Биік мақсаттарға бастайтын құжаттар
Биік мақсаттарға бастайтын құжаттар
Қазір қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан мәселелер – мемлекеттік билік тармақтарының арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы Елбасы Үндеуі және Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы. Ел дамуына ерекше серпін беретін стратегиялық мәні зор құжаттарды халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында құрылған ақпараттық-насихаттық топ мүшелері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Байділдә Жылқышиев, Қожахан Жабағиев, Сәкен Қаныбеков өңірімізге келіп, облыс активімен кездесті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков ашып жүргізіп отырған жиында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жобасы талқыланып, Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру жолдары сараланды. Парламент Мәжілісінің депутаты Байділдә Жылқышиев 25 қаңтардағы Елбасы Үндеуіне байланысты бүкілхалықтық талқылауға ұсынылған заң жобасының мән-маңызына кеңірек тоқталды. – Өздеріңізге белгілі ел Президенті өзінің құзыретіндегі бірқатар өкілеттіктерін Үкімет пен Парламентке беруге шешім қабылдап отыр. Бұл – саяси жаңғырту, билік тетіктерін бөлуді қайта қарауға Елбасымыз саналы түрде барып отыр. Ондағы мақсат – басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, Үкімет пен Парламенттің жауапкершілігін күшейту. Мынаны есте ұстайық, басқару жүйесін реформалағанымызбен, тәуелсіздігіміздің ширек ғасырында жемісті нәтижесін берген президенттік басқару формасы сақталып қалады, тек осы форманы одан ары жетілдіру жолында жұмыстар атқарылады. Елбасы билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуінде жұртшылық назарына еліміз үшін аса маңызды, тағдырлы мәселені ұсынып отырғанын атап көрсетті. Шынында да, бүгінгідей жаһандану үрдісінде заман дидары асқан жылдамдықпен өзгеріп, мемлекеттің басқару жүйесін жаңғырту мезгілі туғанын аңғартып отыр. Нұрсұлтан Әбішұлының бұл бастамасы – бүгінде әлемнің дамыған отыз елінің қатарына ену стратегиясын батыл түрде қолға алған Қазақстан үшін жасалған тағы бір маңызды қадам. Президенттің бірқатар өкілеттігін Парламент пен Үкіметке беру арқылы мемлекеттік басқару оңтайландырылатын болады. Бұл – өркениетті елдерге тән үрдіс.
Елбасы Үндеуде атап көрсеткендей, мұндай қадамға баруға түрткі болған бірден-бір себеп – бүгінгі күннің сын-қатерлері. Мықты Президенттік билік осы уақытқа дейін өзінің рөлін табысты атқарып келді. Тәуелсіз Қазақстанның саяси, экономикалық, әлеуметтік және дүниежүзілік кеңістікте жеткен тегеурінді жеңістері мен жетістіктерінің барлығы – осының айқын көрінісі. Бұл өте өзекті және уақтылы түзету, өйткені, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы үшін Үкіметтің жауапкершілігі Конституция деңгейіне көтеріліп отыр, – деді Байділдә Жылқышиев. Сондай-ақ, халық қалаулысы Президент Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Премьер-Министр енгізген ұсыныммен Үкіметтің құрылымын айқындайды, Президент дербес тағайындайтын және босататын Сыртқы істер және Қорғаныс министрлерінен басқа Үкімет мүшелерін тағайындап және қызметінен босатады деген өзгерістер енгізілетінін жеткізді. Президент өкілеттіктерінің Үкімет пен Парламентке бөлінуі демократиялық үрдістер дамуының айғағы екенін, Конституцияға енгізілетін өзгерістерді талқылау азаматтық қоғамның белсенділігін қажет ететінін, бұдан әрбір қазақстандықтың тыс қалмауы керектігін тілге тиек етті. Мәжілісмен Қожахан Жабағиев Елбасы Жолдауында әлеуметтік-экономикалық саланы дамыту үшін қандай міндеттер жүктеп отырғанына тоқталды. – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауымен таныса отырып, еліміздің кешегі, бүгінгі және болашақтағы даму жолдары туралы терең ақпарат аласыз. Еуразия кеңістігіндегі өзінің тарихи орнын анықтап, небәрі 25 жыл ішінде даму мен тұрақтанудың ерекше үлгісін көрсеткен жас мемлекетіміздің болашаққа жасаған нық қадамдары нәтижелі болды. Елі үшін туған Елбасы елімізді жасампаздық пен жаңғыру жолына, табысқа толы белестерге бастады. Қазақстанның әлемдегі экономикасы дамыған 50 елдің қатарынан көрінуі – ерен еңбектің, халықтың мызғымас бірлігінің жемісі. Алдымызда мұнан да зор, мұнан да биік міндеттер тұр. Ол – дамыған 30 елдің ортасынан өз орнымызды тауып, өскелең ұрпақтың, ұлдарымыз бен қыздарымыздың жарқын болашағына даңғыл жол ашу, ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай, солардың қолына даңқты эстафетамызды табыстау міндеті. Аталған асқаралы арманға жетудің жолдары Елбасы Жолдауында анық көрсетілген, жіті сараланған. Ел экономикасының әлеуетін арттыру, халқымыз үшін байлық пен молшылықтың сарқылмас қорын дайындаудың тетіктері, оларды жүзеге асырудың бағыттары айқындалды. Елбасы Жолдауының әр жолын толқымай отырып оқу, терең мазмұны мен баянды мағынасына қанықпай қабылдау мүмкін емес. Өзінің тарихи ерекшеліктері бар жаңғырудың бірінші кезеңін абыроймен аяқтап, Елбасы батырлық пен батылдықтың жаңа үлгісін танытып, жаңғырудың екінші кезеңін – «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасын жариялады. Бұл кезеңде де сындардан сүрінбей өтіп, қаһарман халқы қоштап, Елбасы «Астана» деп атаған елордамыздың салынуы арқылы мемлекетіміздің даму мен тұрақтану жолының қаншалықты айшықты екенін бүкіл әлемге паш етті, – деген халық қалаулысы Қожахан Жабағиев Елбасы Жолдауындағы әр басымдыққа жеке-жеке тоқталып, түсіндірді. Ол цифрлы технологияларды қолдану арқылы құрылатын индустрияны, басым салаларда бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті, кен металлургиясын және мұнай мен газ кешендерін одан әрі дамыту көзделгенін атап өтті. Парламент Мәжілісінің депутаты Сәкен Қаныбеков те Елбасы Жолдауында айтылған мақсаттар мен міндеттерге тоқталып, ондағы білім беру, денсаулық сақтау, әлеумет, ауыл шаруашылық салаларын әрі қарай дамытуда жүзеге асырылатын міндеттерге тоқталды. Жиында жарыссөзге шыққан «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты Ерболат Саурықов және облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің бас сарапшысы Лариса Лысова маңызды құжаттардың мән-маңызын, ондағы баянды бастамалар туралы тілге тиек етті. Парламент Мәжілісінің депутаттары облыстағы жұмыс сапарларын алдағы он күн бойы аудандар мен ауылдарда жалғастыратын болады.
Жанғазы АХМЕТ,
"Ақ жол".