Денсаулық

Шымкентте ТМД-да баламасы жоқ жаңа зауыт іске қосылды

Шымкентте ТМД-да баламасы жоқ жаңа зауыт іске қосылды

Шымкентте полиуретанды ортопедиялық бұйымдар жасайтын зауыт іске қосылды. Кәсіпорын медицинаға қажетті 17 түрлі өнім шығарады.

Мәселен, сынған жерді таңатын түрлі-түсті дәкеден бастап, сүйекті қозғалтпай ұстап тұратын құрсауға дейін әзірлейді. Ол гипстен 14 есе мықты әрі жеңіл, эластикалық иілгіш, сондай-ақ құрғақ жерде тез қататын қасиеті бар.

Жалпы құны 300 млн теңгеден асатын кәсіпорында 50 адам жұмыс істейді. Оңтүстіккореялық технологиямен жасалып жатқан отандық өнімнің ТМД елдері аумағында баламасы жоқ. «Marai E7 Group» зауыты ағымдағы жылы «СҚ-Фармация» ЖШС-мен 10 жылға ұзақ мерзімді келісімге қол қойған. Болашақта отандық өнімді ішкі нарықпен қатар Түркия, Өзбекстан және Қырғыз елдеріне экспорттау жоспарда тұр.

«Судан ылғалдан қорықпайды әрі рентген сәулесін 100 пайыз өткізеді. Аллергиялық қышу дене қышуына әкеліп соқтырмайды. Егерде су болмаған жерде ауадан ылғалы алып, өзі қатаятын қасиеті бар», – дейді компания басшысы Гүлия Жүзенова.

«Химиялық кішігірім зауыт осында құрылады. Кейін шыны талшықтарын шығаратын, тоқитын бөлек цех болады. Және де өзіміз қазіргі таңда басқа қалалардан, алыстан алып келіп жатқан фольга Шымкентте шығады», – дейді кәсіпорын басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары Ғалымжан Таласов.