«Ит-құс аулау еріккеннің ермегі емес»
«Ит-құс аулау еріккеннің ермегі емес»
«Бүкпесіз әңгіменің» бүгінгі қонағы кәсіпкер, облыс аңшы-қақпаншыларының топ жетекшісі Қырықбай Балмашов осылай дейді
Бәрін де ашық конкурс анықтайды
– Қыс кезінде құм қойнауларындағы қыстауларға қасқырдың жаудай тиетіні белгілі. Азықтарын өз аяқтарымен табатындай жер қара, күн жылы да емес. Мылтығы жоқ, мылтығы болса оны қолдануға рұқсаты жоқ малшылардың еруліге қарулы бола алмай, қиналып, қапыда қалып жатқандары да бар. Әрі түз тағысымен күресті арнайы көліксіз жүзеге асыру да қиын. Қалың құм мен ақ қар, көк мұзда кез-келген техника жүре алмайды, ал жаяу жүріп қасқыр аулау, тіпті, де мүмкін емес. Оның үстіне кейбір ауылдарда әуесқой аңшы тағы жоқ. Қасқыр, шиебөрі аулау өңірімізде қалай жүзеге асырылуда? – Өңіріміздегі зиянкес жыртқыштар, оның ішінде қасқыр, шиебөрілер саны, сөз жоқ, реттелінуге тиіс. Мысалы, биыл 5 миллион 48 мың теңге қаражат бөлінді бұл іске. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты әр ауданда біреуден 14 орман шаруашылығы мекемесі бар. Ақша соның барлығына теңдей бөлініп беріледі. Ал аңшы-қақпаншылар бір жылда 421 қасқыр, шиебөрі атып үлгеруі керек. Менің өзімнің бүгінде облыс бойынша 330 аңшым бар, әр ауылда екеуден. Оларға ат-шана, қолда асыраған тазы иттерімді, машиналарына бензин, мылтық, оқ-дәрі беріп, қақпан салып, құспен аулауды да ұйымдастырып көмектесемін. Ширек ғасыр бойы осы кәсіппен түпкілікті айналысып келемін. Оған құқық беретін тиісті құжаттарым да бар. Аңшылардан ұрғашы қасқырды етімен тұтас 25 мың теңгеден аламын. Ал атылған еркек қасқырлардың әрқайсысын 15 мың теңгеден қабылдаймын. – Мұныңыз белгіленген бағадан да қымбаттырақ қой... –Мен аңшыларды осы іске жанашырлықпен атсалысуы үшін ынталандырып, ақы-пұлын да белгіленген көлемінен асыра төлеймін... –Сонда сіз қандай пайда көресіз бұдан? – Енді... аңшылар арасында таралған «Бабахан» деген лақап атым бар... Аңшы-қақпаншыларым ортақ игілікке жәрдем-себін тигізіп, күнкөруі де керек қой! Әрі десе, қанымызда бар ата кәсібіміз ұмытылмауға тиіс. – Негізгі жұмысыңыз не, сонда? – Жұмысым осы. 2005 жылдан бастап жеке кәсіпкермін. – Биылғы тендерден не күтесіз? – Енді оның жайын өзіміз де білмей отырмыз. Мұнда қайта қарайтын мәселе жеткілікті. Әсіресе, тендерге (биыл оның орнына ашық конкурс өтпек деп естиміз) аңшылық куәлігі, мылтығы да жоқ кім көрінгеннің, әсіресе, облысымыздан тыс өңірлер өкілдерінің қатысып, бәйгеге атын қосуына жол берілмеуі тиіс, біздіңше. Әйтпесе, айрықша маңызы бар істің қадірін қашырып аламыз. Нәтижесінде алға қойылған жоспардың мүлде орындалмай қалуы да әбден мүмкін. Ашық конкурсқа түсетін тұлғаның, әлбетте, аңшылық куәлігі, астында әлеуетті автокөлігі қаруы бар-жоғы ескеріледі. Әсіресе, банктегі есеп шотында жеткілікті көлемде қаржысы болуы тиіс. Қарапайым аңшыда ондай ақша қайдан болсын! Бұған қарап, бұл іспен аңшылар емес, ақшалы, бақуатты азаматтар айналысуы керек екен деген байлам жасауға да тура келеді. Сонда бұл мәселеде басты тұлға кім: бай-бақуатты азамат па, жоқ әлде, кәнігі аңшы-қақпаншы ма? Әлбетте, оған біз де қатысып, бағымызды