Денсаулық

Жанармай тағы қымбаттағалы жатыр

Жанармай тағы қымбаттағалы жатыр

Елімізде жанармай бағасы өсуі мүмкін. Әсіресе ең көп сұранысқа ие АИ-92 маркалы бензиннің литрі 145 теңгеге дейін көтеріледі. Мұндай ұсынысты «ҚазМұнайГаз Өнімдері» компаниясы жасап отыр. Айтуларынша, бағаны қымбаттату арқылы ішкі нарықтағы жанармай тапшылығын жоюға болады екен. Алайда еліміздің солтүстік өңірлерінде сұйық отынның бұл түрі қазірден-ақ 145 теңгеден сатылуда.

Жаңа жылдан бері еліміздің әр аймағында жанармай бағасы біртіндеп көтеріліп келеді. Әсіресе ең көп сұранысқа ие АИ-92 маркалы сұйық отын соңғы уақытта тіпті қымбаттай бастаған. Мәселен жыл басында 135 теңге болған сұйық отын қазір 137-139 теңге көлемінде сатылып жатыр.

Ал алдағы уақытта бұл баға тағы 6 теңгеге дейін өсуі мүмкін. Өйткені еліміздегі ең ірі жанармай сатушы «ҚазМұнайГаз Өнімдері» компаниясы АИ-92 жанармайын 145 теңгеге дейін қымбаттатуды ұсынды.

«ҚазМұнайГаз Өнімдері» компаниясы бөлшек бағалар трендін бір литрге 140-145 теңге деңгейіне дейін бағыттайды. Бұл ағымдағы кезеңде теңгеруші баға. Бағаларды ретке келтіру мұнай өнімдерін кедергісіз импорттауға мүмкіндік береді. Яғни отын тапшылығының алдын алуға болады.

Компанияның мәліметінше, бағаны қымбаттатса ішкі нарықтағы жанармай тапшылығы жойылады екен. Өйткені біз тұтынатын бензиннің 35 пайызы Ресейден тасымалданады. Ал көрші елде жанармайдың бұл түрі едәуір қымбат. Соңғы уақытта қазақстандық арзан жанармайды керісінше теріскейге тасу белең алған. Сондықтан бұл тығырықтан шығу үшін бағаны көтеруге тура келеді дейді мамандар. Тек бұл ұсыныс жүргізушілердің көңілін күпті етіп отыр.

Жанармай қымбаттайды деп айтып ауыз жимастан еліміздің солтүстік өңірлерінде баға шарықтап шыға келді. Мәселен Павлодар қаласындағы кейбір бекеттерде АИ-92 маркалы бензин қазірдің өзінде 145 теңгеден сатылып жатыр.

Ал қымбат бензин қызылжарлықтар үшін тіпті таңсық емес. Ресеймен шекаралас аймақта жанармай бекеттері баға жазылған тақтайшаны бір ай бұрын -ақ өзгертіп қойған. Яғни мұнда АИ 92 маркалы бензин былтырдан бері 141-143 теңгеден сатыла бастады. Өйткені өңірге қажетті отынның 40 пайызы көрші елден жеткізіледі екен.

Ал оңтүстік өңірлерде қымбатшылық қолдан жасалуы мүмкін деген қауіп бар. Өйткені Оңтүстік Қазақстан облысында қазірден бастап жанармай тапшылығы сезілуде. Мәселен бұл аймақ бір айда 25 мың тонна АИ-92 жанармайын тұтынады екен. Алайда қаңтар айында сол көлемнің тек жартысы ғана жанармай бекеттеріне түскен. Алыстағы ауыл-аймақтарға берілген бензин көлемі тіпті мардымсыз. Өйткені облысқа бөлінген сұйық отынның басым бөлігін ірі жанармай бекеттері алып қойған екен.

Енді сондай алпауыттардың бірі бағаны көтеруге құлшынып отыр. Егер бұл ұсынысты басқалары да қолдаса қымбатшылықтан қашып құтыла алмайтынымыз айдан анық.

ақпарат көзі: Baq.kz