Жаңалықтар

Қазақстанда «тіркелмеген» мал ауруының қаупі зор

Қазақстанда «тіркелмеген» мал ауруының қаупі зор

Былтырғы қыркүйек айынан бастап Өндіріс, Байқадам ауылдық аймақтарындағы ауылдарда малдың «лептоспироз» ауруы пайда болып, бір аптаның ішінде менің 80 бас қозым қырылып қалды. Бұл «топалаң» ауруынан да қауіпті көрінеді. Мал мамандары аурудың оңтүстіктен келгенін айтады. Өзіміз де жаз айларында оңтүстік өңірде мал өліп жатыр дегенді естігенбіз. Ауданның ветеринариялық қызмет мамандары біле тұра бұл мәселеге аса мән бермегені қалай? Олардың «Нива» маркалы қызметтік көліктері де бар. Көрші жатқан өңірден індет шыққанын естіген бойда мұның жайын арнайы барып біліп, аурудың алдын алу шараларын ұйымдастырғанда малдың орынсыз шығынына жол берілмес еді. Негізінде, біздегі мал мамандары көктем мезгілінде аурудың үш-ақ түріне қарсы емдеу жүргізеді. Басқа уақытта қолдары бос. Олардың мал ауруына мән бермеуінің себебі, малдың бәрі жекенікі. Баяғыда совхоздың бір бас қойы өлсе жауап беретін. Қазір олардың жұмысын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Алдарына барсақ, «өлген малға өтемақы төленбейді, босқа әуре болмаңыз» дейді. Себебі, бұл ауру Қазақстанда тіркелмеген екен. Батыс өңірінде де қой төлі қырылып жатыр дегенді телехабардан естіп қалғаным бар. Ал оларға өтемақы төледі ме екен? Осы аурудан малымыз жылда өледі. Оған шалдыққан малды бюджет қаржысына емдемейді екен. Онда өзіміз емдейік. Оған қандай дәрі қолдануға болады? Оны қайдан аламыз? Тым болмаса облыстық ветеринария басқармасының басшылығы осы сұрағыма жауап берер.

Тоқан СӘРСЕКЕЕВ, «Ернар» шаруа қожалығының төрағасы,

ауданның Құрметті азаматы, еңбек ардагері.

Өндіріс ауылы, Сарысу ауданы.