұрады ғой. Әсіресе, шетел асып, өзге мемлекеттерде жүргенде елге деген сағыныш, туған жерге ғазиздық жүрек түкпірінде ерекше толқыныс боп тулап қоя береді екен. «Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі», «Ер – туған жеріне» деген тәмсілдердің астарында үлкен мағына бар. Мен мұны жұмыс бабымен алыс-жақын елдерге барып жүргенде сезінуші едім, ал, «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда екі жылдай оқып, тіршілік еткенімде тіпті, терең түсіне түскендеймін. Ал кітапқа келер болсақ, оның алғашқы таныстырылымы Ұлыбританияда, аты мәшһүр Кембридж университетінің білім факультетінде өтті. Таныстырылым аясында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында оқырмандармен онлайн трансляция орнатылды. Өткен жылдың соңында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында кітабымның ресми тұсаукесері өтті. Кітап – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр. Азаттығымыздың ширек ғасырлық мерекесіне ел азаматы ретіндегі менің бұл өз тартуым деп қабылдасаңыздар екен. – Сіз «Болашақпен» оқыған журналиссіз. Ал «Болашақ» стипендиаттарының арасынан алғашқы болып кітап шығарып отырсыз. Бұл идея қайдан туды? – Иә, Елбасының «Болашақ» халықаралық стипендиясы ел Тәуелсіздігі арқасында жастарға жасаған зор қолдауы, үлкен мүмкіндігі деп білемін. Осынау ширек ғасырда 11 мыңнан аса жас маман әлемдегі ең рейтингі жоғары оқу орындарында білім алуға қол жеткізді. Олардың арасында БАҚ өкілдері де бар екендігі қуаныш. Мемлекет басшысы айтқанындай-ақ, шын мәнінде «бұл – нағыз адами капитал». Солардың қатарында Британияда білім алғанымды мақтан тұтамын. Ол жақта саяси коммуникациялар мамандығы бойынша бір жылдан аса уақыт оқып, бүгінде білген-түйгенімді Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде студенттерге үйретіп жүрген жайым бар. Шетелде оқып жүргенімде: «Неге осы Ұлыбританияда оқығанымды, ол жақтағы азды-көпті жинаған тәжірибемді, көрген-білгенімді қағазға түсірмеске, кітап қып шығармасқа?» деген ой келді. Содан бір күні орыстың Всеволод Овчинников есімді журналист-публицистің «Корни дуба: впечатления и размышления об Англии» кітабы қолға түсті. Ол кеңес одағы тұсында жазылған екен. Тиісінше, Британия туралы кеңес одағы азаматы көзқарасымен беріліпті. Осы кітаптың әсерінде жүргенде Ұлыбританияны қазақ баласының көзқарасында жазып шығу туралы ойланып, сол ойымды жүзеге асыруға бекіндім. Кітапта «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда оқыған жылдары ағылшын қоғамының әр саласынан білген-түйгенімді публицистика тілімен, журналистік көзқараспен әсерлі жеткізуге тырыстым. Нақты айтқанда, британ аралдары тұрғындарының тұрмыс салты, өмірлік құндылықтары, ағылшын тілінің жаһандану жағдайындағы маңызы, білім беру мен жастар мәселесі, БАҚ саласы – барлығы да дамыған мемлекеттердің отыздығына бағыт алған Қазақстан жағдайымен салыстырыла жазылды. Негізгі мақсатым – ел жастарын британ қоғамының жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренуге шақыру. – Кітап екі тілде, қазақ және ағылшын тілдерінде жарық көргені бір ерекшелік десек, сондай-ақ, кітапты оқуға қызықтырып тұрған оның «Батыс көрген. Ұлыбритания қазақтың көзімен» тақырыбы екенін айта кету керек. – Бұрындары ел арасында «Мәскеу көрген», «Ташкент көрген» деген тіркестер болатын. Әлі де айтылып жатады. Кеңес одағы тұсында елгезек ел жастарының арасында қолы жеткендері тек көрші Ресейде оқуға мүмкіндік алатын. Онда да талпынған талайдың бірен-сараны ғана. Солар «Мәскеу көрген» деген атқа ие болып, зиялы, білімді, орта көрген жастардың синониміне айналатын. Осындай қазақи идиоманың екіншісі – «Ташкент көрген». Пысық, қағылез, епті, тез тіл табысқыш, орташыл адамдарға қатысты әңгіме бола қалса, «Е, ол Ташкент көрген жігіт қой» деп бағасын беріп, сипаттап жататын. Меніңше, бүгінде бұл қазақи идиоманың мәні өзгерген. Кезінде өркениеттің дені шығыстан шыққан. Заманында шығыс батыстың көзін ашқаны белгілі. Қазіргімізге келсек, өркениеттің көп игілігі батыстан. Бүгінгі басымдық батыста десем, артық айтқаным болмас. Елбасы тұғырын нық қалаған тәуелсіздік арқасында зейінді қазақ жастары Еуропаның, Американың ең үздік университеттерінің төрінен табылуда. Бүгінде Алаш баласы әлемдік ең озық оқу орындары Гарвард, Кембридж, Оксфорд, Колумбия