сынап көрмекпіз. Алда-жалда жоғарыда айтылған санаттағы жеке тұлғалар жеңімпаз деп танылып, биыл бөлінген ақша соларға бұйырса, осы кәсіптен нәпақаларын айырып отырған қарамағымдағы үш жүздей аңшының, олардың отбасыларының жағдайы қалай болады, білмеймін. – Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясындағылар қасқыр ату аңшылық маусымымен тұспа-тұс әр жылдың 1 қаңтарында басталып, 15 ақпанында, бар-жоғы 45 күнде бітуі тиіс дейді. Одан соң тамызға дейін балалауына байланысты рұқсат жоқ. Ал облыста зиянкестер санын реттеумен байланысты өткізілетін тендер жеңімпаздарды анықтағаннан кейін барып, аңшылар жұмыстарына 1 ақпаннан бастап кірісе алады. Он бес-ақ күнде не бітіресіздер? – Жалпы, біз де аң аулайтын болсақ, рұқсатты жоғарыда аталған инспекциядан аламыз. Аңшыларымның барлығының да аңшылық куәлігі, мылтығының рұқсаты бар. Алайда бұл мекемеге қашан барса да, оларға аң аулауға бір аптаға ғана рұқсат етіледі. Мен бұлар қасқыр мен шиебөріні жыл – он екі ай бойы аулап, атуы керек десем, инспекция қызметкерлері «Ондай заң жоқ. Рұқсат берілген күннің өзінде қасқыр мен шиебөріні тек орман қоры жерінен ғана аулайсыңдар. Беталды ата беруге болмайды» деседі. Мұның мәнісін мен де онша түсініңкіремеймін. Мен 1991 жылдан бері облыс бойынша қасқыр аулау ісін үзбей ұйымдастырумен келемін. Қағазбастылық қой бәрі де. Инспекциядағылар болса, анаған, мынаған бар деп жұмсайды. Рұқсатты бір аптаға ғана береді, кейде уәжімізбен келісіп, мерзімін он күнге ұзартқан болады. Ал он күнде аңшылар не бітіре алады? Былтыр мамыр айына дейін 410 қасқыр атып алуымыз керектігі жөнінде де талап қойылды. Ал шын мәнінде қасқыр аулау дегеніңіз алым-берім сауданың ісі емес, бірдемде нақты ақшаға қотара сатып ала қоятын азық-түлік өнімі немесе бензин емес, жыл – он екі ай бойы ақ тер, көк тер еңбектенуіңді қажет ететін іс қой! Керек десеңіз, көзсіз ерлікті, кәсіби шеберлікті, тәуекелді де қажет етеді. Бес жүздей тікұшақ жалдап, әуеден атуды ұйымдастырсаңыз да, бір айда соншама қасқыр аулай алмайсыз. – Биыл аңшылық маусымының мерзімі бұрнағысынан қысқарды ма, сонда? – Жоқ, биыл талай есікті тоздырып жүріп, облыс басшысы алдына да барып, бұл мәселені біржақты еттік. Ендігі жерде қасқыр мен шиебөріні жыл бойы атуға рұқсат алдық. Бұл іс те біз үшін жеңілге түспеді. Ал түз тағыларының аңысыз отырған малшылар ауылына жаудай тиіп, салған ылаңы бұдан да қиын болып тұр. Ит-құстан келер зардапты басқа емес, қарапайым халық тартып отыр. Қасқырлар өрістегі малды жәукемдеп, қораға да түсуде. Құтырынып, еркінсіген олар адамға шауып, майып қылса қайтеміз? Міне, сондықтан да аңшы-қақпаншыларымыз қарап қалмауға тиіс. Жыртқыштардан жылдың қай мезгілінде де қауіп күтіледі. Сондықтан да оны жыл бойы аулауға тиіспіз.
Екі миллион теңгеге тікұшақ жалдапты
– Қазір қай өңірде қасқыр қалың? – Бүгінде ит-құс Талас, Мойынқұм, Сарысу аудандары аумағында көп. Мына Үшарал ауылында Қарашеңгел деген жер бар. Қасқыр қалың шеңгел ішіне кіріп алады да, күні бойы шықпай жатып алады. Оған оншақты атпен, автокөліктермен барып шеңгел аумағын түгел сүзіп, тазы иттер көмегімен қақпайлай қуып шығу керек.
