Саясат

Дұрыс деген баға берілді

Дұрыс деген баға берілді

Ауыл әкімдерінің есеп беру жиыны билік пен бұқараның арасын етене жақындастыра түсетін, алға айқын мақсаттар қойылып, нақты бағдарлар белгіленетін аса маңызды шаралардың бірі. Мұндай жиын алыс түкпірдегі А. Назарбеков ауылында да болып өтті. Тұрғындар алдында Қызылтал ауылдық округінің әкімі Бағдат Наурызбаев өткен жылдың қорытындысы бойынша өзіне жүктелген қызметтік міндеттерінің орындалуы және үстіміздегі жылы атқарылатын жұмыстары жөнінде есеп берді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Есеев қатысты. Бүгінгі таңда аталған округте «Әрлен», «Мұхит», «Бағлан», «Нұрби», «Арнұр», «Айнұр», «Мыңжасар» шаруа қожалықтары ірі қара мен уақ мал басын көбейтуде. Олар мал мен егін шаруашылығының қатар дамытылуын назарда ұстауда. Әсіресе, интенсивті бақ өсіру мойынқұмдық кәсіпкерлерді де айрықша қызықтырып отыр. Өткен жылы «Қараменде», «Бағлан» шаруа қожалықтары иеліктеріндегі бір гектардай алқапқа бірі – 680, екіншісі 512 түп алма ағашы көшетін отырғызған болатын. Бұл игілікті істің биыл да жалғасын табатын түрі бар. Оның үстіне былтыр өңір басшысы ауданға іссапары барысында осы ауылда да болып, мұнда өсірілетін алманың жақсы өнім беретінін атап өткен болатын. Бұл шаруалар арасында серпіліс туындатып отыр. «Біз қазір де осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз», – деді әкім өзінің есебінде. Округте «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында да ауқымды жұмыстар жүзеге асырылу үстінде. Бұл тұрғыда бір ғана «Бағлан» шаруа қожалығының өзі (жетекшісі Батырбай Қораласов) «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалынан 2,5 миллион теңге сомасында несие алып, оған 10 мүйізді ірі қара, 4 жылқы малын сатып алып, оларды өз төлі есебінен көбейтуді көздеп отыр. Сондай-ақ, былтыр Көкжелек ауылының тумасы, бүгінде Тараз қаласында тұратын кәсіпкер Елмира Дәуренбекованың ауылдастары игілігін ойлап, үлкен тойхана салып беруі – тұрғындарды ерекше қуанышқа бөледі. Есеп беру жиынында округте атқарылған осындай игілікті істерді айта келе Б.Наурызбаев алдағы уақытта да өзіне жүктелген сенім үдесінен шыға беретінін жеткізді. Баяндаманы талқылау барысында жарыссөзге шыққан ауыл ақсақалдары Әлібек Әлімбаев пен Нұрман Әбішев ауыл маңындағы «Байбарақ» тоғанына тосқауыл орнату керектігі жөніндегі ұсыныстарымен бөлісті. Жиынды қорытқан аудан әкімінің орынбасары Б.Есеев ауылдық округ әкіміне тұрғындарды жеке мәселелеріне байланысты жиі қабылдаулар ұйымдастырып, алдағы уақытта олардың ұсыныс-пікірлерін ескеретінін, ауызбіршілікпен жұмыс жасауы қажеттігін атап өтті. Тұрғындар тарапынан округ әкімінің есебі қанағаттанарлық деп бағаланды.

Уалихан ЖАЙЛАУ,

"Ақ жол".

Мойынқұм ауданы.