Түбі бір түркі, түгел бол!
Түбі бір түркі, түгел бол!
Нұрсұлтан Назарбаев түркі әлемінің дамуына серпін беруге тиіс төрт бағытқа назар аударды
5 маусымда Қазақстан Президенті Түркияның Бодрум қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің Төртінші саммитіне қатысты.
Негізгі тақырыбы туризм саласын дамыту мәселесі болған саммитке сонымен қатар Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Түркия Республикасының Президенті Абдуллаһ Гүл және Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қатысты. Қазақстан Президенті өз сөзінде Түркі кеңесі халықаралық ұйым ретінде нақты нәтижелерге қол жеткізгенін және барлық мүше мемлекеттердің игілігі үшін оның жұмысын одан әрі күшейту қажеттігін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев түркі әлемінің дамуына серпін беруге тиіс төрт бағытқа назар аударды. Соның біріншісі ретінде Қазақстан Президенті түркітілдес елдердің экономикалық әлеуетін ашу мәселесін атап өтті. – Тәуелсіз алты мемлекеттің ішкі жалпы өнімінің жиынтық көлемі 1 триллион 200 миллиард доллардан асады. Сөйте тұра Қазақстанның сыртқы сауда айналымында 5 елдің үлесі небәрі 6% ғана. Сондықтан бізге ортақ экономикалық әлеуетімізді барынша нығайтқан жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы Түркі әлеміне жаңа жобалар ұсынатын көлік мүмкіндіктерін пайдаланудың маңыздылығына да тоқталды. – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің Қазақстандағы бөлігінің құрылысы аяқталуда. Осы жылдың соңында Түрікменстан мен Иранға қатынайтын теміржол құрылысы бітеді, ол Парсы шығанағына жол ашады. Келесі жылы Қытайдан Каспийге дейін біздің еліміздің аумағы арқылы өтетін теміржол құрылысын аяқтау көзделген. Біз Ақтау портының қуатын арттыруды да жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты Ақтау, Баку және Самсун порттары арасындағы ынтымақтастықты дамыту маңызды, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы жаңа перспективаларға жол ашып, соның арқасында түркітілдес мемлекеттердің іскер топтары Қазақстанда бірлескен кәсіпорындар құру арқылы 170 миллиондық нарыққа шыға алатынын айтты. Қазақстан Президенті түркі әлеміне туристерді тарту осы елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын тигізетіндігіне назар аударды. – Түркі дүниесінде әлемдік қоғамдастықтың зор қызығушылығын тудыратын табиғи нысандар мен тарихи орындар жеткілікті. Бізге осы салада бірлесіп туризм инфрақұрылымын жаңғырту қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы түркі әлемінде туризмді дамыту үшін бірлесе отырып туристік өнім әзірлеп, Ұлы Жібек жолы брендін пайдалануды ұсынды. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев ТҮРКСОЙ, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры тәрізді құрылымдардың маңыздылығын атай келе, дәстүрлі мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту қажеттігін айтты. – Түркі академиясы ортақ құндылықтарымыз бен мұраларымызды зерделеу ісінде көп нәрсе жасай алады. Түркі халықтарының мәдениеті мен өнерін насихаттауда ТүркСОЙ-дың атқаратын рөлі зор. Оның белсенді қызметі бірлігімізді нығайтып, мәдени байланыстарды кеңейтуге ықпал етуде, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев ТҮРКСОЙ және Түркі кеңесі сияқты ұйымдардағы жұмыс істеу үшін ұйымға мүше мемлекеттердің университеттерінде жас мамандарды даярлау қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ, ол Түркі академиясына түркі әлемі елдерінің интеграциялану жолдарын айқындау үшін бағдарлама әзірлеуге тапсырма беруді ұсынды. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесінің келесі тақырыбына қатысты ұсыныс енгізді. Бұл орайда ол мүше мемлекеттерде ақпараттық кеңістікті және бәсекеге қабілетті бұқаралық ақпарат құралдарын дамытудың маңыздылығына тоқталды. Мемлекет басшысы халықаралық қоғамдастыққа түркі әлемін танытатын телеарна ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің саммитінде сөз сөйлеушілер бұл жиын туризмді дамытуға, сондай-ақ осы сала бойынша елдер арасындағы өзара іс-қимылға қосымша серпін бере алатынын айтты. Сондай-ақ, ынтымақтастықтың өзге де негізгі бағыттарын дамыту үшін осындай басқосулар өткізудің маңыздылығы аталды. Отырыс соңында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі Төртінші саммитінің декларациясына қол қою рәсімі болды.