Табысқа тоқмейілсуге болмайды
Табысқа тоқмейілсуге болмайды
Облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиевтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының кеңейтілген мәжілісінде басқарма басшысы Нұржан Нұржігітов есеп берді. Жиынға Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, бірқатар облыстық басқармалар мен инспекциялардың, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің өкілдері қатысты. Басқарма басшысы айтып өткендей, өткен жылы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға барлық қаржы көздерінен 15,5 миллиард теңге бөлініп, толығымен игерілген. Оның 10,1 миллиард теңгесі республикалық, 5,4 миллиард теңгесі облыстық бюджеттерден қарастырылыпты. Жалпы, өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 226,6 миллиард теңгені құрап отыр екен. Ауыл шаруашылығы дақылдары егістік алқабының көлемі 593,2 мың гектарға жеткізіліп, 9 пайызға ұлғайтылған. Оның ішінде масақты дәнді дақылдардан түскен өнім гектарына 23,5 центнерден айналып, 591,7 мың тонна астық бастырылды. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 206 мың тоннаға артық. Қант қызылшасы былтыр 5507 гектар алқаптан жиналып, жалпы түсім 138,2 мың тоннаны (әр гектардан 251,1 центнерден) құраған. Тәтті түбір өнімінің көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 6 есеге артыпты. Өткен жылы өңір шаруашылықтары 2 миллиард 64 миллион теңге сомасындағы 266 дана жаңа техникамен жарақтандырылған. Оның 123-і «ҚазАгроҚаржы» арқылы лизингке сатып алыныпты. Сондай-ақ, былтыр төрт түлік мал басы өсуіне де қол жеткізілген. Тек құс санының ғана 4 899 басқа азайғаны байқалуда. Былтырғы жылы облыс бойынша бас-аяғы 5336 мүйізді ірі қара, 2165 жылқы, 46296 қой сатып алыныпты. Барлығы да асыл тұқымды. Нәтижесінде «Сыбаға» бағдарламасы – 118,6, «Құлан» бағдарламасы – 111, «Алтын асық» бағдарламасы 128,6 пайызға асыра орындалған. Ет өндірісін дамыту мақсатында қолға алынған 26 мал бордақылау алаңы белгіленген бес емес, төрт жылда-ақ салынып, іске қосылған. Олардың жалпы сыйымдылығы 20 мың мүйізді ірі қараны бордақылап, семіртуге мүмкіндік береді. Былтыр облыс бойынша 509 тонна ет экспортқа шығарылыпты. Оның 451,3 тоннасы – сиыр еті. Жамбыл ауданындағы «Оңтүстік Халал тағамдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына 1 757 тонна ет өнімдерін экспорттауға бағытталған. Елбасының 5 институционалдық «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 60-қадамында сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту міндеттері алға қойылғаны белгілі. Бұл орайда өткен жылы Меркі ауданында күніне – 15, Жуалы ауданында – 25, Т.Рысқұлов ауданында 8 тонна сүт өңдейтін цехтар іске қосылып, жұмысын бастапты. 42 шаруашылықтың бірігуімен құрылған «Меркі өнімдері» ауыл шаруашылығы кооперативінің де сүт кластерін дамытуға ықпалы мол болады деп күтілуде. Басқарма биыл да жақсы нәтижелерге қол жеткізуді көздеуде. Ол үшін жоғарыда айтылған кемшіліктер түзетіліп, жолға қойылуы, жалпы істің бұрнағысынан да ширатыла түсуі керек-ақ. Есепті жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев аталған басқарманың өткен жылғы жұмысын қанағаттанарлық деп бағалап, басқарма басшысына аудан әкімі орынбасарларымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру, «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламасын орындау, қант қызылшасының көлемін ұлғайту, ұсақ шаруашылықтарды біріктіру, жәрмеңкелерді лайықты ұйымдастыру, сүт кластерін дамыту, бөлінген субсидияға талдау жасау жұмыстарын жүзеге асыруды міндеттеді.\
Е.Жаңабайұлы, журналист.