Әлеумет

Қаратаудың қыраны

Қаратаудың қыраны

Қоғам қайраткері  Қарымбай Қошмамбетовтің туғанына 120 жыл

Кешегі нар тұлғалы ата-бабаларымызға тарихтың дауылды толқынында, тар жол, тайғақ кешуде ел жүгін арқалап, аянбай еңбек етуге тура келгені өткен күндер шежіресінен белгілі. Капиталистік қоғамнан социалистік қоғамға өткен аласапыран бұлғақ заманда өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай, қиыннан қисын тауып, ел жұртының амандығын сақтау қара нардай күші бар, әдіс айлалы ісі бар азаматтардың ғана қолынан келгенін ешкім жоққа шығара алмас. Солардың бірі, бұрынғы Түркістан генерал-губернаторлығына жататын Сырдария облысы, Әулиеата уезі, Қарабастау болысына қарайтын Билікөлдің батыс жағалауында дүниеге келген Қарымбай Қошмамбетовтің биыл өмірге келгеніне 120 жыл толып отыр. Алашорда басшыларының бірі Ә. Бөкейханов «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, тектен, мінезден» – депті. Демек тектілік – ұлы қасиет. Тектіліктің түп-тамыры – имандылық, тұғыры – ұлттық сана, тірегі – адамшылық қасиеттер десек, бұдан зиялылық туындайды. Қарымбай Қошмамбетұлы текті жерден шыққан зиялы азамат екендігін дәлелдеген жан. Оның бүкіл өмірі ғибратқа толы. Әкесі Қошмамбеттің өзінше сауаттылығы және орта деңгейлі шаруашылығының болуы жас Қарымбайды оқытуға сеп болды. Жастайынан қазақ батырларының ерлігімен, билерінің даналығымен, ақын-жырауларының тапқырлығымен сусындаған Қарымбай бала бүркіттей қомданып ер жетті. Әрі аталары Баян мен Қатпа батырлардың жанкештілігі, өз заманының ауыздыға сөз бермес мықтысы Балта ақынның тапқырлығы да өз кезегінде Қарымбайдың тастүлектей түлеуіне айтарлықтай себеп болды. «Ата көрген оқ жанар» демекші, жас Қарымбай досына адал, дұшпанына қатал, алдына қойған мақсатына жету жолында ештеңеден тайынбайтын өжет азамат болып өсті. «Арманнан мақсат, мақсаттан әрекет, әрекеттен берекет туады» дейді дана қазақ. Ол осы арман мен мақсатын, әрекеті мен берекетін халқына арнады. Зерек, ұғымтал, өткірлігімен көзге түскен жас бала туралы ауыл-аймақ, ағайын-жұрт құлақтана бастайды. Көршілес қоныстанып отырған атақты Байелі бай Қошмамбеттің үйінде түстеніп отырып бала Қарымбайдың зеректігіне риза болып, оның ауыл молдасынан алған білімін жоғары оқу орнында жетілдіруіне қолұшын созып, болашақ партия, мемлекет қайраткерінің қалыптасуына ықпал еткен екен. ...Қарымбай Қошмамбетұлы 1914-1917 жылдар аралығында Әулиеатадағы орыс-бұратана мектебін үздік бағамен бітіреді. Күндіз оқып, кешке жүн өңдеу фабрикасында жұмыс істеген оның уақыт өткен сайын саяси-әлеуметтік әділетсіздіктерді көріп, революциялық көзқарасы қалыптасады. Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сарымолдаұлы сияқты кемеңгерлермен жолдас болып 1917 жылы ақпан буржуазиялық революциясынан кейін Әулиеатада құрылған «Қазақ жастарының революциялық одағына» мүше әрі оның белсендісі болады. Жергілікті халық өкілдерінен мұсылмандар кеңесін құру жөніндегі хатшысы болып сайланады және бұл ұйымды уездік кеңеске қосуға көп еңбек сіңіреді. 1917 жылы орнаған Кеңес үкіметінің Әулиеатадағы белсендісі ретінде есте қалады. Уездік атқару комитеті төрағасының әкімшілік жөніндегі орынбасары, 1921 жылдан бастап милиция, төтенше комиссия органдарына басшылық жасайды. Әулиеатада қызыл әскер ротасын құруға және оған қазақтарды көптеп тартуға ықпал етеді. Сол сияқты мұсылмандар ротасын, 4-ші Әулиеата полкін құрады. Оларды азық-түлік, мініс көліктермен қамтамасыз етуді ұйымдастырады. 