Спорт және туризм

Алауды Алматыға Дәулет Пахриденов апарады

Алауды Алматыға Дәулет Пахриденов апарады

Ертең Алматы қаласында жалауы желбірейтін 28-ші бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың Таразда өтетін алау эстафетасына қатысты баспасөз мәслихаты өткізілді. Шараға облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков, қысқы Универсиаданың ұйымдастыру алқасының облыс бойынша өкілі Элнор Мухитдинов қатысып, тілшілердің сауалдарына жауап берді. «Елбасының бастауымен Астанадан басталған алау эстафетасы бүгін Тараз төрінде өтетіні белгілі. Белгіленген тәртіпке сәйкес, эстафета қашықтығы 12 шақырымды құрауы тиіс. Алаугерлерді іріктеу мақсатында облыстық комиссия құрылған болатын. Комиссия шешімімен 60 алаугер таңдалып алынды. Шара «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығынан басталады. Жалпы, үш нүкте белгіленіп отыр. Мұнда ТарМУ-дың өкілдері өздері дайындаған шараларын назарға ұсынса, әрмен қарай Тұңғыш Президент атындағы саябақта ТИГУ-дің өкілдеріне кезек тимек. Ал «Тараз-Арена» спорт кешенінде өтетін шараның мәресінде ТарМПИ-дің өкілдері өз бағдарламаларын назарға ұсынатын болады. Кейіннен дирекцияның техникалық қызметкерімен бірге алау құтысын қазақ күресінен әлем чемпионы Дәулет Пахриденов Алматы қаласына апарып, ұйымдастырушыларға ұсынбақ», – деген Нұржан Қырықбайұлы шараға қатысты өзге де деректерді айтып берді. Кейіннен тілшілер қауымы Нұржан Жолдасбеков пен Элнор Мухитдиновке өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, тиісті жауаптар алды. Шара барысында 8 алау құтысы спортшылардың қолына табысталмақ. Жалпы, әр спортшы 200 метр қашықтықты алау құтымен жүгіріп өтпек. Айтпақшы, өзге өңірлер алау эстафетасын екі кезеңге бөліп (түске дейін және түстен кейін) өткізсе, біздің тараптың ұйымдастырушылары ешқандай үзіліссіз шараны бір деммен аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл ретте алау құтыны арнайы «көгілдір отынмен» жол бойы толтырып отыру мүмкіндігін жамбылдықтар ойлап таба білгенін айта кеткен жөн. Алаугерлер қазақ хандығы монументіне дейін барып, кері айналып, «Тараз-Арена» спорт сарайына оралмақ.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,

"Ақ жол".