– Ол жақтағы аңшыларыңыздың қарамы мол ма? – Иә. Біз бұл істе ат-көлігі сайлы Аша, Монғол, Серік, Саят, Шәміл, жеке синеходтары бар Есей, Досай есімді кіл мықты, кәнігі аңшыларымыз көмегіне де сүйенеміз. Олар үш жылдай бұрын сағатына 200 мың, 10 сағатқа 2 миллион теңге төлеп тікұшақ жалдап, қасқыр аулады. Алғашқыда – 17, кейін 9 қасқыр алды. Ауылдан шыққан қаржылы азаматтардың осындай қадамға барып, халыққа қарайласуы әбден құптарлық іс. Бәрі де елдің, жұрттың қамы. Ит-құс аулау еріккеннің ермегі емес. – «Бүгінде мал қоғамның емес, жеке меншіктің иелігінде. Малшыларда автоматқа дейін бар. Сондықтан олар өздерін-өздері қорғауға қауқарлы» дейтіндер бар... – Жоқ, олай емес. Малшылар қанша жерден «мұздай» қаруланғанмен, жаудай тиген қасқырдан жеке меншіктің малын әр кезде де қорғай алмайды. Бұған олардың уақыттары да жоқ. Оның үстіне түз тағыларын аулау көзсіз ерлікті, кәсіби шеберлікті, еп-айланы, тәуекелді де қажет ететін іс. Бір жыртқыш зиянкестің көзін жою үшін із кесіп, жолын аңдып, талай уақытыңды жұмсауыңа тура келеді. Кез-келген шоқпары, қаруы барға, қаққанға, қуғанға алдыра берсе, қасқыр қасқыр бола ма? Оның атын да ауызға алмай, «ит-құс» деп қана атайтынымыздың астарында көп мағына бар. Қанша дегенмен, бақташы, малшыларымыздың «ежелгі жауы» ғой! Тоқсан тоғыз тоғайды аралайды. Бар-жоғы ит-құс қана ғой дегенімізбен, одан келер қауіп мол. Қақпаншы-аңшылардың айласы, әккілігі, ақыл-есі олардан анағұрлым жоғары болуы керек. Сонда ғана қақпаны майлы, атқаны бір жайлы болады. Бұл ретте қасекеңнің әдіс-айласын, ізін, әсіресе, сарығын (зәр, қиын тастаған жері) байыппен зерттеп, білу жөн. Кез-келген адамға алдырмайды. «Сарығына» жеті-он күнде бір оралып соғып тұрады. Бір жүрген жолымен екінші қайтара жүрмейтіні де бар. Бағытын, қауіп төнсе, тұрағын да жиі өзгертіп тұрады. Қоян секілді қалың жым салмайды. Жеке дара жортады. Көктем айында туыты басталып, бірден 11-ге дейін күшіктейді. Бір ғажабы, ылғи да тақ сан бойынша, ең аз дегенде, жеті күшік туады. Ақыртөбеде мың қаралы жылқысы бар Сәлімбай деген кәсіпкер азамат бірде бізге қасқырлардың көзін құртуға қолқа салды. Сөйтсек, оның жабағы, тайын ит-құс қырып бітіруге айналған. «Жігіттеріңе ақысына бір-бір жабағыдан берейін» деді. Алматы мен Тараз қалаларынан біраз аңшы-қақпаншылар жиналып барып, Ақыртөбе құмы басында он күн жаттық. Жаурап тоңсақ, автокөлік ішіне отырып жылынамыз. Қасқыр деген күні бойы інінен шықпай, тек күн батқанда ғана өреді. Діттеген тұсты дүрбімен қас қақпай бағып, қасқыр жолына мал өлексесін тастап, жіппен шыжымдап тартып, атар тұсқа жақындатып, айла-шарғы жасаймыз. Осылай төзімділік танытып, тәуекелге барып жиырма күн ішінде 9 қасқырдың көзін жойдық. Мал иесі риза болып, аңшыларды үйінде күтіп, сый-сияпат жасап, шығарып салды. – Жалпы, «отауыздан» қорғасын оқ шығарып, қақпан құрып, құс салып болсын