ЕАЭО: артықшылығы не, болашағы қандай?
ЕАЭО: артықшылығы не, болашағы қандай?
Облыс зиялылары жаңа одақ әкелер жақсылық мол дейді
Келесі жылдың бірінші қаңтарынан бастап күшіне енетін және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін әкеліп, жалпы ішкі өнімнің көлемін айтарлықтай ұлғайтуға әрі сол арқылы халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік туғызатын Еуразиялық экономикалық одақтың мәні мен маңызы, бүгінде облыс аумағында ұйымдастырылған әрқилы қалыптағы басқосуларда талданып-талқылануда, түсіндіріліп-ұғындырылуда. Сондай игі іс-шараның бірі ретінде, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында өткен «Еуразиялық экономикалық одақ: артықшылығы мен болашағы» атты дөңгелек үстел отырысын айтуға болады. Негізінен жоғары оқу орындарының экономист-ғалымдары, саяси партиялардың облыстық филиалдарының басшылары, кәсіптік одақтардың, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, этномәдени орталықтар мен жастардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатысқан іс-шараны облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дауыл Бейсенқұлов ашып, жүргізіп отырды.
— Қазіргідей әлемде жаһандану үдерісі жүріп жатқан кезде экономикасы барынша әлеуетті, қаржылық мүмкіндіктері зор алпауыт елдер де орналасқан аумақтарына, экономикасының ыңғайластығына қарай интеграциялық бірлестіктерге бірігуде. Сондықтан, өзара шекаралас, араларындағы экономикалық байланыс бұрыннан тығыз қалыптасқан Қазақстан, Беларусь және Ресей мемлекеттері басшыларының Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі келісімге қол қоюын аталған елдердің ұлттық мүдделерінен туындаған қажеттілік деп қарастырған жөн, — деді дөңгелек үстел басындағы кеңесте, «Экономикалық интеграция және ұлттық мүдде» тақырыбында ой-тұжырымдарын білдірген ТарМУ-дың экономика факультетінің деканы, профессор Ерғали Үркүншиев. — Тек, экономикалық интеграциялануды ғана көздейтін жаңа құрылымның оған біріккен елдердің экономикасына әкелетін тиімділіктері айтарлықтай болмақ. Экономист-ғалым посткеңестік кеңістіктің қаржылық-экономикалық мүмкіндіктерін зерттеуші сарапшылардың есебі бойынша, осы Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына негіз болған Кедендік одақ пен бірыңғай экономикалық кеңістікке енуден келетін пайданың өзі ұзақ мерзімді байланыстардан кейін әлденеше есеге өсіп, 2030 жылы үш елдің жалпы ішкі өнімінің өсімі интеграциялық тиімділік есебінен 1 триллион АҚШ долларына артатындығына тоқталды. Олай болатыны, интеграциялануға бет бұрған елдер біртұтас экономикалық кеңістікте тауардың, капиталдың, жұмыс күшінің және қызмет көрсетудің еркін қозғалысына кепілдік береді. Оның үстіне шикізат пен дайын өнімді тасымалдауға кететін шығынның азаюына байланысты тауар бағасы төмендейді, экономикалық байланыстың біркелкі болуы нәтижесінде әділ бәсекелестікке қолдау көрсетіледі, шығынның азаюы мен еңбек өнімділігінің жоғарылауы есебінен жалақы мөлшері көбейеді, тауарларға сұраныстың артуынан өндіріс көлемі ұлғаяды. «Өздеріңізге белгілі, Қазақстан әлемдік мұхитқа шығу мүмкіншілігі жоқ ел. Сондықтан, экономикалық одақ елдерінің теңіздік инфрақұрылымдарына қолжетімділікке жол ашу — ел экономикасын дамыту үшін өте маңызды мәселе. Одаққа мүше болу нәтижесінде тасымалдау шығындарын азайтуға, қазақстандық тауар өндірушілердің өнімдерін басқа елдердің нарығына шығаруға және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлкен мүмкіншілік туғызылып отыр», деді ол сөзін қорытындылап. Еуразиялық экономикалық одақтың отандық кәсіпкерлер үшін қолайлы серіктестік болып табылатындығына тоқталған экономика ғылымдарының кандидаты, ТарМПИ-дің профессоры Қуандық Тұрдалин жаңа одақтың Қазақстан, Беларусь және Ресей сияқты үш елдегі 170 миллионға жуық тұтынушысы бар үлкен нарыққа жол ашып отырғандығына тоқталды. «Елбасының 1994 жылы Мәскеу қаласындағы М. Ломоносов атындағы университетте көтерген Еуразиялық одақ құру идеясы, арада жиырма жыл өткеннен кейін ХХI ғасырдың он төртінші жылының 29-ыншы мамыры күні Астана қаласында үш мемлекеттің басшыларының келісімшартқа қол қоюы негізінде іске асты. Одақ құрамындағы елдердің саяси тәуелсіздігіне нұқсан келтірмейтін Еуразиялық интеграциялану үдерісі Елбасының «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленгендей Қазақстанның 2050 жылға қарай әлемдегі барынша дамыған 30 елдің санатынан табылуына қосымша мүмкіндіктер туғызатындығы анық», — деді ғалым. Қандай да бір игі бастама болсын, жұртшылық оны түсіністікпен қабылдап, кең қолдау көрсеткенде ғана күткендегідей нәтиже әкелетіндігі белгілі. Өз кезегінде әңгімеге араласқан «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат дөңгелек үстелге қатысушылардың назарын мәселенің осы жағына аударған. Ол тарихи тұрғыдан тағдырлас үш мемлекеттің басын қосып отырған жаңа одақтың саяси мақсатты көздемейтіндігін, тек экономикалық мүдделерді ғана қарастыратындығын аумақтың әр тұрғынының түсініп-ұғынуы шарт екендігіне, бұл ретте қоғамдық-саяси бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіподақтардың, білім ордалары ғалымдарының Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшарттың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына әкелетін тиімділіктері туралы электорат арасында ауқымды үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізуі қажеттігіне тоқталды. Оның бұл ұсынысы іс-шараға қатысып отырған Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы облыстық комитетінің бірінші хатшысы Жанна Мамашеваның және Қазақстанның Патриоттар партиясы Тараз қалалық филиалының төрағасы Райса Рысқұлбекованың тарапынан да қолдау тауып, бірлескен іс-қимыл жоспарын жасау туралы келісілді. Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Зейнел-Нәби Сұлтанбаев өңірде отандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен фосфор химиясы саласында, агро-өндіруші кешенде, құрылыс материалдары өнеркәсібінде ірі жобалардың қолға алынғандығын, Еуразиялық экономикалық одақ елдері мүмкіндіктерінің таяу уақытта іске қосылатын жаңа өндірістік қуаттардың өнімдерін тасымалдауға және өткізуге, сондай-ақ, аумақта кәсіпкерлікті дамытып-өркендетуге кеңінен жол ашатындығын жеткізді. Дөңгелек үстел басындағы отырысты облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дауыл Бейсенқұлов қорытындылады.
Сапарғали ӘЛІБАЙ, «Ақ жол»
Суретті түсірген Ағаділ Рысмахан