Байыпты байлам, ойлы қадам
Байыпты байлам, ойлы қадам
Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуі – ойлы қадам, орынды шешім демеске болмайды. Тәуелсіздік алғалы бергі ширек ғасырда біз сан тарау жолдардан өтіп, соқпақтардан сүрінбей, асқар асулардан асып, толағай табыстарға жете алғанымыз бүгінгі шыққан биігіміздің негізі бола алады. Десек те, қазір әлем өзгеріп, жаһан жаңару мен жаңғырудың жаңа арнасына түсе бастағаны жасырын емес. Осы ретте дамудың даңғыл жолындағы тәуелсіз, жас еліміздің де басқару жүйесі өзара ширатылып, уақыт өте тың қарқынға ие болуы – заңдылық. Өтпелі кезеңде мемлекеттік басқарудың бір қолда болғанының дұрыстығын уақыттың өзі көрсетіп берді. Бұл 25 жыл ішінде еліміздің аяқтан тұрып, алға жылжуымызға мүмкіндік берді деп айта аламын. Ал қазіргі кезде президенттік бірқатар өкілеттікті Парламент пен Үкіметке берудің кезегі келді деп санаймын. Өйткені, қазіргі жағдайда барлық міндет Президентке жүктеліп, соның салдарынан Үкіметтің жауапкершілігі төмендеп кетпеуі керек. Осыны алдын ала алыстан бағамдап, саралап, сараптаған көшбасшымыз батыл қадамға барып отыр. Қашанда ел дамуында, әлемдік саяси сахнада да көрегенділігімен танылып жүрген Елбасымыздың еңселі еліміздің ертеңі үшін қабылдаған әрбір шешімі тарихи оқиға, маңызды бастама екендігі сөзсіз. Жеті рет өлшеп барып қана кесім жасайтын Мемлекет басшысының бұл үндеуі де әбден ой елегінен өтіп, жан-жақты сараланған жаңа бағыт. Тек соны қуаттап, кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу – ендігі баршамыздың міндетіміз. Елбасы жариялаған сол Үндеуді еліміздегі барша қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар, мемлекеттік емес ұйымдар, азаматтық қоғам мүшелері үлкен тарихи оқиға ретінде қабылдап, өздерінің оң көзқарастарын білдіріп жатыр. Өйткені бұдан Президентіміз мемлекеттің және болашақтың қамын ойлап отырғаны кім-кімге болса да жіті ұғынықты деп білемін. Біз осы уақытқа дейін тиімді президенттік басқару жүйесінің арқасында өзіміздің қазақстандық даму жолымызды қалыптастыра отырып, өте биік табыстарға жеттік. Алдағы уақытта да солай бола береді деген сенімдеміз. Сондай-ақ, парламенттің рөлі күшейтіліп, демократияландыру жолы одан әрі нығая түседі. Яғни, саяси жүйеміз мықты Президент, беделді Парламент, есепті Үкімет тұжырымдамасына негізделмек. – Мен ұсынған бес институттық реформаны іске асыру Үкіметке экономика саласында қосымша атқарушылық өкілеттіктер беруді көздейді. Бұл орайда, қорғаныс қабілетінің, сыртқы саясаттың, мемлекеттік басқарудың, Конституцияны қорғаудың және мемлекеттік билік тармақтары арасында тиімді жұмысты қамтамасыз етудің негізгі мәселелері Президенттің құзырында қала береді. Үкімет пен Парламенттің рөлін арттыру қазіргі заманғы сын-тегеуріндерге жауап қайтарудың неғұрлым тиімді механизмін бермек. Иә, бұл басқарудың неғұрлым күрделі жүйесі, бірақ қоғам да неғұрлым күрделі бола түсті. Мен Президент ие өкілеттіктердің айтарлықтай бөлігін беруге саналы түрде барып отырмын. Мен мұны жалғыз ғана мақсатпен – елді басқарудың неғұрлым тиімді, орнықты, заманауи жүйесін құру үшін жасап отырмын, – деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өз үндеуінде мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі республика дамуының жүйелі және заңды кезеңі болып табылатынына екпін берді. Президент Жарлығына сәйкес, конституциялық реформалар жобасы жалпыхалықтық талқылауға шығарылады. Осы орайда жұдырықтай жұмылып, бекем бірлігімізді бетке ұстай отырып, халқымыз осы маңызды шараға белсенді түрде атсалысып, ұлы мақсаттарға қол жеткізу жолында аянбау керек деп білемін. Және барша жамбылдықтарды да соған шақырамын.
Шәбден Тілеумұрат, «Нұр Отан» партиясы облыстық
филиалы төрағасының орынбасары.