аң-құс аулау үшін де адамның дінінің қаттылығы, қолы қалтырамайтындай жүректілігі бірінші кезекте тұратын болса керек-ті. Қолыңыздағы мына фотосуреттерге қарағанда, аулаңыз құдды бір «қасқыр сою» пунктіне айналған секілді. Ана жер, мына жерде де теңкиген қасқыр, шиебөрі өлекселері. Екінің бірінің қолы бармас, жүрегі дауаламас іс қой, өзі. Әрі кей бөрінің киесі бар деседі жұрт. Осындайда «қасқыр киесіне» жолығып қалмаймын ба деп қорықпайсыз ба? – Ата кәсібім ғой. Етіміз үйреніп кеткен мұндайға. Аңшылар атып алған қасқыр, шиебөрілерін тікелей үйіме әкеліп өткізеді. Кейі сойып әкеледі. Көбінің терісін үйімнің ауласында барлық эпидемиологиялық-тазалық шарттарын сақтай отырып, өзім іреймін. Қыстай 300-400 қасқыр сойып шығамын. – Оны не істейсіздер? Әсіресе, етін... – Арнайы биотермиялық пештерде өртейміз. Комиссия мүшелерінің көзінше. Жыртқыш зиянкестер санын реттеу комиссиясының құрамында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, экология департаменті, обаға қарсы күрес стансасы зертханасы мен ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мекемелерінің өкілдері бар. – Бір-ақ жерде ме ондай орын? – Жоқ, әр ауданда, ауылда бар. Терең зындан жиырма метрдей тереңдікте қазылған. – Жыртқыш аң өлекселерін өртемей, хайуанаттар бағына өткізсе ше... – Өртемей болмайды. Тез сасып, иістенеді, іриді. Бізге жақын-жуық зоопарк те жоқ қой. Бұл жағын басшылар ойлассын. Біздің қолымыздағы шаруа емес. Түз тағыларының терісі алынып, өлексесі тұтастай зынданға тасталады. – Соншама еңбекпен келген, әупіріммен ауланған қасқыр етінің еш кәдеге жаратылмауы қалай? Кейбір әйелдердің қасқырдың жүрегіне жерік болатыны бар. Басқа да бірқатар мүшелерінің емдік қасиеттері бар деседі. – Ондай жағдайлар ішінара болса да кездеседі. Әйелдердің «жерік асы» үшін қасқырдың жүрегін іздестіруі жайын айтам. Әсіресе, өті, асығы пайдалы. – Кәдеге асырасыздар ма оларды, енді? – Қытайлар тарапынан қасқырдың өтіне сұраныс мол. Оны суға салып қайнатып, тұнбасына жаңа туған нәрестені үш мәрте шомылдырып алса, өмір бойы тұмауға шалдықпайды екен. Ал төрт азу тісін «амулет» ретінде мойнына тағып жүретін адамның өмірде жолы болғыш келеді деседі. Дүнгендер мен ұйғырлардың қасқыр тісін майлап, қара жіпке тізіп мойындарына тағып алатынын өзім де талай көрдім. – Ал сіздер мұндай бұйымдарды жасап жүрсіздер ме? – Аздап болса да, жасаймыз. Онда да тапсырыс түскен жағдайда ғана. Дүкен сөрелеріне қойып, жаппай сатып жатқан жоқпыз. – Ал жүрегіне тапсырыс берушілер бар ма? – Жүрек майын шыжғырып ішіп емге қолданатындар бар. Мұндай іспен Алматыда арнайы айналысатын кәсіпкерлер бар деп естиміз. – Тағы қандай мүшелері пайдалы? – Ұмасы. Оны ауызекі тілде «ашапа» деп те атайды екен. Неге олай аталатынын білмедім. Сондай-ақ, ұрғашы қасқырдың жыныс мүшесін жатырымен қоса тұтас сатып алатындар кездеседі. Көп болмаса да.