университеттерінде еркін білім алып жүр. Бейнелеп айтсақ, бабасының табаны тимеген жерде балаларының қаламы тиіп жатыр. «Батыс көрген» дегеніміз – кежегені кейін тартатын кертартпа стереотиптерден ада, жаңаша ойлайтын, орта көрген, алғыр, өскелең ұрпақтың бітімі бөлек философиясы деп ойлаймын. – Ұлыбритания дамыған, озық, алпауыт мемлекет екені айдай әлемге белгілі. Сіздің көзқарасыңызда олар сол жағдайға қалай жете алды? Олардың даму тәжірибесінен біздің жас еліміз үшін үйренер тұстары бар ма? – Бір ерекше айта кетері, Ұлыбританияда еш өндіріс ошағы, бірде-бір ірі кәсіпорын жоқ. Солай бола тұра, осындай биікке қалай жетті деп қайран қаласың. Оған жауап ретінде үш мысалды ерекше келтірер едім. Олардағы сот жүйесінің мықтылығы. Әлемдегі ең қуатты, сенімді, мықты сот жүйесі осы елде. Халықаралық ірі дау-дамайлар мен шиеленістерді шешуде Ұлыбританияның сот жүйесіне жүгінеді. Тіпті, мықты адвокаттарды да солардан жалдайды. Яғни, сот жүйесі елге қаржылай инвестиция тартып отыр деген сөз. Бір жағынан бұл – елдегі мығым тәртіптің бар екенінің көрінісі. Тәртіп пен білім ұштасқанда ғана кез-келген жанның адамдық болмысы қалыптасады, сондықтан да әл-Фараби дананың: «Тәртіпсіз берілген білім – қауіпті» дегенінің сыры осында болса керек. Екіншіден, ол елдегі білім саласының жетілгендігі. Жылына екі миллионға жуық шетелдік студент сол жақта білім алып кетеді. Бұл дегенің мемлекет қорына түскен қыруар қаржы, инвестиция емес пе? Оқып жатқан студенттердің бәрі не мемлекеттің ақшасына, не өз жеке қаражаттарына білім алуда. Онда түрлі елдерден алдыртқан білікті оқытушылар, білімді профессорлар сабақ береді десек, олардың барлығы түптеп келгенде сол елге салық төлеу арқылы пайда түсіріп отыр. Сондай-ақ, «Лондон биржасы», яғни, әлемдік қаржы орталығы атану арқылы да бұл ел қыруар пайдаға кенелуде. Жаһандық қаржы айналымынан түсіп отырған пайда олардың экономикасын көтеруге елеулі түрде жұмсалуда. Міне, осы факторлар Ұлыбританияны әлеуетті, дамыған, үздік мемлекеттердің қатарына көтеріп тұр. Осы тұрғыда біз, Қазақстан жастары үлгі, тәжірибе ала отырып, ел ертеңі үшін аянбай еңбек ете білу керек. – Кітапты Тұманды Альбионда шығарудағы мақсатыңыз қандай? – Кітапты ағылшын елінде шығарудың бір ғана айқын себебі бар. Шығыс Англия университетінде оқып жүргенімде оқу орнының кітапханасында бірде-бір қазақстандық автордың кітабын таппай дал болдым. Ізінше «өзім журналист болсам, неге қаламгерлік мүмкіндігімді пайдаланып, кітап жазбасқа» деген ой санама маза бермеді. Біздің қазақ авторының бір кітабы болсын, Британияның білім шаңырақтарының сөресінде тұрса екен деген ойым болды. Тағы бір мақсатым, осы кітапты елге келгесін ауылдық мектептердің кітапханаларына жеткенінше таратуды көздедім. Неге ауыл? Өйткені әсіресе, ауыл жастары арасында «Болашақ» бағдарламасын насихаттағым келеді. Қарапайым ауыл баласы батыстың ең үздік оқу орындарында оқу түгесу қиял емес, қол жеткізерлік мақсат екенін аңғарса деймін. Осыны көздеп, Т.Рысқұлов ауданының Сәлімбай ауылындағы «Бірлес» орта мектебіне барып, кітабымның таныстырылымын өткіздім. Бұл мектепте кезінде әкем Әуесбай оқыған. Халқымызда «Бір адам мың адамға олжа салады» дейтін ұлағатты сөз бар. Ертең осы ауылдан танымал қаламгерлер, журналистер көптеп шықса, оның ішінде біздің де титтей үлесіміз бар деп іштей марқаятын күнге жеткізсін. Мәселен, кезінде біздің де журналистік жолды таңдауымызға белгілі журналист, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы ықпалын тигізіп еді. Бұл да сол сияқты ғой. – Кітап екі тілде шыққаннан кейін оны шетелдік жастар да, қызығушылар да оқуға тырысады ғой. Оларға мағлұмат ретінде, еліміз туралы да жан-жақты жазған боларсыз? – «Ұлыбритания мен Ұлы дала – аңыз бен әпсана мекені» атты бөлім бар кітапта. Онда шежірелі екі елдің тарихи жерлеріне тереңірек үңілуге тырыстым. Еліміздің өткені, өзім туып-өскен Тараз туралы, нақты айтқанда, жерінің түгін тартсаң тарихтың шаңы бұрқ ететін Ақыртас туралы осы бөлімде егжей-тегжейлі жеткізуге барымды салдым. Ұлыбританияда оқыған жылдары байқағаным, британиялықтар аңыз бен әпсанаға аса құрметпен қарайды. Демек, біздің терең тарихымыз оларды барынша қызықтырады деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Жанғазы Ахмет, «Ақ жол».