Анна Шевченко үздік үштіктен көрінді
Анна Шевченко үздік үштіктен көрінді
Алатау баурайындағы әсем қала Алматыда өтіп жатқан бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың алғашқы күндері қазақстандық спортшылар үшін табысты болып тұр. Шаңғышылар сынында 5 шақырым қашықтықта бақ сынаған үкілі үмітіміз Анна Шевченко қола жүлдеге қол жеткізіп, жанкүйерлерді шексіз қуанышқа бөледі. Бұл сында ресейлік саңлақ Лилия Васильеваға ешкім тең келмеді. Қарсыластарынан көш ілгері болған ол алтын медальға иелік етсе, тағы бір ресейлік спортшы Анна Нечаевская күміс жүлдені мойнына ілді. Шаңғышылар бәсекесінде қола медальді еншілеген Анна Шевченко жарыстан алған әсерімен бөлісіп үлгерді. «Елімізде өтіп жатқан байрақты бәсекеде жеңіске жеткім келді. Кімнің алтын жүлде алғысы келмейді? Бірақ, қарсыластарым да оңай шағылатын жаңғақ емес екені белгілі. Шыны керек, сөреден шыққан соң мәреге екінші болып жетемін деп ойлағанмын. Соған сендім де. Бұл жарыста қолымнан келгеннің бәрін істедім. Алтын болмаса да күміс бұйырса деген ниет болды. Алайда, бұйырғаны қола жүлде екен. Алдағы уақытта жеңістің биік тұғырынан көріну үшін тер төгетін боламын», – дейді қысқы Универсиаданың қола жүлдегері ойымен бөлісіп.
Табиғат АБАИЛДАЕВ,
"Ақ жол".