Терілер текке өртеліп жатыр
– Қалай десек те, етін былай қойғанда, қасқырдың терісінің өзінің еш кәдеге жаратылмауы ойланарлық жай. Мына іргедегі қытайлықтардың емдік қасиеті бар өсімдіктерді тамырымен қопарып алып, дала мен тауды тулақ сүйреткендей, тып-типыл етіп жатқаны жайдан-жай емес. Одан небір қымбат бағалы дәрілік препараттар жасап шығарып, әлемдік нарықты аузы-мұрнынан толтыруда. Шикізаттың денін бізден алады. Сондай-ақ, оларға тиын-тебенге өткізген терілеріміз өзімізге мың долларлық қымбат киім болып қайта оралуда. Бір жерден оқығаным бар, сол қытайларыңыз біздің асыл тұқымды қазанаттарымызды арзанға алып, қыр асырып әкетіп жатыр. Бәйгеге қосу, еті үшін де емес, жылан уына қарсы қолданылар дәрі жасап шығару үшін. Жылқы малы жылан қанша жерден шаққанмен, өлмейді, сәмсіреп барып қайта аяғына тұрып кетеді екен. Олардың бойынан жылан уына қарсы бөлінер адреналин сұйықтығы қымбат дәрі түрінде Қытай медицинасының тасын өрге домалатуда. Біздің қолымыздан мұндай тәуекелшілдіктің келмей отырғаны өкінішті. Аң терілерін сахнадан, кейбір үйлердің төрінен ғана көретін болдық. Тіпті олар түкке аспай, өртелуде... – Шын мәнінде де ата-баба салтында бар қасқыр ішік, түлкі ішік, түлкі тымақ кию үрдісі бүгінде ұмытылуға айналып барады. Бағзы кездері бұлғын ішік, сусар бөрікті қолы жеткендер ғана киді. Қасқыр ішік кию, иініне қасқыр терісін ілу абырой, мәртебе де еді. Қасқыр ішікті «қазақстандық брендке» айналдырудың мезгілі пісіп-жетілген секілді. Алайда осыны ойлап, өңдеу-ұқсату цехын ашып жатқан кәсіпкер азаматтар жоқтың қасында. Рас, қазір мұндай аң терісінен көбінесе «унти» деп аталатын аяқ киім тігіледі. Оның шикізатын бірқатар етікшілер, оншақты жылдай болды, менен алып кетіп жүр. Сондай-ақ, қасқыр терісінен тігілген «ұйқы қапшығы» альпинистер мен тауда демалушылар үшін таптырмайтын мүлікке айналып, «қара базарларда» қаны жерге тамбай тұр деп естиміз. Оның бір ерекшелігі «ұйқы қапшығына» оранып, сыдырмағын салып қойсаң, одан-бұдан жел уілдемейді, бойың жылып, таулы жердің өзінде аз уақытқа рахаттана мызғып алуыңа әбден болады екен. Осындай дүниеге тапсырыс түсіп, мына Шымкент қаласынан келіп, біраз тері алып кеткен азаматтар бар. Ал алматылықтар қасқыр терісінен плед-жамылғы әзірлейді екен. Бұл оңтүстік астанамызда сәнге де айналған секілді. Оны кәнігі шеберлер кәдуілгі диваныңызды алты бірдей қасқырдың терісімен көмкеріп, қаптап, қолма-қол жасап та береді. Мұндай диван-төсекте ұйықтаған адам үшін ызғарлы суығың да түк емес, денесі қыз-қыз қайнап жатады екен. Қолымда тұрса да, мұндайды жасатып көрмеппін. – Теріні өткізесіздер ме, жоқ, әлде өздеріңізде қала ма? – Жоқ, түз-түгел жоямыз. Бұл дұрыс емес қой. Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының бұрынғы басшысы (қазір зейнетте) Сағат Барлыбаев 50-60 теріні алдына айғақ үшін апарғанымызда, олардың тек бас терісін ғана кесіп алып, бәрін түгел өзімізге кері қайтарып беретін. Аңшының ақ тер, көк тер еңбегінің жемісі, тон ете ме, басқа қажеттілікке жарата ма, ол өз еркінде қалдырылады. Қазіргі басшылардың дені – жастар, әләзір ештеңенің парқын жіті түсініп жатқаны жоқ, теріні түгел пешке тастатқызып, өртетеді. 