Білім

БІЛІМ НЕГІЗІ БАСТАУЫШ СЫНЫПТА ҚАЛАНАДЫ

БІЛІМ НЕГІЗІ БАСТАУЫШ СЫНЫПТА ҚАЛАНАДЫ

«Мектеп – кеме, білім – теңіз» дейміз. Жас ұрпақ сапалы білім мен саналы тәрбиені негізінен мектептен алады. Жалпы, оқушының білімді, саналы азамат болып қалыптасуы бастауыш сыныптардан басталады. Сондықтан да, балаға әріп танығаннан бастап, төртінші сыныпты бітіргенше бастауыш сынып мұғалімдеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Ал оқушыға мектеп табалдырығын аттап, партаға отыру жаңа әлемге енгендей әсер етеді. Күндер өте ойы, санасы жетіле түседі. Балабақшадан келген балалар жаңа ортаға тез бейімделіп кетсе, үйден бірінші сыныпқа келген бүлдіршіндер жалтақтау, жан-жағына тосырқаумен болады. Біздің міндетіміз – жеткіншектің жүрегіне жол тауып, әрқайсысына жіті назар аударып, ортамен тез араласып кетуіне барынша жағдай жасау. Ал әріп танып, өз бетінше оқып, қолына қалам алған соң, мектептегі оқу-әдістемелік жоспарға сай білім нәрімен сусындата береміз. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, білімді, тәжірибесі мол мұғалімнің алдынан дәріс алған оқушы сабағын да өте жақсы оқитын болады. Ендеше, әріптестеріміз арнаулы және жоғары оқу орындарында оқумен шектеліп қалмай, білімдерін ұдайы жетілдіріп отыруға тиіс. Әр баланың мінез-құлқы әртүрлі. Сондықтан тәрбиеге де баса мән беру керек. Оғаш қылық жасаған жеткіншекке дауыс көтеріп немесе ренжіп жекуге де жол беруге болмайды. Олай еткен жағдайда жас өркеннің жүрегін жаралап аламыз. Оқушы да мұғалімнің бойынан, сөзінен мейірімділік іздейді. Қате ісін ақыл айта отырып, түсіндірсең, екінші мәрте теріс қадамға бармасы анық. Мектеп оқушыларына, оның ішінде төменгі сыныптарда оқып жүрген балаларға ата-аналары тарапынан да ұдайы қамқорлық керек-ақ. Біздің үйреткен сабағымызды, берген тәлім-тәрбиемізді үйге келген соң да қайталап еске салып отырудың еш артықшылығы жоқ.

Камшат ӘБІЛОВА, Жамбыл мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі.

Мойынқұм ауданы.