Экономика

Ақтоған ажарланып келеді

Ақтоған ажарланып келеді

Ауылдық округтер әкімдерінің өздеріне жүктелген міндеттері туралы халық алдында есеп беруі ел іргесінің бекуіне, ырыс-құтының артуына, бірлігінің нығаюына, елді мекендердің көркеюіне игі ықпалын тигізуде. Біз бұған өз ауылымыздағы округ әкімі Олжабек Қосубаевтың есепті кездесуінде тағы бір көз жеткізгендей болдық. Кеңестік кезеңнің өзінде «миллионер» колхоз атанып,Ұлы Отан соғысына көмек ретінде ұшақ құрастыру үшін қаражат жиып берген, бүгінде 620 отбасы, 3700-ге жуық тұрғыны бар «Ақтоған» ауылдық округі қазір де аудандағы алдыңғылар қатарынан көрінуде. «Ауылына қарап азаматын таны» деген сөз осы ауыл тұрғындарына арналып айтылғандай. Ақтоған ауылының көшелері түгел асфальтталып, түнгі жарықпен де қамтамасыз етілген. Мұндағы әрбір үйге газ бен таза ауызсу келіп тұр. Ауыл отыз келушіге лайықталып салынған жаңа амбулаториялық емхана, Мәдениет үйлері, мектебі, мешіті, саябағы бар көрікті мекенге айналып отыр. Бірқатар әлеуметтік нысандардың жергілікті тұрғындардың күшімен тұрғызылып, ел игілігіне берілгенін де атап өту жөн. Ауылдық округ әкімі өзінің есебінде тұрғындардың ынтымақ пен бірлігінің арқасында мүмкіндігі шектеулі бес отбасына ауызсу, газ, электр жүйесі тартылған жаңа үйлер салынып беріліп, қоныс той иелерінің бүгінде ел қатарлы түтіндерін түзу тұтатып отырғандығына да тоқталып өтті. «Ауыл болсаң, қауым бол» деген осы болар, тегінде. «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» Заң да бұл күндері жергілікті жердегі күрделі мәселелердің орнықты шешілуіне оң ықпалын тигізуде. Өткен жылы округтің дербес бюджетіне төрт салық түрі бойынша түскен 7 миллион 601 мың теңге қаражат қауымдастықтың арнайы шешімімен оқушыларды автобуспен тасымалдауға, негізгі қорларды күтіп ұстауға, көшелерді жарықтандыруға, ауызсуға, елді мекенді көріктендіруге жұмсалды», – деді округ әкімі Олжабек Қосубаев жиында. Ал енді биыл округ бюджетіне алты салық түрінен қаржы түседі деп күтілуде. Бұл дегеніңіз – жергілікті жердегі жағдайды жоғарыдан шешім күтпей-ақ, тұрғындармен ақылдаса, келісе шешуге үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Міне, бұған ауыл ақсақалдары мен тұрғындары дән риза. Біз де өз тарапымыздан әкіміміздің жұмысын қанағаттанарлық деп бағалаймыз.

Серік ҚҰРАЛБАЙ, зейнеткер.

Ақтоған ауылы, Меркі ауданы.