Жамбылда не жаңалық?

Жетістік те, кемшілік те назарда

Жетістік те, кемшілік те назарда

Жаңа бағдарлама жаңа міндеттер жүктейтіні айқын. Былтырдан бастап жүзеге асырыла бастаған 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасының да сала ісін дамытудағы талаптары қатаң. Соған сәйкес мемлекеттік бағдарлама шеңберінде миокардтың жіті инфаркті, жіті инсультті, онкологиялық ауруларды азайту, босандыру және балалар қызметін және жарақаттану жағдайында медициналық көмекті ықпалдастыра басқару моделінің 2016-2019 жылдарға арналған Жол картасы бекітілген болатын. Осы Жол картасы бойынша жыл ішінде қандай шаралар атқарылды? Бұл бағытта көздеген көрсеткіштерге қол жеткізе алды ма? Сала мамандары бас қосқан кеңейтілген алқа мәжілісінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев осы мәселелерді қозғады. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтың төрағалығымен өткен жиында жыл ішінде атқарылған жұмыстар жан-жақты сараланды. Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, былтыр жергілікті бюджеттен 14,5 миллиард теңге, республикалық қазынадан 24,4 миллиард теңге қаржы бөлініп, жылдық бюджет 38,9 миллиард теңгені құраған. Медициналық ұйымдарға жергілікті бюджет есебінен 831,0 миллион теңгеден астам қаржыға 76 қажетті медициналық техника сатып алынды. Оның 445,3 миллион теңгесі кардиологиялық қызмет үшін, 165,7 миллион теңгесі ана мен бала денсаулығын қорғайтын медициналық құрал-жабдықтар алуға жұмсалыпты. Соның арқасында медициналық ұйымдардың жабдықталуы 73,63 пайызды құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 7 пайызға артқан. Заманауи жабдықтардың саны көбейіп, жүрек-қан тамырлары ауруларынан зардап шеккендерге көрсетілер көмек қолжетімді болғанның әсері шығар, аурушаңдық 9 пайызға төмендеген. Жалпы, өлім-жітім көрсеткіші тұрақтанған. Алайда, ана мен баланың денсаулық жағдайы әлі де алаңдатарлықтай. Денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстардың нәтижесі көп жағдайда аурушаңдық және өлім-жітім көрсеткіштерінің төмендеуімен өлшенетіні белгілі. 2016 жылы облыс бойынша 3 ана өлімі тіркеліп (Тараз қаласы, Меркі және Талас аудандарында), көрсеткіш 11,5-ке бір-ақ көтерілген. 2015 жылы мұндай 1 оқиға орын алып, көрсеткіші 3,8 болған екен. Ана мен бала өлімін төмендету мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы Литва Республикасының мамандарын шақыртып, 25 акушер-гинеколог, 10 неонатолог, 10 мейірбикенің біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасуына жағдай жасаған. Сондай-ақ, жаңа перинаталдық орталық базасында аудандық орталық ауруханалардың 17 дәрігері ота жасау техникасын үйреніп, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында 40 акушер-гинеколог оқытылыпты. Мамандар адам өміріне қауіптілігі жоғары жұқпалы аурулардың ішінде конго-қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтарының аумағы кеңейіп келе жатқанын айтып, дабыл қағуда. Бұрын Сарысу, Талас, Мойынқұм аудандарында ғана кездессе, соңғы екі-үш жылда Жамбыл, Байзақ аудандарында, Тараз қаласында да жұқпалы індеттің ошақтары тіркелді. Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Гүлфайра Мырзабекова былтыр зертханалық тексерудің нәтижесінде 7 жағдай тіркеліп, біреуі қайғылы жағдаймен аяқталғанын айтады. «Дерттің таралуы көп жағдайда ауру тасымалдаушы кенелердің шағуынан болып отыр», – дейді маман. Алқа мәжілісіндегі алға тартылған мәселелер көп болды. Мамандарды толғандыратыны – сот шешімімен қызметін тоқтатқан елді мекендердегі емдеу мекемелерінің жайы, соңы өлімге соқтыратын әлеуметтік мәні жоғары сырқаттар. Дегенмен, дәрігерлердің қателігіне жүрдім-бардым қарайтын басшылар да жоқ емес. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов Шу ауданында қан айналымы жүйесі ауруларымен аурушаңдық 2015 жылмен салыстырғанда едәуір төмендегеніне күмән келтірді. «Бір жылда аурушаңдық сонша есе төмендеп кеткені күмән туғызады. Алдыңғы жылы есепке алынған науқастар сырқатынан жазылып кетті ме, қалай?» – деді Ерқанат Нұрбапаұлы. Шу аудандық ауруханасының бас дәрігері бұл жағдай диагностиканың жақсаруына байланысты деп түсіндірді.

Ардақ ҮСЕЙІНОВА,

"Ақ жол".