Әлеумет

Анамның тілі – ардағым менің

Анамның тілі – ардағым менің

2006 жылдың қараша айында облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының жанынан мемлекеттік тілді оқыту орталығын ашу туралы облыс әкімінің қаулысы шыққан болатын. Осы қаулыны іске асыру мақсатында Тіл басқармасы орталықтың басшысы бірлігіне байқау жариялады. Байқауға қатысу үшін құжаттарымды өткізіп, мен де бағымды сынап көрген едім. Арада 3-4 ай өткенде 2007 жылдың наурызында басқармадан телефон шалып, келуімді өтінді. Жұмыстан сұранып келіп, сол кездегі басқарма бастығы Батырғали Ақпаевқа кірдім. – Сіз байқаудың жеңімпазы болдыңыз. Құттықтаймыз! Бүгін бұйрық шығады. Жұмысыңызға барып, ол жақтағы тірліктеріңізді бітірген соң іске кірісіңіз. Сіздің кандидатураңызға тоқталған себебіміз, сіз жұмысты білесіз, бұрын осы тіл саласында істедіңіз. Енді осы Тіл орталығын ашып, жұмысын бастау сізге тапсырылып отыр, – деді. Содан 10 жылға жуық қызметтес болған аудандағы жігіттермен қоштасып, Таразға келдім. Басқарма басшысы бір кішкентай бөлме берді. «Әзірше осында отырасыз. Қажетті құжаттарды дайындаңыз және де орталыққа арнайы ғимарат іздеңіз, онда ең кемі екі класс бөлмесі болсын, мұғалімдерге арналған бөлме де болғаны дұрыс. Қаланы білесіз, іздеңіз. Ол ғимарат орталықтан болғаны дұрыс!» деп тапсырма берді. Сондай-ақ, қаржы мәселесі әлі шешілмегенін, қашан шешілері де белгісіз екенін, әзірше айлық алмай жұмыс істейтінімді жеткізді. Құжаттарды дайындауға көмектесетін хатшыны жұмысқа алдым. Алайда ол да айлықсыз жұмыс істеуге тура келді. Қазақ тілі үшін біраз уақыт айлық алмай еңбек еттік. Қалай, неден бастауды білмей отырғанда басқарма басшысының орынбасары Жеңісбек келіп, тіл орталығы Алматы облысында бар екенін, солармен хабарласып көмек сұрауға болатынын айтып, ақыл қосты. Содан басқа облыстардың тіл орталықтарымен хабарласып, ақыл-кеңес алып, бір апта бойы мекеменің жарғысын екі тілде дайындап, оны әділет басқармасына өткіздік. Содан қаланы аралап, орталықтан ғимарат іздедік. Ғимарат табылса ақысы қымбат, ал ақысы қолжетімді нысан табылса бізге жарамайды. Содан Жамбыл даңғылы мен Ниетқалиев көшесінің қиылысында орналасқан «Дизайн сұлу» мекемесінің ғимаратына тоқтадық. Қожайыны – Қуаныш деген жігіт екен. Ол да Құдайға қараған мәрт адам болып шықты. Ғимараттың екінші қабатының үш бөлмесін беріп, қалғанын мамыр айының біріне дейін босатуға келісті. Ақысы да онша қымбат емес. Бірақ, Қуанышқа ақшаны әзір төлей алмайтынымызды, себебі қаржы жағы әлі шешілмегенін айтып түсіндірдім. Келесі күннен бастап көмекшім екеуміз жұмысқа кірістік. 3 оқу бөлмесіне әрқайсысы 20 адамдық орындық, үстел және компьютер алу үшін «Айша» фирмасының бастығы Л.Сушковаға барып жағдайымды айтып, қарызға көмектесуін сұрадым. Ол кісі маған сеніп 40 компьютер және басқа да жиһаздарды әкеліп берді. Компьютердің бәрін интернет желісіне қосып, бағдарламасын орнатты. Барлығы 12 миллион теңге болды. Ендігі мәселе оқытушыларды жұмысқа қабылдау еді. Қазақ тілінің маманы және орыс тілін өте жақсы білетін мамандар қабылдайтынымызды хабарлап, жарнама бердік. Маусым айының 1-нен бастап жұмысқа кірісетін болып шештік. Мемлекеттік тілді үйренем дейтін қызметкерлерді оқуға тарту үшін облыс әкімі орынбасарының атынан барлық облыстық басқармалар мен департаменттерге, прокуратура, салық, қаржы полициясы, тексеру комиссиясына хат жіберіп, оқитын адамдардың тізімін жіберуін өтіндік. Оқуға ынта білдірген азаматтарды жинап, оларды үш топқа бөлдік. Бірінші топқа қазақ тілін білмейтіндер, екіншісіне қазақ тілінен хабары барлар, ал үшіншісіне қазақша аздап білетін және сөйлей алатын азаматтарды топтастырдық. Республикалық бюджеттен қаржыландыратын мекемелердің тыңдаушылары ақы төлейтін болып келісті. Оқу ақысының бағасын монополияға қарсы басқармамен келісе келе айына 19 мың теңге деп шештік. Облыстық қаржы полициясы, ұлттық қауіпсіздік комитеті, облыстық қаржы тексеру басқармасы өздерінде оқитын болды, қалғандары орталыққа келіп аптасына үш рет оқуды құп көрді. Тыңдаушылармен әр деңгей үшін сабақ жоспарын дайындап, оқу кестесін белгіледік. Сонымен жұмыс басталды, бірақ қаржы