400 қасқыр терісі дегеніңіз аз дүние емес, табан ақы, маңдай терімен келген қыруар қазынаның көз алдарында өртелуіне аңшы-қақпаншылардың іштері удай ашымайды деп те айта алмаймын. Сонда олардың бұл істен тапқан пайдасы қайсы? «Еңбегің еш, тұзың сор» деген осы-ау. Тиісті мекемелер басшылары мұндай жағдайға жол берілмеуі керектігі жөнінде қанша уәж айтсақ та, еш көнбейді. Бұл мәселені жергілікті жерде құрылған жыртқыш зиянкестер санын реттеу комиссиясының өзі оң шеше алады емес пе?! Айтпақшы ұмытып барады екенмін, әлгінде сіз айтқандай, қытайлықтар басқасын былай қойып, есектің терісінің өзін бізден 40 мың теңгеден сатып алып жатыр. Оны не істейді десек, есек терісі жыртылмайтын қатты келеді екен ғой. Олар одан киім тігіп, дәрі жасайтын көрінеді. Ал біз дайын теріні текке өртеп жатырмыз... – Бөлтірік асырап көрдіңіз бе? – Иә. Қасқыр мамыр айының аяғында күшіктейді, талай ұрғашы бөлтірігін алып асырадым. Талас ауданындағы С. Шәкіров ауылында тұрғанымда да бір ұрғашы қасқырды үш жыл асырадым. Күйлеген кезінде қораға қамап, алапайға ұйықтырып, жалғыз күшігін алдым. Өмірі үрмейді, құйрығын бұтының арасына қыстырған күйі, қас пен көзіңді бағып, қимылдамай жатады да қояды. Ит секілді емес. Сол тырп етпей жатқан күйі өрістен қайтқан малды шынжыры жетер жерге жеткенде ғана тарпа бас салатыны да бар. Бір жұмыспен Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласына барып келетін болып, дәу шынжырмен байланған сол кезде үш жасар арлан қасқырды ағама тапсырып кеттім. Босанып кетіп қорадағы қойды, сиырды жәукемдеп тастамасын деп. Екі күннен кейін қайтып келсем, қаупім бекерге шықпапты, әлгі неме шынжырын үзіп кетіп, екі қойды жайғап үлгеріп, енді қалай алсам екен деп сиырымызды «айналдырып» жүр. Автокөлігіммен қалаға алып барып, бір азаматқа сыйлауға мәжбүр болдым оны. Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтің «Көксерек» атты шығармасында да адам мен табиғат арасындағы осындай байланыс шынайылықпен көрсетілген ғой. Қасқырды қанша бақсаң да, орманға қарап ұлуын қоймайды екен. Менің соған көзім жетті.
Ұлттық аңшылық өнері ұлықталса игі
– Аңшылықпен қай жастан бастап айналыстыңыз? Жалпы, бұл сіздің қазіргі тілмен айтқанда «хоббиіңіз» (ермек іс) ғой. Негізгі мамандығыңыз не? – 1974 жылы Жамбыл мелиоративтік құрылыс институтын бітіргенмін. Кезінде туған ауылым Жданов атындағы кеңшарда трактор-егіс бригадасының жетекшісі, машина-трактор шеберханасының, ауыл шаруашылығы машиналары ауласының меңгерушісі қызметтерін атқардым. Бірер жыл комсомол комитетінің хатшысы, құдықшы-механик, инженер де болдым. Қазір Тараз қаласында тұрамын. Мұнда 1980 жылы көшіп келдім. Жасымнан аңшылықпен әуестеніп өскенмін. Өйткені, әкем Балмаш Сарқұлжаев ширек ғасыр бойы қақпан, тор құрып, құс салған кісі, кәнігі аңшы еді. Өмірден көргені де, ілгені де мол ғой, «Қаршыға салғанның қарны тоқ болады, ителгі салғанның етегі боқ болады» деп отыратын. Ителгі лас, ал қаршыға саңырығын өзінен екі метрдей алысқа лақтырып тастайтын өте таза, дегдар құс екен, сөйтсек. Өзіміз де қаршығаны қоян, қырғауыл, қаз, үйрекке салып, талай қызығына батқанбыз. Қаршыға жеке ұшқан қаздың бірін құлатып, қанатының астына кіріп алып бүріп жатады. Қаз қайта ұшып кете алмай, қос қанатын далбақтатып, екі топшысымен жерді ұра береді де, топшысы сынып, қанаты қайырылады да қалады. Ал қаршыға бір уыс қана болып қазды қанаты астынан бүріп, тырп еткізбейді екен. Басқа жерінен ұстаса, қаз оны кеудесімен бір соғып, көтеріліп ұшып кете берер еді. Оны тапжылтпаудың басқалай амалы