Жаңалықтар

Көңіліме демеу болды

Көңіліме демеу болды

Құдай қосқан қосағым Дүйсенкүл екеуміз 13 перзент көрдік. 10 баламызды аман-есен өсіріп, жеткіздік. Әйелім кеңес заманында «Батыр ана» атанса, тәуелсіздік жылдарында «Алтын алқа» иеленді. 30 жыл бойы Жамбыл колхозында еңбек еткендіктен, оған кезектен тыс жеңіл автокөлік пен бес бөлмелі үй берілді. Шаңырағымыз шаттыққа бөленіп, алаңсыз ғұмыр кештік. Былтыр Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында облыстың бас басылымы – «Ақ жол» газетінде біздің отбасымыз туралы мақала шықты. Онда әйелім – Дүйсенкүлдің де суреті қоса берілді. Осылайша газеттің әлденеше мыңдаған оқырманы біздің береке қонып, бақытқа бөленген шаңырағымыздың тыныс-тіршілігімен жіті танысты. Әсте қуаныш пен қайғының бірге жүретіні бар ғой. Биыл отау құрып, шаңырақ көтергенімізге 50 жыл толатындықтан, Алтын тойымызды дүркіретіп өткіземіз деп жүргенде, былтырғы қыркүйек айында әйелім мәңгілік мекеніне аттанып кетті. Ұл-қыз, немерелеріміз, бауырлары, ағайын-туыс болып артында шулап қала бердік. Содан бері екі көзге ерік берумен келемін. Дегенмен, асыл жарды аңсағанда отбасымыз туралы «Ақ жолға» шыққан мақала көңіліме демеу болады. Осы дүниені газетке жазуға тапсырма берген аталған басылымның бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы мен тілші Нұрболат Әлдибековке алғыстан басқа айтарым жоқ. Газет ұжымына жаңадан парақтары ашылып жатқан жаңа жылда шығармашылық табыс тілеймін!

Әшен ҚЫРҒАБАҚҰЛЫ, зейнеткер.

Меркі ауданы.