ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ЖЕМІСІН КӨРЕТІН КЕЗ ЖЕТТІ
ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ЖЕМІСІН КӨРЕТІН КЕЗ ЖЕТТІ
Агроөнеркәсіп саласына тартыл-ған инвестиция көлемі жыл өткен сайын артып, көптеген жобалар жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Қайткенде ауыл шаруашылығының тіршілігін түзеп, ісін ілгерілетеміз деген оймен қолға алынып жатқан сол жұмыстар өз жемісін беруде ме? Жемісін берген жағдайда, оның игілігін облыс тұрғындары көріп отыр ма? Бұл мәселе облыс әкімдігінің аппараттық кеңесі отырысында қаралды. 2016 жылы ауыл шаруашылығы саласының инвестициялық жобаларының жүзеге асырылуы туралы облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов баяндама жасады. Жалпы, өткен жылы облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 26 миллиард 84 миллион теңге инвестиция тартылған екен. Аталған қаржы толық игеріліп, оған Жуалы ауданындағы «Гамбург» ЖШС 1253 гектар егіс алқабына жаңбырлатып суару кешенін және жемшөп өндірісін, Қордай ауданындағы «Гринвил» ЖШС 2 гектар жерге өндірістік жылыжай кешенін, Жамбыл ауданындағы «Бірлік» ШҚ 100 басқа арналған тауарлы сүт ферма құрылысын жүргізуге қол жеткізген. Мұнан өзге де іске асқан жобалар бар. Ал Байзақ, Меркі, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас, Шу аудандарында бірде-бір инвестициялық жоба жүзеге аспаған. Өткен жылдың қорытындысын мұқият тыңдап шыққан облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев сала бойынша жалпы көрсеткіштің жоғары екенін атап өтіп, оған қол жеткізуде аянбай еңбек еткен азаматтарға алғысын білдірді. Сондай-ақ, басқарма басшысына бірқатар мәселелер бойынша сұрақ қойды. Соның бірі – алдағы уақытта қолға алынатын нақты жұмыс жоспары турасында болды. Нұржан Молдиярұлы биыл кооперативтер құру, сол арқылы кластерлік жүйені дамыту көзделіп отырғанын жеткізді. Әсіресе, мал шаруашылығы бағытында ет және сүт өнімдерін өңдеу кәсіпорындарының жұмысын жандандыру қажет ететіндігін айтты. Осы орайда Кәрім Нәсбекұлы шешімін күткен көптеген проблемаларға назар аударды. Облыс аумағынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойында тауарлы сүт фермаларын құру жоспарына сай бүгінде 13 ферма іске кіріскен. Алайда, зауыттардың жұмысы көңіл көншітпейтінін жеткізді облыс басшысы. Мысалы, Қордай ауданындағы «Үміт-Қордай» зауыты ашылғанымен, жұмысы тоқтап тұрса, Меркі ауданындағы сүт зауыты тек 30 пайыздық жүктемемен жұмыс істеуде. Дәл сол сияқты өзге де зауыттар толық қуатында іске кіріспеген. Мұнан өзге де назар аударатын мәселелер бар екен. Айтайық, Қордай ауданына қарасты Қақпатастан жиналған сүт Алматы облысына, Жуалы ауданында тіркелген «Гамбург» ЖШС өндірген сүт Меркі ауданына тасымалданады. Неге әр өнім өндірілген жердің фермаларына тапсырылмайтынын сұраған облыс әкімі бұл мәселені бір жақты шешуді тапсырды. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы биыл сүт өңдеу ісін ілгерілету бағытында қабылданған «Ырыс» бағдарламасының қайта жанданғанын айтып, соның аясында саладағы іс біршама ретке келтірілетінін айтты. Облыс әкімін толғандырған тағы бір мәселе – жылыжай ісін дамыту. Бүгінде облыстағы жылыжайлардың жалпы аумағы 27 гектар жерді құраса, онда көкөніс пен жеміс-жидектің әр алуан түрлері өндірілуде. Өткен жылдың күз айында болған қатты дауылдан көптеген жылыжайға айтарлықтай зиян келіп, оларды қайта жабдықтауға тура келген болатын. Бүгінде олардың барлығы толықтай іске кіріскен. Кәрім Көкірекбаев бұл мәселеге қатысты: «Көршілес Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданының аумағында жаппай жылыжай салынған. Ондағы өнімдер өз тұрғындарын қамтумен қатар, өндірілген өнімдер Ресейге өткерілуде. Біздің ауыл шаруашылығы мамандары сондай тәжірибелерді алмасу керек. Сондай-ақ, шетелдік инвесторларды тарту жұмысын да жандандыру керек. Бүгінде, мысалы, Меркі ауданында Польшадан, Жамбыл ауданында Түркиядан келген мамандар игілікті іс тындыруда. Сондай-ақ, ирандық кәсіпкерлер де қызығушылық танытып отыр. Өзіміз әріптестік байланыс орнатқан Қытайдың Шаньси провинциясы мамандарымен де байланыс орнату керек. Сол арқылы облыс тұрғындарын арзан әрі сапалы көкөніспен қамтамасыз етуіміз керек. Мысалы, біздің облысқа 14700 тонна алма керек болса, бүгінде өсірілген өнім 10 мың тоннаға да жетпейді. Демек, алманы сыртқа өткермек түгілі, ішкі сұранысты да қамти алмай отырмыз. Осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін нақты жобаларды жүзеге асыру керек», – деді. Аппараттық кеңес отырысында, сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу мәселесі де қаралды.
Маржан РАҚАЙ,
"Ақ жол".