Экономика

Темір жол тасымалында толас жоқ

Темір жол тасымалында толас жоқ

Оған инновациялық технология игі ықпал етуде

Елімізді бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына енгізуде көлік жүйемізді әлемдік жүйеге кіріктірудің маңызы орасан. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында темір жол тасымалы мен оны басқаруды кезең-кезеңімен нарық негізіне көшіру арқылы еліміздегі темір жол желісін жаңарту, қозғалыс қауіпсіздігі, жеткізу мен қызмет көрсету шапшаңдығы жағынан әлемдік стандарттар талабына сәйкес болуы қажеттігі жөнінде жиі айтып келеді. Елбасы тапсырмасына сәйкес, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ Жамбыл жол бөлімшесінде өскелең өмір талабына сәйкес ауыз толтырып айтарлықтай істер қолға алынып, жүзеге асырылуда. Кейінгі кезде салаға ғылым мен техника жаңалықтарын енгізу жемісті жалғастырылуда. Мұның өзі пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, еңбек өнімділігін арттырып, елеулі өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік беруде.

Өткен жылдың қорытындысында бөлімшеде 13,944 мың тонна жүк жөнелтілді. Мұның өзі белгіленген тапсырмадан біршама артық. Тасымалданатын жүктің денін химия өнімдері құрайды. Тапсырмадағы 2020,188 мың тонна орнына 2349,808 мың тонна химия өнімі жіберілді. Бұған қоса таскөмір, темір кені, қара металл, мұнай, қант және басқа да тауарларды тиеу тапсырмасы едәуір асыра орындалды. Жүк тиеу және жөнелту жөніндегі жоспарларын Жаңатас, Бірлік-1, Қаратау, Жамбыл және Шығанақ стансалары едәуір асыра орындады. Бөлімшеге жүк түсіруге жоспардағы 101612 орнына 114563 вагон келді. 2013 жылы бөлімше 5291 ауыр салмақты пойызды жөнелтті. Соның нәтижесінде тапсырмадан тыс 2717, 725 мың тонна жүк тасымалданды. Бөлімше үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында да еңбек қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Осы мерзімде 150,626 мың тонна жүк жөнелтілді. Түрлі-түсті кен, қант және басқа да жүк жиынтығын тиеу тапсырмасы асыра орындалды. Компанияның жақсы нәтижеге қол жеткізуіне Талас, Бірлік-1, Бурыл және Жамбыл стансалары елеулі үлес қосты. Үш айдың қорытындысында жүк айналымы көрсеткіші 770,556 миллион тонна километрді құрады. Жүк айналымын орындау үшін әр тәулік сайын 1595,66 вагон пайдаланылды. Еңбек өнімділігін, қозғалыс қауіпсіздігін арттыру мақсатында инновациялық технологиялар кеңінен енгізілуде. Біздің алдымызға қойылған басты міндеттің бірі – жолаушылар қозғалысының жылдамдығын арттыру болып табылады. Осы мақсатта темір жолды жаңа талапқа сай жаңғырту жолында елеулі шаралар жүзеге асырылуда. Өткен жылы 59,96 шақырым темір жол күрделі жөндеуден өткізілді. 21,84 шақырымда ағаш шпалдар темір бетонға ауыстырылды. «SMD-80» және «Жейсмар» кешендерін қолдану арқылы 29,43 шақырым шаруашылық әдіспен жөндеуден өткізілді. Ескірген бұрмалар жаңасымен алмастырылды. Қол жұмысын азайту, жұмыс орындарын автоматтандыру, оларды арнайы бағдарламамен қамту және компьютерлендіру тұрақты жүргізілуде. Жүк стансаларында жұмыс орындары автоматтандырылуда. «ARM-ASU-ST» автоматты басқару жүйесі темір жолдағы барлық жұмыс үдерістерін қадағалап, бақылауға мүмкіндік беруде. Атқарылған жұмыстарға талдау жүргізуге «Урал» қондырғысы көп көмек көрсетуде. Сондай-ақ, стансаларға қозғалыстың жай-күйін айқын көрсетуге мүмкіндік беретін АРМ АГКР және АСУ ДКР жүйелері орнатылды. Темір жол саласында кадр тұрақтамаушылығы жоқ. Білікті мамандар шоғырланған. Бүгінде бөлімшеде 1237 адам жұмыс істейді, оның 615-і әйел. Мекемеде мамандарды даярлауға және олардың біліктіліктерін жетілдіруге тұрақты ерекше көңіл бөлінеді. Өткен жылы Астана және Тараз қалаларындағы оқу орталықтарында негізгі мамандықтарға оқыту үшін 55 теміржолшы жіберілді. Құрылымдық бөлімшелерде мемлекеттік тілді үйрену үшін 7 топ ұйымдастырылған. Бөлімше басшылығы қызметкерлеріміздің әлеуметтік мұқтаждықтарына ерекше көңіл бөледі. Өткен жылы денсаулықтарын емдеп, сауықтыру үшін 42 зейнеткер және компаниядағы 111 азаматқа шипажайларға жолдамалар берілді. Жас мамандарға тұрақты материалдық көмек көрсетіледі. Жас мамандарды қолдау мақсатында «Жоба-менеджмент» бағдарламасы бойынша кәсіпорында өткен жылы аймақтық инновациялық оқу тренингі өткізілді. Оған жасы 30-ға дейінгі 150 адам қатысты. Өндірістік шығындарды азайту, еңбек өнімділігін арттыру мақсатында өнертапқыштық ұсыныстарды енгізуге жіті көңіл бөлінуде. Компанияда былтыр жоспардағы 144 орнына 170 өнертапқыштық ұсыныс тіркелді. Оның 152-сі өндіріске енгізілді. Енгізілген өнертапқыштық ұсыныстар 8630,38 мың теңге экономикалық тиімділік әкеледі деп күтілуде. Осындай ұсыныстарды ШЧ, ЭЧ, Қамқор және ПЧ кәсіпорындары көптеп әзірледі. Кейінгі кезде облыс аумағында жаңа өнеркәсіп кәсіпорындары іске қосылуда. Олардың жүгін белгіленген жерге жеткізу үшін өз әлеуетімізді арттыра түсуге алғышарттар жасалуда. Жүк және коммерциялық операциялар бойынша қызмет көрсету сапасы арттырылады. Мамандардың біліктіліктері жетілдіріледі. Биыл да қозғалыс қауіпсіздігін арттыру мақсатында елеулі шаралар қолға алынады. Осы мерзімде екі көпір күрделі жөндеуден өткізіледі. «SMD-80» және «Жейсмар» кешендерін қолдану арқылы 72 шақырымда жаңа материалмен күрделі жөндеу жүргізіледі. 64 жиынтық бұрманы алмастыру жоспарлануда. Жыл аяғына дейін 36960 дана ағаш шпал темір бетонмен ауыстырылады. Үстіміздегі жылы «ДУАМАТ» кешенімен 927 шақырымда жолды түзету және «РМ-80» машинасымен 80 шақырымда шағалды терең тазалау жүргізіледі. Теміржолшыларымыздың белгілеген міндетті абыроймен жүзеге асыруына біліктіліктері мен тәжірибесі толық жетеді.

25Үмітбек Рысбеков, «Қазақстан темір жолы»  ҰК» АҚ Жамбыл  жол бөлімшесі директорының бірінші орынбасары.