Экономика

Талас ауданы түлеп келеді

Талас ауданы түлеп келеді

«Ауыл шаруасын тіктеп, өндіріс өрге басуы тиіс», – деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ауданға жасаған жұмыс сапарында

Іріленбей іс бітпес...

Облыс әкімі жұмыс сапарын Берікқара ауылы маңындағы сүт өңдеу, мал бордақылау кешеніндегі ауданның шаруа қожалықтары және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері ұйымдастырған кішігірім көрмеден бастады. Соңғы жылдары өз күштерімен шаруаларын оңдап мал өсіріп, өнім өндіріп жүрген шаруалар аз емес. Олардың бір сыпырасы Үкіметтің түрлі бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несиелері немесе қайтарымсыз несиелер арқылы мал өсіріп, өздерін-өздері жұмыспен қамтып жатса, істерін ілгері жылжыту үшін қаржылай қолдау күтетіндері де бар. Солардың бірі – Берікқара ауылындағы ағайынды Әбілдаевтардың шаруа қожалығы. Қожалық иелері бұрынғы сүт фермасының орталығындағы бұзылып кеткен кешенді сатып алып, оны өз қаражаттарымен қайта қалпына келтіру үстінде екен. – Әзірге 30 бас сиырымды саууға бел буып отырмын. Мемлекет тарапынан несие берсе қазақтың ақ бас сиырын алып, ал аналық басын 100 басқа жеткізу ойымда бар. Сүтті цехта сақтап, оны өзіміз дайындайтын «пакетке» құйып, нарыққа шығару жоспарымызда тұр. Мал салынғалы жатқан қорада бордақыланатын болады, – деді жеке шаруашылық жетекшісі Ж. Әбілдаев. К.Көкірекбаев одан сүт кешені іске қосылғанда қанша адамның жұмысқа тартылатынын сұрастырды. Ж. Әбілдаев он шақты адамды жұмысқа тартатынын жеткізді. – Кәсібін ашамын деген ауыл еңбеккерлеріне мемлекет тарапынан берілетін субсидия жыл сайын өсіп келеді, - деді облыс әкімі. Одан әрі Аққұм ауылындағы «Төлебаев» және «Сейсенбай» асыл тұқымды мал өсіретін шаруа қожалықтарының жұмыстарымен танысты. Шаруашылықтар 102 түйе, 120 мүйізді ірі қара, 1200 қой, 380 жылқы өсіріп отыр. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 30 миллион теңгеге 6 бұқа, 130 мүйізді ірі қара сатып алыпты. Негізгі бағыты – ет өндіру. 12 отбасы еңбек етеді. – Мал басын көбейтіп, оны базарға етке шығарып сатып қана қоймай, өнімін өндіріп, табыс көзіне айналдыру қажет. Мысалы, шұбат, қымыз өндіріп, неге базарға шығарып, сатпасқа? – деді Кәрім Нәсбекұлы. Биылдан бастап шұбат пен қымыз өндіруге де мемлекет тарапынан субсидия бөлінгенінен хабардар етті. «Ә.Сағынтаев атындағы» ЖШС директоры А.Қошанбеков облыс басшысына шаруашылықта негізінен көк сұр түсті қаракөл қойының өсірілетінін, оның өнімінің өтімді болмауынан қой басын көбейтуге мүмкіндіктің тым аз екендігін қынжыла сөз етті. Бір кездері алтынға бағаланған елтіріні әлдебір алымсақтардың бір мың теңгеге ғана сатып әкететінін, оның нақты бағасы туралы үйлестіруші маркетингтік қызметтің жоқтығын алға тартты. Осы мәселе туралы «Ақ жол» газетінің 2014 жылғы 3 маусым күнгі санында «Қара алтынға» бағаланған елтірінің қадірі неге қашты?» атты проблемалық мақала жарияланды. Таластық шаруалар орынды көтерілген өзекті мәселе үшін редакция басшылығына ризашылығын білдірді.

Оның үстіне Мойынқұм мен Аса өзені бойындағы шұрайлы жайылымдықтардың бір кездері орман шаруашылығының иелігіне өтіп, сол жерді пайдаланғаны үшін мекемеге шаруашылықтың 1,2-1,3 миллион теңге қаражат жұмсайтынын, аталмыш жайылымдықты бұрынғы егелеріне қайтару қажеттігін немесе жалға ақы төлеу қаражатын азайтуды қарастырудың жолдарын іздестіруге болмас па екен? деген сауалдарын қойды.