да жоқ қой. Міне, осындай ғажайыптардың талай куәсі де болғанмын. «Тфу» десең, түкірігің жерге түспейтін, қатты аязды күндері талай қансонарға да әкеммен бірге шықтым. Ешбір оқ шығын етпей, қақпан, құс салмай-ақ, астындағы жарау атымен қуалап қасқыр да алды. Қуалағанда, түз жыртқышын (оның өзінде арланын) 100-150 метр жетпей жанамалай, қапталдасып, 20-25 шақырымдай жерге қуады да отырады. Түз тағысы «қуғыншыдан» көз жазбауға тырысып, оған мойнын бұрып қарап қашады. Соншама жер осы күйінен жазбай, қаша беру де оңай емес, терлейді, сосын тері мұз болып қатады, әрісі мойыны қарысып қалады. Сол кезде әкем қасқырдың екінші жағына шығып, құрықпен ұрып алатын еді. Қазір ондай аңшы жоқ, болса да некен-саяқ. Қаршыға да, ителгі де қоян, құр, шілге түсіп, басып қалады. Жемсауын толтырып, тояттағаннан кейін сексеуілдің, тау-тастың басына қонып, басын қанаты астына алып мүлгіп отырады. Әкемнің өзі мектепке келіп, кешкілік мені ителгі аулауға алып кететіні бар-ды. Менің қолымнан келетіні бар-жоғы қолшаммен жарық түсіріп тұру ғана, сонда. Әкем діттеген жеріне жетіп, ұйқыға кеткен құстың мойнына шалма-тұзақ тастап ұстайды. Қаршығаны бұлай ұстау қиын. Өйткені, ол шақпақтай нәрсенің өзін көзтаса ете қоймайтын көргіш құс. Әкемнің 30 жылдай қаршыға салумен аты шыққан. Ол кісі құсын екі-үш ай түлетіп, қайырып, желтоқсаннан бастап қоянға, қырғауылға, қаз-үйрекке салатын еді. Ол кезде мына Талас өзенінің бойы бықыған аң-құс. Бұта-бытқыл, қамыс-қопаны атпен сүзіп, қаз- үйректі үркітіп ұшырамын. Сол кезде әкемнің қолбала құсы оларды шетінен жамсатып, топ-тобымен баудай түсіруші еді. Қартабай, Сарбек, Орынбасар аталардың аңшылығы ерен-тұғын. Отыз екінші жылы ашаршылық тұсында Тойманбет деген кісі мына терең құмдағы Көкөзек, Жарқұдық, Жетімес аталатын шабырлар ішінен қоян аулап, отбасын ғана емес, көрші-қолаң, ауыл-аймағын асыраған екен. Сонда ол кісі қоянды қалай аулайды дейсіз ғой. Алдын-ала сексеуілдің қолтоқпақтай жігерін тау-төбе етіп үйіп дайындап алып, өзі қалың жыныстың бір шетінде бас бағып отырады екен. Екі әйелі қақпайлап қуып, үркітіп алдына жақындатқан қояныңды сол кеспелтек сексеуілмен-ақ біртіндеп ұрып ала беретін көрінеді. Көз мерген, қол мерген дегеніңіз, әне, сол. Аңшылық шеберлікті қойсаңызшы бұл! Тойманбет баласы Амантай көкеміздің ұрпағы да шетінен аңшы бүгінде. Жасы сексеннің үстіне шыққан Алтау Тілепов ағамыз әлі күнге қақпан салады. Қасқыр қақпандарын түйеге теңдеп алып, Мәнеке, Тәтті шұраттарынан қасқыр аулайды. Ауылдың бақуатты азаматтары малына ит-құс тисе, көбінесе осы көкемнің көмегіне сүйенеді. Құм шетіндегі елді мекен тұрғындарының малын да қасқырдан қорғайды. Ұлтымыздың аңшылық дәстүр-өнерін дүрілдеткендердің соңғы тұяқтары ғой бұл кісілер. Осы кәсіптің қыр-сырына қанық. Әттең, тек шәкірт үйренушілері, өзіндік мектебі жоқ. Осынау ұлттық аңшылық дәстүрлерін жер-жерде қайта жаңғырту керек-ақ, меніңше. Мына Жамбыл ауданының Ерназар ауылында Бауыржан ағаның, Мойынқұмда Жапар Сатылғановтың балаларды бүркітшілікке баулитын мектептері жұмыс істейді. Құсбегілік кәсіппен айналысушылар Жуалыда да бар деп естимін. Бәрібір тым аз. Ұлттық аңшылық өнерді дамытуға байланысты былтыр Айша бибі ауылында республикалық деңгейде «қансонар» мерекесі өткізілді. Биыл мұндай шара Меркіде ұйымдастырылды. Мұны тек құптауға тиіспіз. Негізінде Әулиеата ежелден-ақ құсбегілер, көкпаршылар, аңшы-қақпаншылар елі ғой! Сол абыройымыз биігін аласартпауға тиіспіз. – Қанымызда, дәстүрімізде бар аңшылық кәсіпті жаңғыртып, дамытуымыз керек деп қалдыңыз... Осы ретте өңірдегі зиянкес жыртқыштар санын реттеу барысында биыл аулануы тиіс 421 қасқырдың тым құрығанда 20-30 пайызын қансонар, салбуырын мерекелерін өткізу арқылы ешбір оқ шығармай құсбегілер, тазы иттер көмегімен, қақпан салу түрінде жабылып жүріп аулауды ұйымдастырса, қалай болады? Бір жағынан – мереке, қызық-тамаша, екінші жағынан – жоспар да орындалады. Бұл үшін аңшы-қақпаншылар алдын ала қасқырлар тұрағын анықтап біліп, «халықтық аң аулау» сол аумақта өтуін ұйымдастырса. Сонда қазіргі мерекелердегідей қыран құс сүйретпе жемтікке, тұлыпқа емес, тірі арлан қасқырдың өзіне түсіп, тұяғын қандар еді. Әрі құсбегілік кәсіп дамиды. Әрбір ауылда аңшылық кәсіпке құмартушылар қатары көбейіп, қарапайым тұрғындар да өздерін өздері зиянкес жыртқыштардан қорғайтын деңгейге жетер еді. Мылтықтың көмегімен емес, қарапайым ұлттық кәсібімізді қолға алудың арқасында. – Иә, рас, түз тағыларын кезінде ата-бабаларымыз қақпан құрып, қолмен-ақ ұстады. Тазымен де, құспен де аулады. Осы кәсіпті бүгінгі күні де жемісті жалғастырып отырған азаматтар бар. Жамбыл ауданында Баймағамбет деген қария қазір де үш асыл тұқымды итінің көмегімен жылына 70-тей шиебөрі аулайды. Асаның бойынан күнде екі-үшеуін олжалайды. Әрбіреуін 4800 теңгеден қабылдаймыз. Сонда ол кісі 200-250 мың теңге көлемінде пайда табады. Байзақ ауданындағы Буденовка ауылының тұрғыны Сегізбай қария да бір маусымда осы шамада қасқыр, шиебөрі алушы еді. Қазір бұл кәсіппен інісі айналысады. Салған қақпаны құр қайтқан күні жоқ мұндай аңшыларымыздың. Алайда тиісті мекемелердің түз тағылары басына тіккен қаржысы тым аз. Алда-жалда бір қасқырға 40 -50 мың, шиебөріге 15-20 мың теңгеден төленер болса, ауылды жерлердің өзінен әуесқой аңшылар көптеп шығар еді. Бүгінде қасқыр басына Ақтау мен Атырауда 80 мың, Қарағандыда 60 мың, Қызылорда мен Шығыс Қазақстан облыстарында 50 мың теңге төленіп отыр емес пе? Мықты аңшылардың басым дені ауылдарда тұрады. Алайда олардың мылтыққа қол жеткізуі қиын. Бұл үшін олардың наркологиялық, психоневрологиялық диспансерлерден «дені сау» деген құжат алуы, рентгеннен тексерілуден өтуі, қан тапсыруы, басқа да көптеген талаптарды орындауы тиіс. Осының бәрін бір ыңғайға келтіргеннен кейін, мылтыққа сейф алу, оған дабылқаққыш қондырғы орнату деген мәселелер алдыңыздан шығады. Оның ең арзаны 26 мың теңге тұрады. «Динамо» қоғамында тест-минимум тапсыруыңыз керек. Ол да ақша. Мұның барлығына бір адамның өзінің 400 мың теңгедей қаражаты кетеді. Мұны олардың көбінесе қалталары да көтере бермейді. Осындай-осындайдан тәжірибелі, кәнігі аңшыларымыздың өзі өздеріне етене таныс кәсіптерінен көрінеу сырттап қалуда. Бүгінгі күні ойласып шешер бір мәселе осы болып тұр. Біздегі жағдай осындай екен деп қол қусырып, текке қарап отырған жоқпыз. Облыстың аудан, ауылдарындағы ат-көлігі сайлы, бай тәжірибеге ие аңшы-қақпаншыларды іріктеп алып тобымызға қостық. Бізде адам күші де, техника да бәрі де жеткілікті. Былтырғы жылы алдымызға қойылған міндет үдесінен шыға алдық. Бұл істен биыл да шет қалмаспыз. Адамды, малды ит-құстан қорғау бәрінен де маңызды, өйткені.
Әңгімелескен Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».