Саясат

Дамуымыздың заңды және жүйелі кезеңі

Дамуымыздың заңды және жүйелі кезеңі

Елбасының 25 қаңтарда Қазақстан халқына жолдаған Үндеуі еліміздегі демократиялық үдерістер жаңаша қарқын алғанын көрсетеді. Бұл – қазақ қоғамын жаңартып, жаңғыртуға бастайтын қадам. Мемлекет басшысы атап өткендей, қазір заманның дидары өзгерді. Ендігі кезек – мемлекеттің басқару жүйесінде.

Қазақстан қоғамын үшінші жаңғырту кезеңі конституциялық реформадан басталғалы отыр. Алдымен, қоғамдық қатынастарды реттейтін Негізгі Заң да мемлекеттік билік тармақтарының қарым-қатынасын айқындауы тиіс. Жаңа саяси реформа аясында Заң шығарушы органның рөлі күшейеді. Ал Парламент сайлауында жеңген партияға Үкімет құрамын анықтау өкілеттігі беріледі. Реформаның бірінші бағытында Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беру көзделген. Өкілеттіктерді беру тиісті заңдарды өзгерту арқылы іске асады. Бұл өзгерістерді Үкімет қазіргі Парламент сессияның аяғына дейін Заң шығарушы органға ұсынуы тиіс. Саяси жаңарудың екінші қадамы билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді етуге бағытталуы тиіс. Заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейту арқылы министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігі артатын болады. Реформаның екі бағыты да мемлекеттік басқару тиімділігін күшейтеді. Бастысы, Президент ұсынған өзгерістер, яғни, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы елімізде жаңа мазмұндағы саяси жүйені қалыптастырып, ол ел игілігі, мемлекет мүддесі үшін тиімді жұмыс атқарады деп сенемін. Қоғамдағы өзгерістер мемлекеттік саяси институттардың соған сай болуын талап етеді. Бұл реформа Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының жалғасы іспетті. Бізге есеп беретін Үкімет, белсенді Парламент және заң үстемдігі мен әділдікті жоғары деңгейде қамтамасыз ететін Сот билігі қажет. Мемлекеттік билік тармақтарын қайта бөлу арқылы біз осыған қол жеткіземіз. Конституцияға енгізілетін өзгерістер жобасының бүкілхалықтық талқыға салынуы негізінен биліктің ашықтық принципін көрсетеді. Соған сай азаматтық қоғам да белсенділік танытуы керек. Яғни, әрбір топ бұл талқылауға белсенді қатысып, өзінің пікірін білдірсе, бұл қоғамдағы азаматтық сенімнің артқандығын көрсетеді. Мамандар егер Конституцияға өзгерістер енгізілсе, 30-дан астам заңнамаға түзету жасалатынын айтуда. Мемлекеттік басқаруды реформалауда алғышарттарды түзудегі жауапкершілік Үкіметке жүктеліп отыр. Уақыт министрлер кабинетінен бұл мәселелерді жедел ше¬шуді талап етуде. Қазірдің өзінде Үкіметтің құзыретіне берілуі мүмкін экономика, бюджеттік жоспарлау және кәсіпкерлік қызмет саласындағы Мемлекет басшысының ұйымдастырушылық-құқықтық өкілеттіктерін қайта бөлуге бағытталған түзетулердің тұтас кешені әзірленді. Бұл – мемлекеттік-жекешелік әріптестік мақсаттары үшін берілуге жатпайтын объектілердің тізбесін қалыптастыру, оларды ынталандыру мақсатында экономиканың басым секторларын айқындау, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын және қайырымдылықты дамытуға елеулі үлес қосқан бизнес субъектілері үшін құрметті атақтар тағайындау тәртібін бекіту, республикалық бюджет комиссиясын құру (РБК), РБК ережесі мен құрамын бекіту, мемлекеттік жоспарлау жүйесін және кейбір басқа да жүйелерін айқындау жөніндегі функциялар. Елбасымыз атап көрсеткендей, ұсынылып отырған бағдарлама үш міндетті орындауға мүмкіндік береді. Біріншіден, саяси жүйенің тұрақтылығына кепіл болады. Екіншіден, Үкімет пен Парламент рөлін жоғарылату арқылы осы заманның сын-қатерлеріне қарсы тиімді механизм жасалады. Қазір қоғамдық құрылыс күрделене түскен. Сондықтан, елді басқарудың тиімді, тұрақты, заманауи жүйесі жасалуы қажет. Үшіншіден, әлемде мемлекеттік құрылымның әмбебап моделі жоқ. Елбасы ұсынып отырған реформа ең алдымен өз тәжірибемізге және Қазақстанның өзінің қажеттіліктеріне сүйене отырып жасалған. Президенттің «...әлемде мемлекеттік құрылыстың әмбебап моделі жоқ. Бәрі де ізденіс үстінде. Халықаралық тәжірибе шеңберінде іс-қимылдар жасайтын мәселелер бола тұрса да, біз өзіміздің, кейде ерекше шешімдерімізді таба отырып, мемлекеттік құрылыстың бөгде модельдерін көшіріп алумен ешқашан айналысқан емеспіз», – деген сөзі осының дәлелі. Сондықтан Мемлекет басшысы атап өткендей, мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу – ел дамуының заңды және жүйелі кезеңі.

Асхат Оразхан,  облыстық әділет департаментінің басшысы.