Қазақ күресі Азия ойындарының қызығын көбейтетін болды
Қазақ күресі Азия ойындарының қызығын көбейтетін болды
Ұлтымыздың төл спорты – қазақ күресін дамыту, өзге елдерге кеңінен таныту мақсатында ұйымдастырылып жүрген «Әлем барысы», «Еуразия барысы» жобалары өз жемісін берді. Иә, еңбектің өтемі бар екен. Бүгінгі таңда қазақ күресі құрлықтық деңгейде мойындалып отыр. Қазақтың қанына сіңген ұлттық спорты саналатын қазақ күресі ағымдағы жылы Түркіменстан астанасы – Ашхабадта өтетін Азия ойындарының бағдарламасына енетін болды. Бұған дейін 22 спорт түрі ресми мойындалып, құрлықтық ойындар бағдарламасына енгізілсе, ендігәрі Азиадада қазақ күресінен де саңлақтар жарыс жолына шығады. Бүкіләлемдік күрес қауымдастығының президенті Ненад Лалович пен Азия Олимпиадалық Кеңесінің президенті Шейх Ахмед Аль- Фахад Аль-Ахмет Аль Сабах Азия ойындарының бағдарламасына қазақ күресін енгізу туралы келісімге қол қойғанда қуаныштан жүрегіміз атқақтап қоя берді. Алдағы уақытта Азия ойындарында құрлық балуандары 70, 90, +90 келі салмақ дәрежелері бойынша сынға түсіп, жүлделер сарапқа салынбақ. Бұл – сөзсіз қазақ күресін әлемге танытуға, ғаламдық деңгейде мойындатуға жасалып отырған алғашқы қадам. Уақыт өтеді, әлі-ақ «Қазақ күресі Олимпиада ойындарына қосылды» деген де жағымды жаңалық елге тарайтын шығар. Құдай сол күнге жеткізсін!
Табиғат АБАИЛДАЕВ, "Ақ жол".