Облыс басшысы облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Болат Әмірғалиевке жер пайдаланудағы осындай қиғаштықтарды реттеуге тапсырма берді. Елтірі бағасы туралы сауалға облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Досан Рымтаев жауап беріп, әр елтірінің нарықтағы нақты бағасының 3 мың теңге екендігінен хабардар етті. Облыс әкімі оған осы мәселемен айналысуды тапсырды. Өңір басшысы мал шаруашылығы өнімдерін ұқсатудың жолдарына ауыл әкімдері мен шаруа қожалықтарының басшыларының назарын аударды. –Мысалы, – деді облыс әкімі, малайзиялық әріптестер ірі қара малын өсіруге, Израиль мемлекеті сүт өңдеу цехтарын (Тараз қаласынан төртеуін) салуға келісімге келіп отыр. Оның үстіне Үкіметтің орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламаларына сәйкес түрлі несие алып, мал өсірем, өнімін өндіремін дегендерге еш кедергі жоқ. Тек соның тиімді жолын ауылдағы әрбір тұрғынға жеткізу жағы жетіспей жатыр. Ондай кәсіппен айналысамын деушілерге облыстық бюджеттен де арнайы бағдарлама арқылы қаражат қарастырылуда. Осы сауалдарға байланысты облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Абдалы Нұралиев түсінік берді. – Үстіміздегі жылдан бастап, – деді ол, – асыл тұқымды әрбір аналық бас үшін 1500 теңге субсидия беріле бастады, таяуда ол баға 2 мың теңгеге дейін көтерілмек, 18 айлыққа дейінгі асыл тұқымды тұсақ үшін субсидия көлемі 8 мың теңгеге жетті. Субсидия алу үшін шаруашылықтағы асыл тұқымды қой саны 600 басқа, қошқары – 25 басқа жетуі қажет. Егер ірі қара өсіретін болса – аналық басы 30-дан кем болмауы шарт. 2014 жылдан бастап жайылымдықтарда құдық қазушыларға, құдықтың құнының 80 пайызын мемлекет көтереді. Фермерлерді материалдық-техникалық тұрғыдан қайта жарықтандыру үшін сатып алатын техниканың, шөп шабатын машинаның, басқа да қажетті техниканың 50 пайыздық шығынын да мемлекет көтермек. А.Нұралиев одан басқа майлы дақылдар өсірушілер үшін де субсидия көлемінің өскендігінен хабардар етті. Басқарма басшысы Үкімет тарапынан түрлі бағдарламалар арқылы ауыл шаруашылығын қаржылай қолдаудағы өзге де жаңалықтарды да жеткізді. – Көріп отырсыздар, – деді облыс әкімі, – Елбасының тапсырмасымен ауылды қайта жаңғырту үшін барлық мүмкіндіктер жасалынуда. Сол бағдарламаларды әрбір адамға жеткізіп, кәсіпкерлікке баулу – аудан, ауыл әкімдерінің басты міндеті. Алда қолжетімді несие бағдарламасы үшін облыстық бюджеттен 1,2-1,3 миллиард теңге қарастырып, тұрмысы төмен әрбір отбасының мал алуын несиелендірудің жолдарын қарастырудың бағдарламасын жасаудамыз. Бірақ, несиенің негізінен ірілендірілген шаруашылықтарға лизингтік түрде ғана берілетінін де түсіндіру қажет. Осы орайда аудандағы Берікқара ауылында 15 шаруа қожалығының бірігіп, кооператив құрған қадамы құптарлық, мұны өзге ауылдарда да жалғастыру керек деді облыс әкімі.

