Биатлоншыларымыздың бағы жанды
Биатлоншыларымыздың бағы жанды
Алтын мен күміс Алина Райкова мен Галина Вишневскаяда
Алматыда өтіп жатқан бүкіләлемдік қысқы Универсиада барысында Ұлы Дала Елінің қоржыны жүлделермен тағы да толыға түсті. Қысқы спорттың төресіне телінген биатлоншылар бәсекесінде қазақстандық спортшылар алғашқы алтын жүлдеге қол жеткізіп қана қоймай, күміс жүлдені де қоржынға салды.
Тіпті, алғашқы бестікте 4 бірдей қазақстандық биатлоншының бой көрсетуі көңілімізді марқайта түсетіні анық. Биатлонның жекелей сынында топқа түскен отандастарымыз шаңғымен жүгіруде де, төрт мәрте нысана көздеу сынында да қарсыластарына дес бермеді. Өзгелерден оқ бойы озық болған Алина Райкова бұл бәсекеде шашасына шаң жұқтырмай топ жарып, алтын жүлдені мойнына ілсе, Алинадан біршама уақыт кешігіп мәре сызығын кескен тағы бір қазақстандық спортшы Галина Вишневская күміс жүлдені қанжығасына байлады. Үздік үштікті украиналық Надежда Белкина қорытындылады. Төртінші, бесінші орындарға тағы да қазақстандық биатлоншылар орналасты. Нысана көздеуде қателіктерге бой алдырған Дарья Усанова төртінші орынға тұрақтады. Мәреге украиналық сайыпқыраннан 32 секунд кеш жеткен Усанова нысана көздеуде мүлт кетпегенде сөзсіз үздік үштіктен көрініп, медальдар жиынтығы толығымен өзімізде қалар еді. Бұйырғаны төртінші орын екен. Ал, бесінші орынды Елизавета Бельченко қорытындылады. Сондай-ақ, отандастарымыз Анна Кистанова 11-орынға орнықса, Александра Сасина үздік 15 спортшының қатарынан көрінді. Жеңісті жорығынан кейін тілшілер қауымымен тілдескен қысқы Универсиада чемпионы Алина Райкова бастысы тұла бойындағы қобалжу сезімін жеңу керек болғанын тіліне тиек етті. «Соңғы кездердегі сәтсіздіктер салдарынан біршама нәтижеге қол жеткізе алмадым. Бүгін өзімнің алдыма қойған тапсырмам – біреуді жеңу емес, өзімді жеңе білу болды. Бұл жарыста сол миссияны орындай алдым деген ойдамын. Шақырымдарды дұрыс жүріп өттім, нысана көздеуде мүлт кетпедім. Шыны керек, мен үшін дода өте қиынға соқты. Өз-өзімді психологиялық-эмоциялық тұрғыда басқара алмай қаламын ба деп қорықтым. Алайда бәрі де ойдағыдай шыққанына қуаныштымын», – деді ол ойын түйіндеп.
Табиғат АБАИЛДАЕВ,
"Ақ жол".