Жаңалықтар

Отан – үлгілі отбасынан басталады

Отан – үлгілі отбасынан басталады

«Ақ жол» газетінің осы жылдың 14 қаңтарындағы санында журналист Жанғазы Ахметтің «Айналайындар, ажыраспаңдаршы!» тақырыбында бүгінгі таңдағы қоғамымыздағы келеңсіздік – шаңырақтың шайқалуы жайлы мақаласы жарық көрді. Мақала оқыған жанды бейжай қалдырмасы анық. Өйткені, бүгінгі таңда шаңырақтың шайқалуы жиі көрініс тауып отырғаны шындық. Мұндай жағдай қалада да, ауылда да орын алуда. Кім ұл-қызын жаман болсын дейді? Кім келіні мен баласының тату-тәтті тұруын қаламайды? Дегенмен, сол ұл мен қыз, бала мен келін ата-ененің ықпалынан шығып кету жағдайлары да ұшырасып тұрады. Жастар өмірі мен тіршілігіне ата-ананың орынсыз араласуы да себеп болуы мүмкін. Неге жастар әке-шешені, ата-енені жүре тыңдайды? Сұрақ көп, жауап мардымсыз. Басын ашып айтар болсақ, отбасында ұлттық тәрбиеде тәрбиеленген ұл-қыздар мұндай келеңсіз жайтқа көп бара бермес еді. Ол үшін ата-ананың өздері ұлттық тәрбиені бойларына сіңіргені абзал. Жас отбасының ажырасуы, бұл, – балалардың көз жасы, жараланған жүректер, ажырасқан жақтардың әлеуметтік қиындықтарға тап болуы, құдандалы жақтардың бір-бірінен қол үзуі, суынуы, балалардың жартыкеш тәрбиеленуі, олардың өмірге көзқарасының сыңаржақ қалыптасуы. Бүгінгі жастарымыздың үй болуға, шаңырақ көтеруге даяр болмай тұрып үйленетіндіктері жасырын емес. Үйленген соң оларды қатарға қосу ата-аналардың мойындарына түседі. Тойлары өткен соң ата-анадан енші алып шығып, әрекет етіп ел қатарына қосылып кетіп жатқан жас отау иелері де аз емес. Ажырасу себептері өзара түсініспеушілік, менмендік, отбасы қиындықтарын бірлесіп шеше алмау, бір-біріне кінә артушылық болып кете береді. Ер-азамат – шаңырақ иесі. Ол бар ауыртпалықты көтеріп, оны шеше білуі керек. Ер-азамат ішкілікке салынса, шаңырақта айқай-шу басылмаса, әйеліне қол көтерсе ондай жанұяда қандай береке болады? Әйел бейшара бала-шағасын алып төркініне кетуіне мәжбүр болмай ма? Шаңырақтың шайқалуына өз айтқанынан қайтпайтын, ер-азаматты сыйлау дегенді білмейтін, азамат алдында өз орнын біле бермейтін, мұсылмандық тәрбиеден нәр алмаған әйелдің де себепші болатындығы бар. «Ұлың өскенде ұлы жақсымен, қызың өскенде қызы жақсымен көрші бол», деп халқымыз бекер айтпаған. Яғни, бәрі де жақсы тәрбиеге байланысты. Ал баланы тәрбиелемес бұрын, ата-аналар, ата-әжелер ұлттық тәрбиемен сусындауы керек.

Айтмаханбет Тышқанбаев, ҚР білім беру ісінің үздігі.

Байзақ ауданы.