Енді балабақша мен клуб керек
Енді балабақша мен клуб керек
Сортөбе ауылдық округінде мекендейтін 23 мыңнан аса тұрғынның төрт мыңға жуығы іргедегі Бұлар батыр ауылында тұрады. Ауылдық округтің сайланғанына бес ай толған жаңа әкімі Илияс Буларов алдымен осы ауыл тұрғындарының алдында есеп берді. Аудан орталығынан кейінгі ірі елді мекен саналатын бір ғана Сортөбенің өзінде төрт мыңнан аса бала оқитын бес мектеп, онға тарта мешіт бар. Жиынға қатысушылар С.Лисыр, Т.Бисыров, А.Машанло, Л.Чива, М.Лихар және басқалары әкімнің есебіне қанағаттанарлық деген баға бере отырып, ауылымызда жаңа балабақша, Мәдениет үйі, спорт кешені салынса, мектеп тұсындағы көше қиылысына бағдаршам орнатылса деген ұсыныстарын айтуды ұмытқан жоқ. – Жыл сайын ауылдарымыздың іргесі кеңейіп, көшелеріміз ұзара түсуде. Округ аумағында екі мыңнан аса отбасылық аула тіркелген. Еңбек жасындағы тұрғындар жүзге тарта шаруа қожалығы, екі жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек етіп, несібесін айыруда. Тоқсанға тарта жеке кәсіпкер және екі кірпіш өндірісі жұмыс істейді. Бар игілігін өз қолдарымен жасайтын жер емген дүнгендер үйлерінің айналасында алақандай жердің қурай басып бос жатқанын көрмейсіз. Олар үшін бір жылда кемінде екі өнім алу қалыпты жай, – дейді ауылдық округтің әкімі. Қазіргі таңда округ тұрғындарының қорасынан күнделікті 3260 ірі қара, 6587 қой-ешкі, 552 жылқы өріп шықса, он мыңнан аса үй құстары өсірілуде екен. Әкімдіктің қолма-қол бақылаудағы дербес шотына былтыр 40 миллион 919 мың теңге қаражат жиналып, ол ауылды көркейтуге жұмсалғанына қарап-ақ мұнда қыруар тірліктің атқарылғанын көруге болады. Одан бөлек «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Бұлар батыр ауылындағы Карл Маркс көшесінде 13 миллион теңгеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Сортөбеде жаңа үлгідегі медициналық жабдықтармен және білікті мамандармен қамтамасыз етілген, құрамына емхана, елу төсектік аурухана, отыз орындық күндізгі стационар, он бес орындық перзентхана, дәріхана кіретін денсаулық кешені жұмыс істейді. Аудандық аурухананың филиалы болып саналатын мұнда жоғары білімді дәрігерлер мен мейірбикелер еңбек етеді. Диагностикалық орталық, жаңа үлгідегі рентген, флюорография, УЗИ аппараттары, биохимиялық және иммуноферменттік лабораториялары бар аурухананың қызметін бүкіл округ тұрғындары пайдаланады. Ауыл әкімінің есеп беруінде осы округтен сайланған аудандық мәслихаттың депутаты, Сортөбе ауруханасының бас дәрігері Таня Апаева тұрғындар қойған сұрақтарға жауап беріп, түйткілдерді әкіммен бірлесе шешуге уәде берді.
Құрманбек ӘЛІМЖАН,
"Ақ жол".
Қордай ауданы.