мәселесі әлі шешілген жоқ. Облыс әкімдігі қаржыны республикалық қаржы министрлігінің рұқсатымен ғана бере алатынын айтып, «министрлікке өзіңіз барып шешіңіз» деп табыстады. Содан Астанаға жол тарттым. Үш күн бойы министрге кіре алмадым. Республикалық қаржы полициясында бөлім бастығы болып жұмыс істейтін Әбдірәлі Бөлебаев досыма барып, мұңымды шағып не істерімді білмей отырғанымды айтып едім, «шешеміз, көмектесеміз!» деді де, республикалық қаржы полициясы бастығының орынбасарына ертіп барып, жағдайымды айтып, қолұшын беруді сұрады. Ол кісі Қаржы министрінің орынбасарына телефон арқылы хабарласып, мені қабылдауын өтінді. Келесі күні Әбдірәлі екеуміз Қаржы министрінің орынбасарына кірдік. Мен ол кісіге облыс әкімінің атынан жазылған хатты ұсындым. – Мынауыңыз құптайтын іс екен, тілге қаржы бөлеміз, – деп мен ұсынған хатқа қол қойды да, көмекшісін шақырып бұйрық дайындап келуге жұмсады. Біраз әңгімелесіп отырдық. Көмекші дайындап әкелген бұйрыққа қол қойып, бір данасын мына кісіге беріңіз, бір данасын Жамбыл облысының әкімдігіне жіберіңіз деген тапсырма берді. Ол жақтан шыға сала қуанғанымнан Әбдірәліні құшақтап, ұшып кетердей сезімде болдым. Мен Астанадан келгенше қаржы да біздің есепке түсіпті. Келесі күні барлық қарыздарымыздан құтылып, оқытушылардың айлығын беріп, рахаттанып қалдық. Содан келесі жылы Меркі, Шу, Қордай, Т.Рысқұлов аудандары мен Қаратау, Жаңатас қалаларында орталықтың филиалдарын аштық. Қордай ауданында аудан орталығынан басқа дүнгендер тұратын Масаншы және Сортөбе ауылдарында да филиал ашып, ол жаққа арнайы оқытушыларды Тараз қаласынан жібердім және олар тұратын жатын үй, отын-сумен қамтамасыз етуін ауыл әкімдіктеріне тапсырдық. Сол жылы Жамбыл ауданының Жалпақтөбе ауылында, Жаңа Жамбыл фосфор зауытында және өндірістік темір жол мекемесінде де бөлімшелер аштық. 2008 жылы республикалық тіл комитеті ересектерді оқытуға орналған оқулықтарға байқау жариялаған еді. Орталықтың ғылыми әдіскері Гүлхан Аманова екеуміз орталық оқытушыларының көмегімен 3 деңгейге арналған оқулық әдістемелік құрал және сөздік дайындап байқауға жібердік. 2009 жылы біздің дайындаған «Тараз» атты кешенді оқулығымыз жеңімпаз болып танылып, тіл комитетінің тапсырысымен басылып шықты. Бүгінде сол оқулықты барлық облыстардың тіл орталықтары пайдалануда. 2009 жылы Қазақстанда тұратын дүнген азаматтары үшін «қазақша-дүнгенше, дүнгенше-қазақша» 15 мың сөзден тұратын сөздік дайындадық. Бұл сөздікті дайындау жұмыстары ТарМУ-дың және ТарМПИ-дің оқытушылары, дүнген тілінің мамандары және орталықтың мұғалімдерінің қатысуымен іске асты. Сөздік 2010 жылы тіл комитетінің тапсырысымен шығып, дүнген ұлты тұратын аймақтарға жіберілді. Мемлекеттік тілді оқыту орталығында жыл сайын наурыз мерекесі тойланып, қазақтың салт-дәстүрлерін көрсетіп, түрлі іс-шаралар өткізіп тұрдық. Орталықта ұлт бұрышын ұйымдастырып, онда қазақтың киім-кешектері, киіз үй, тұрмыстық заттарын қойдық. Тағы бір айта кететін жайт, біздің орталық республикада бірінші болып қазақ тілін әнмен үйрету әдістемесін Гүлхан Аманованың бастауымен іске асырды. Осы әдістемемізді Астанада республикадан жиналған түрлі тіл орталықтарының басшылары мен әдіскерлерінің және де тіл саласы ғалымдары мен тіл комитеті өкілдерінің алдында қорғап, жоғары баға алдық. Сол кезде ашылған тіл орталығындағы үлкен кітапхана да тыңдаушыларға әлі де қызмет көрсетіп отыр. Кейінірек Мемлекеттік тілді оқыту орталығы тілдерді оқыту орталығы болып өзгеріп, онда орысша, ағылшынша үйрету жұмыстары қолға алынып, жанданып келеді. Әлбетте, жоғары қарқынмен дамып келе жатқан еліміз үшін көп тілді меңгеру аса қажет дер едім. Осы бағыттағы орталықтың жұмысына сәттілік тілеймін. Міне, кезінде түрлі осындай қызық та қиын жұмыстармен ашылған тілдерді оқыту орталығына биыл 10 жыл толып отыр. Мемлекеттік тіліміздің өркендеуіне, пайдалану аясының кеңеюіне және ел азаматтарының орыс, ағылшын тілдерді меңгеруіне еселі еңбек етіп жатқан қызметкерлерді тілдерді оқыту орталығының 10 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтап, табыс тілеймін.

Мәскеу Ноқрабеков, еңбек ардагері, орталықтың алғашқы директоры.