1922 жылы халық арасында танымал болған Қарымбай Әулиеата уездік атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Қарымбайдың революция­лық қызметіне қоса өнерге де бейім екенін, кезінде ақындықпен айналысқанын, оның ішінде суырып салма ақын ретінде талай-талай өнер сайысына қатысып жүлдегер, жеңімпаз атанғанын және халық әндерін құйқылжыта орындайтын әнші екенін екінің бірі біле бермейді. Оның 1919 жылы Әулиеата қаласының Төрткүл көшесіндегі Ақыбай Қалымбетов деген кісінің үйінде Пісте есімді ақын келіншекпен айтысы бұл сөзіміздің айқын дәлелі. Ол жыр додасы туралы кеңінен әңгімелеуге болады. ...Ол ашыққан халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету, қоғамдық асханалар, балалар үйі мен интернаттар ашуды ұйымдастырды. Ашыққан халықты аман сақтап қалу үшін қолдағы бар мүмкіншілікті жасаған ол халыққа білім беру, кеңестік құрылысты дамыту, іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді ұйымдастыруда да белсенділік танытқан. 1923 жылы Түркістан компартиясы Сырдария облыстық комитеті Қарымбайды Қазалы уездік қалалық партия комитетіне жауапты хатшы етіп сайлайды. Ол жерде жергілікті партия ұйымдарының, Қосшы одағының жұмысын жандандыруда және қазақ жастарын партия, кеңес жұмыстарына тартуда көп еңбек сіңіреді. 1924 жылы Түркістан өлкелік атқару комитетіне мүшелікке сайланады. Қ. Қошмамбетұлы 1926-1928 жылдары Қазақ АКСР-нің Орал губерниясы Совет атқару комитетінің төрағасы болып қызмет істейді. Қазіргі Орал, Атырау, Ақтөбе облыстарының экономикасы мен мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосады. 1927 жылы советтердің IV жалпықазақстандық съезінде Қазақ АКСР орталық атқару комитетіне мүшелікке кандидат, ал 1928 жылы мүшесі болып сайланады.1928 жылдың ақпанында республикалық жоспарлау комиссиясы төрағасының орынбасары, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезінде Іле аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына жіберілді. Осындай тынымсыз, демалыссыз күндердің бірінде қатты суықта Алматы ауруханасына түсіп, дерті дендеп 1930 жылдың 9 қарашасында бұл фәниден өтті. Бар болғаны 33 жыл ғана өмір сүрген ол ел үшін қаншама жұмыс атқарған десеңізші. Революция, азамат соғысы, жергілікті ұлт өкілдерінен партия, кеңес жұмыстарына кадр дайындау, аш халықты тойындыру, жетім балалар үйін ашу, сауатсыздықпен күрес, қазақ тілінде іс жүргізу, жер-су реформасына қатысу, қазақтардан әскери құрам құру, милиция жұмысын жандандыру, «Қосшы одағына» басшылық, ұжымдастыру және тағы басқа көптеген игі істердің ұйымдастырушысы болды. Ардақты азаматтың осы қысқа ғұмырында аямай халқы үшін жанкешті жұмыс жасауы кейінгі біздерді толғандырмай қоймайды. «Тірі өледі жер қойнауына жатады, ізі қалады – болса жақсы атағы» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, Қарымбайдың ізгілікті ісі бүгінгі және болашақ ұрпаққа үлгі болып қала бермек. Қарымбай Қошмамбетұлы аты Алматы облысы Қарасай ауданындағы, Жуалы ауданындағы мектептерге беріліп, 1957 жылы қазіргі Тараз қаласының орталық саябағында мүсіні қойылды. Мұхамеджан Тынышбаев, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Сейітқазы Меңдешев сияқты азаматтармен сыйлас, сырлас болған Қарымбай Қошмамбетұлын жаңадан жазылған «Қазақстан тарихы» оқулығына енгізсек деген ұсыныс бар. Қарымбай атамыздың Әнуар, Мұрат есімді екі перзентінен бүгінде саналы ұрпақ тарап, ел игілігі жолында аянбай қызмет етуде.

Әмірхан Мырзайұлы, тарихшы-өлкетанушы.