32«Игіліктің» игі істері

К. Көкірекбаев жұмыс сапарын Қаратау қаласындағы «Игілік» көп салалы кәсіпорнының тыныс-тіршілігімен танысумен жалғастырды. Кәсіпорын – қаланы жылу және сумен қамтамасыз ететін іргелі мекеме. Онда 200-ден аса адам еңбек етеді. 2013-2014 жылғы қысқы маусымды іркіліссіз аяқтады. Мекеме басшысы Рашид Сейдалиев атқарып жатқан жұмысты қысқаша баяндады. Жалпы алғанда Үкіметтің, облыс әкімдігінің қамқорлығымен кәсіпорынға қыруар ақша бөлініп, жаңа технологиялармен жарақтандырылуда. Тек соңғы екі жыл ішінде қазандықтар күрделі жөндеуден өткізілді. Жұмыстың денін автоматтандыру қолға алынды. Үш тұрбалы құбыр түбірімен жаңадан орнатылып, өзінің төзімділігін көрсетті. Көшелердегі жылу құбырларының жаңартылуынан кейін жылу шығынын азайтуға мүмкіндік туған. Алайда, электр қуаты бағасының өсуі шығынды көбейтуге айтарлықтай ықпал етуде. Өңір басшысы одан шығудың жолын сұрастырды. Мысалы, Жаңатас қаласындағы жылыту орталығына «Казфосфат» ЖШС арқылы сағатына электр қуаты 10 теңге де, Талас ауданына 12 теңгеден босатылады екен. Облыс әкімі бұл мәселені «Қазфосфат» ЖШС-ның басшыларымен бірлесе отырып, шешуді тапсырды. Одан кейін облыс әкімі Қаратау қаласындағы Ақшораев көшесіндегі күрделі жөндеуден өткен 120 пәтерлік тұрғын үйді көріп, ондағы жұмыстарға көңілі толғандығын жеткізді. – Осындай бір үй салу үшін кемі 600-700 миллион теңге қаражат жұмсалар еді, - деді облыс әкімі, - бұған барлығы 340 миллион теңге ғана қаражат кетті. Одан әрі Қаратау қаласындағы тұрғын үй кезегінің хал-ахуалы туралы сұрады. – Бүгінгі күнге дейін, – деді Қаратау қаласының әкімі Қ.Махашев, – 734 адам үй кезегінде тұр, мемлекеттік қабылдау актісінен кейін осы үйді берсек, соның 120-сы пәтерлі болмақ. Облыс әкімі бос тұрған үйлерді жөндеп, пайдалануға беруді жалғастыру қажеттігін ескертті. Өкінішке қарай, апатты жағдайда тұрған үйлерге құжаттар толық жасалынбай қалған көрінеді, мұны да дереу түзеп «Моноқалаларды қайта жаңғыртудың бағдарламасына» енгізген жөн деді. Сапар барысында облыс әкімі «Игілік» көп салалы кәсіпорнының су жинайтын орталығында болып, оның жұмысымен танысты. Моноқалалардың инфрақұрылымын қайта жаңғырту бағдарламасына сәйкес ауызсу мен кәріз жүйелерін жаңғыртуға қыруар қаржы бөлінгені мәлім. – Қазіргі жағдайда Көктал бағытынан келетін суды тұрғындар ауласын суландырғандықтан жетімсіз. Ал, 25 бұлақтан келетін су қаладағы көпқабатты үйлерді тәулік бойы қамтамасыз етуге жетпейді, әрі қысымы төмен, - деді Р. Сейдалиев, – Тамды ауылының маңынан 4 жерден жерасты суын пайдалану үшін құбырлы құдықты бұрғылау жұмысын тездетпесе болмайды. Аталмыш мәселе туралы «Тараз құбыры» ЖШС бас директорының орынбасары О.Пак түсінік берді. Оның айтуынша қаланы ауызсумен қамтамасыз ету үшін 50 шақырым арық қазылып, құбыр төселген. Қала маңында құрылысқа қажетті құрылыс материалдары Аса ауылынан тасымалдануда. Оның үстіне өңірдегі жер қыртысының тастақты болуынан терең құбырлы құдық қазатын техникамыз шыдас бермеуде, – деді. К.Көкірекбаев кәсіпорын жетекшісіне бұл жұмысты жеделдету керектігін қатаң ескертті.

Кәсіпорынның тұсауы кесілетін күн жақын

Облыс басшысы қаланың шығыс беткейіндегі «Талас Инвест Компани» ЖШС-ның меншігіндегі натрий цианидін өндіретін кәсіпорында болды. Аса қымбат бағалы өнім өндіретін зауыт құрылысының 95 пайызы аяқталған. – Алайда, – деді кәсіпорынның бас директоры Б.Алдашов облыс басшысына, – зауытқа қажетті техникалық судың жеткізілмеуі басты қолбайлау болып отыр. Сол жерде облыс әкімі аталмыш жұмысты атқарып жатқан «Темірстройсервис» ЖШС бас директорының орынбасары Т.Қарағойшинге зауытты техникалық сумен қамтамасыз ететін канал жұмысын тез арада сапалы аяқтауды қатаң тапсырды. Облыс әкімі цианид зауытының мәжіліс залында кеңес өткізіп, сала басшыларын Индустриялық-инновациялық бағдарламаның нақты жүзеге асуы үшін табандылық, біліктілік көрсетуге шақырды. Бұдан соң Ақкөл ауылына атбасын бұрған өңір басшысы бұрынғы аудандық аурухананың ғимаратында болды. – Мұнда ауыр науқастар үшін ауданаралық оңалту орталығын ашсақ па деген ойымыз бар, – деді аудандық аурухананың бас дәрігері Есмахан Имаммырзаев. – Бұл мәселе біраздан бері көтеріліп келеді. Ғимарат осы мақсатта пайдалануға лайық. Жоғарыда айтылғандай науқастарды қабылдауға толық мүкіндік бар әрі жаңа жұмыс орындары ашылар еді, – деді әңгімеге араласқан облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Досан Рымтаев. – Шынында да, ғимарат анау айтқандай көп шығынды қажет етпейді екен. Ойларыңыз дұрыс, – деген Кәрім Нәсбекұлы осы салаға қатысты басшыларға аталмыш мәселені жан-жақты зерделеу қажеттігін нықтап тапсырды. Жалпы алғанда, облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев аудандағы істің мән-жайына қанығып, басталған жұмыстарды аяғына дейін жеткізу үшін еңбек ету керек екендігін айтып, нақты тапсырмалар берді. Облыс әкімі ауданның тыныс-тіршілігімен танысқанда онымен бірге облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов және бірқатар облыстық басқармалардың басшылары болды.

Амангелді Әбіл, Сәулембай Әбсадықұлы,  «Ақ жол».

Талас ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан