Білім

ҰБТ: ұттық па, ұтылдық па?

ҰБТ: ұттық па, ұтылдық па?

Жамбылдық жас түлектердің көңілдерін күпті еткен ұлттық бірыңғай тестілеудің әбігері аяқталды. Кеше соңғы лекпен 349 бітіруші тестілеуге қатысып, өз бақтарын сынады.

«Үшінші лекте Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына орналасқан тестілеу пунктінде Байзақ, Жамбыл аудандарының және үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп және дарынды ұл-қыздарға арналған қазақ-түрік мектеп-интернаттарының, жеке меншік мектептің түлектері сынақ тапсырды. Бұл күні осы пунктте ғана сынақ алынды, – деді облыстық білім басқармасының бөлім меңгерушісі Айдын Досыбаева. Халықаралық пән олимпиадалары мен ғылыми жоба жарыстарында жүлдегер атанғандардың тестілеуден босатылатыны белгілі. Сондай білім додаларынан олжалы оралғандарды қоспағанда жалпы, 2, 4 маусым күндері ҰБТ-ға облыс бойынша өтініш берген 6424 мектеп бітірушінің 6380-і (99,3%) қатысты. Алғашқы лектің қорытындысы аса жемісті бола қойған жоқ. «Алтын белгіні» ақтай алмағандар да көп. «Үздік» бітірушілер де үдеден шыға алмаған. Екінші лектің қорытындысы да көңіл жұбатарлық емес. 4 маусым күні тест тапсырған «Алтын белгі» жалпы орта білім туралы аттестатына үміткер 278 бітірушінің 90-ы (32,4%) өз білімдерін дәлелдесе, үздік аттестатқа үміткер 94 бітірушінің ішінде 15 түлек қана (16%) оны алатын болды. Биыл республика бойынша тестілеу көрсеткіші, жалпы, төмен болып тұр. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметіне сүйенсек, 2-5 маусым аралығында өткен алғашқы төрт күнде (кей өңірлерде 2-сі мен 8-ші маусым аралығында өткізіледі) ҰБТ-ға қатысқан 76948 бітірушінің 17811-і шекті деңгейден өте алмаса, 4339 түлек бір пән бойынша қанағаттанарлықсыз баға алған.

Ардақ Үсейінова,

«Ақ жол».