Қуан қазақ! Димаш ұлың тағы да жеңіске жетті (фото, видео)
Қуан қазақ! Димаш ұлың тағы да жеңіске жетті (фото, видео)
Бүгін, қаңтардың 28-і күні Қытайдың “I аm Singer” жобасының екінші кезеңі өз мәресіне жетті. Аталған кезеңде отандасымыз Димаш Құдайбергенов 1 орынды қанжығасына байлады.
Бірнеше минут бұрын “I аm Singer” жобасының екінші кезеңі аяқталды. Аталған кезеңде Димаш Құдайбергенов Витастың әйгілі “Опера 2” туындысын орындады. Әнші осы уақытқа дейін инстаграм парақшасы арқылы аталған әнді Витастың дауысынан 4 модуляция мен 2 тон жоғары орындауға уәде еткен-ді. Ол өз сөзінде тұрды. Жұртқа берген уәдесін орындады.
Барша қазақты қуантқан қуанышты хабарды оның жан досы Алпамыс Шәрім бөлісті. “Тағы да, сүйінші! Жеңіс қолда, ағайын! Димаш қойылған тапсырманы 100% орындады. Халық бірінші орын берді. Димаш “қазақтың Витасы” емес, “қазақтың Димашы” екенін дәлелдеді! Бұл екінші жарыс күні! Алда, әлі талай сын бар!” – дейді ол.
Бұл жолы байқау барысында әншіге досы ғана емес, әкесі де қолдау көрсетті. Әкесі Қытайға баласына тосын сый жасау үшін арнайы ұшып барған екен. Ол бағдарлама ұйымдастырушыларынан өзінің келгенін ұлына айтпауды соңына дейін өтінді. Артынша Димаш әнді айтып бола салысымен, алдынан шығып қолдау білдірді.
Желі қолданушылары өз кезектерінде аталған қуанышты бөлісуге асықты. “Жарайсың, Димаш! Біз саған сендік және сен сенімімізді ақтадың. Әрине, бір Алланың арқасында және қазағымның”, “Димаш, шын жүректен құттықтаймын”, “Құдайдың өзі бақ қылып берген Димашым”, “Бұдан да жақсы мақтан сөздерге лайықсың! Жарайсың! Сен біздің талантты тұлғамызсың! Барша Қазақстан сені мақтан тұтады”, “Алпамыс, Димаш, екеуіңнің еңбектеріңнің арқасында еңсеміз көтеріліп қалды. Бүкіл қазақ сендер үшін қуанып жатыр. Ата-аналарыңа Алла разы болсын” деп жазады олар.