Саясат

Үндеу мен Жолдаудың мәні мен маңызы түсіндірілді

Үндеу мен Жолдаудың мәні мен маңызы түсіндірілді

Елбасы Үндеуі мен Жолдауын халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында Парламент депутаттарынан құралған ақпараттық-насихаттық топ облысымызда да өз жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Осы мақсатта халық қалаулылары «Қазфосфат» ЖШС ұжымымен Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыртуы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын талқылау мақсатында жиын өткізді. Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Байділда Жылқышиев пен Қожахан Жабағиев, «Қазфосфат» ЖШС ұжымы және БАҚ өкілдері қатысты.Басқосу барысында Елбасы Жолдауындағы басым бағыттар және облыста оны жүзеге асырудың тиімді жолдары айтылды. Жиынды ашып, жүргізген «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры Мұқаш Ескендіров Елбасының бұл жылғы Үндеуі мен Жолдауы қазақстандықтар үшін үлкен маңызға ие екендігіне және кәсіпорын жұмысына тоқталды. – «Қазфосфат» ЖШС Қазақстан Республикасында фосфор өндірісімен айналысатын үздік кәсіпорын болып табылады. Бүгінде өндіріс орны 6 мың жамбылдықты жұмыспен қамтып отыр. Өндіріске жаңашылдық пен жаңа технологияларды енгізумен қатар, компания кеңейтілген әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, демеушілікпен айналысады, – деді Мұқаш Ескендіров. Парламент Мәжілісінің депутаты Байділда Жылқышиев бүгінгі күні мемлекет алдында Елбасы жария еткен Үшінші жаңғыру тұрғанын, бүгінге дейін кездескен көптеген кедергілерге қарамастан, дамудың даңғыл жолын жаңылмай таба білгенін, соның арқасында еліміз әлемге танылғанын атап өтті. Сондай-ақ, ол Президенттің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі өте батыл қадам екенін айта келе, бұл реформа Парламент пен Үкіметтің өкілеттіліктерін арттырып қана қоймай, оларға өздері қабылдаған шешімге сәйкес үлкен жауапкершілік жүгін де арқалауына тура келетінін жеткізді. – Бүгінде біз облыс орталығындағы кәсіпорындарда, жоғары және арнаулы оқу орындарында, ауыл шаруашылық құрылымдарында, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарында аталған мақсатта іс-шаралар өткізіп, халыққа алда тұрған мақсат-міндеттерді кеңінен түсіндіріп жатырмыз. Біздің мақсатымыз – Елбасы айқындап берген бағыттарды халық арасында толықтай талқылап, оның мән-маңызын түсіндіру, барлық саяси күштермен, қоғам мен қоғамдық ұйымдармен бірлесіп ел алдында тұрған өзгерістерді саралау, айқындау. Уақыт бір орнында тұрмайды, бүгінгідей жаһандану заманында уақыт көшіне ілесу – бұл заңдылық. Әлемде болып жатқан иммиграциялық, діни, қаржылық дағдарыстар біздің экономикамызға да әсер етеді. Осындай қиын уақытта Елбасының жасаған Үндеуі мен халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауы жақсылықтың жаршысындай, кемел келешектің хабаршысындай болды. Сондықтан, Елбасы айқындап берген міндеттерді алдағы уақытта жұмыла, бірлесе атқарып, осы бағытта жұмыс жасауымыз керек, – деді Байділда Жылқышиев. Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Қожахан Жабағиев Елбасы Жолдауында айтылған мақсаттар мен міндеттерге кеңінен тоқталды. Жолдауда айтылған білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік және ауыл шаруашылық салалары бойынша да әңгімеледі. – Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіріп отыр. Біздің ел мұнымен тоқтамайды. Ендігі кезекте еліміздің мақсаты – дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Оған Президенттің экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамыту мен басқа да тапсырмаларын орындасақ қана жете аламыз. Биылғы Жолдауда еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне баса назар аударылды. Расымен де, қазіргі кезде әлемнің түкпір-түкпірінде бәсекелестік күшейіп жатыр. Бәсекеге қабілетті болу дегеніміз – бизнестің қарапайым қағидасы, ережесі. Ол үшін әрине, әуелі халыққа кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік беріп, шағын бизнесті дамытуға жағдай жасауымыз керек. Елбасы Жолдауда осы мәселені баса айтты. Бүгінгі таңда жер жүзінде ІТ технологиясы дамыған, ауыл шаруашылығы шалқыған елдер ғана қара үзіп, алға шығып жатқанын білеміз. Егер мемлекет өз халқын жақсы өніммен қамтамасыз етіп, тағамдарын таза, сапалы жасағысы келсе, алдымен өз елінің ауыл шаруашылығын дамытудан бастау керек, – деді Қожахан Жабағиев. Кездесу барысында еңбеккерлер депутаттарға өздерін толғандырған сауалдарын жолдады.

Наурызбек САРША,

"Ақ жол".