ТӨРЕШІ ДЕ, СЫНШЫ ДА – УАҚЫТ
ТӨРЕШІ ДЕ, СЫНШЫ ДА – УАҚЫТ
Тәуелсіз, ұлан-байтақ жерімізде, арманы биік, рухы асқақ елімізде әр күні жылға татитындай тарихи кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Маңызы зор саяси оқиғалар қоғам өміріне жаңаша сипат, мәнді мазмұн беруде. Солардың ішінде ел назарын тағы да өзіне аударған Елбасы Н.Назарбаевтың бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауы болды.
Елдің өсіп-өркендеуіне жаңа серпін беретін бұл стратегиялық қуаты бар құжат тәуелсіздіктің небәрі 25 жылында екі жаңғыруды бастан өткеріп, Қазақстанды әлемдегі озық 50 елдің қатарына қосқан қоғам дамуының «қазақстандық жол» деп аталатын моделін дүниежүзіне әйгілі етуімен, әлемді дағдарыс жайлаған кезеңде алдағы уақытта тыңғылықты шешілуі тиіс айшықты міндеттерді айқындап беруімен айрықша құнды. Елбасының 2012 жылы халыққа ұсынған «Қазақстан-2050» Стратегиясының жаны – елімізді әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосуды мақсат тұтатын, 5 халықтық реформа, Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» десек, жаңа Жолдауда ел экономикасын әлемдік бәсекеге қабілетті ететін Үшінші жаңғыруға тегеурінді серпін беретін 5 басымдықты Елбасы атап қана қоймай, оларды орындаудың жолдарын санамалап тайға таңба басқандай етіп көрсетіп берді. Ендігі қалған іс – оларды жүзеге асыру. Ол іс бәріміздің мойнымызда, өзіміздің ерік-жігерімізде. «Шапшаң жүргенге шаң жуымас» дегендей, ендігі жерде халқымыздың әлеуметтік қуатына төреші де, сыншы да уақыт болмақ. Олай болса, бұған бүгін біркісідей жұмыла кіріспесек ертең кеш болуы мүмкін. Сондықтан, бірінші кезекте Жолдауды насихаттау, халық арасында түсіндіру жұмыстарына мемлекеттік қызметшілерді, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын, бұқаралық ақпарат құралдарын, үкіметтік емес ұйымдарды, этномәдени орталықтарды, ардагерлер, жастар, партия ұйымдарын, білім, ғылым, мәдениет, спорт саласының белсенділерін, бұқара мен атқарушы билік арасындағы дәнекер қоғамдық кеңес мүшелерін кеңінен қатыстырып жүйелі түрде жүргізу міндеті тұр. Облыстық Қоғамдық кеңес мүшелерінен жасақталған үш мобильді топ облыс әкімдігі бекіткен кездесу кестесі бойынша іске кірісті. Жұмыс жалғаса береді. Халық Жолдаудан өз тағдырларына орай орын алатын, әсіресе, әлеуметтік саладағы тұрмыс-тіршіліктеріне қатысты оңды өзгерістерді күтетіні сөзсіз. Демек, үгіт-насихат топтары Жолдаудағы өзге басымдықтармен қатар төртінші – адами капитал сапасын жақсарту басымдығына ерекше ден қойғандары жөн. Экономикалық-әлеуметтік салада облыста, қалалар мен аудандарда, ауылдарда атқарылып жатқан ауқымды шаралар мен жетістіктерді Жолдаудың мақсат-міндеттермен өріп айта білсек, онда халықтың еліміздің ертеңіне деген берік сенімін бекемдеп, Елбасы қойып отырған өрелі міндеттерді орындауға, әркімнің саналы түрде үлес қосуға деген құлшынысын ұштай түскеніміз.
Жандар Кәрібайұлы, облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы.