Әлеумет

«Қазақ қымызы» қауымдастығының мақсаты мәнді

«Қазақ қымызы» қауымдастығының мақсаты мәнді

Алманияда сыра фестивалін өткізгендей  елімізде «қымызмұрындық» күнін дәстүрлі түрде өткізсе керемет емес пе?..

Облыстың ұлттық сусынымыз – қымыз өндірушілері бір ұйымға бірігу жөнінде ортақ ұйғарымға келді. Осы орайда облыстық кәсіпкерлер палатасының ықпал етуімен аталған ұлттық өнім түрін өндірушілердің «Қазақ қымызы» қауымдастығы құрылды. Мұндай ұйым құру туралы мәселе былтыр өткен қымыз өндірушілер, кәсіпкерлер және шаруа қожалықтары жетекшілері басқосуында да көтерілген болатын. Олар сол кездің өзінде-ақ қымыз өндірісін қайта түлетіп, дамытуды жандандыру үшін өзара күш біріктіру жөнінде уағдаластыққа да қол жеткізген-ді. Палата мамандары аталған бастама сөз күйінде қалмай, қауымдастықтың құрылып, ресми тіркеуден өтуі жұмыстарының басы-қасында болды. «Бұл – әсіресе, ауыл тұрғындары үшін өте-мөте тиімді әрі мейлінше табысты бағыттардың бірі. Оның үстіне қауымдастықтың өзі қымыз өндірісі технологиясын еліміз аумағына тарату үшін ғана емес, сондай-ақ, сүт бағытындағы жылқы шаруашылығы мен онымен байланысты кәсіпкерлік ісін дамыту мақсатында құрылып отыр», – дейді бұл тұрғыда кәсіпкерлер палатасы агроөндірістік кешен бөлімінің басшысы Руслан Рахымбаев. Бүгінгі таңда аталған қауымдастық құрамына «Заң» ЖШС, «Бекболат», «Жасұлан», «Жуасбек» шаруа қожалықтары, «Сейітжан» жеке кәсіпкерлігі секілді бес шаруашылық еніп отыр. Оған мүшелікке тіркелгісі келетіндер үшін әлі мүмкіндік бар. Жуырда жаңа құрылымның жалпы жиналысы ұйымдастырылып, онда «Заң» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Эльмира Ыбыналиева қауымдастықтың президенті болып бірауыздан сайланған болатын. Бірлестіктің алға қойып отырған бағдарлары мен саланың шешімін күткен мәселелері жөнінде бізге «Заң» ЖШС-ның директоры, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ғылыми-техникалық кеңесінің мүшесі, ТарМУ-дың құрметті профессоры Дүйсенбек Ыбыналиев тарата айтып берді. «Қымыз – қазақстандық брендке айналуға тиіс, – деді ол. – Мысалы, Алманияда жыл сайын өтуі дәстүрге енген сыра фестивалі бар, ал Ұлыбритания шай өнімдерімен әлемге танымал. Ал біздің еліміздің барлық өңірлерінде «Қымызмұрындық» күнін жыл сайын тұрақты түрде аталып өтілуге тиіс». Расында да, осынау ұлттық сусынымыз таңғажайып емдік қасиет-терімен де ерекше-ленетіні әмбеге аян. Халықтық медицинада ол құрт ауруынан емделу үшін де қолданылады. Әрі ағзаға айрықша күш-қуат пен сергектік сыйлайды. Жүйке жүйесіне жақсы әсері бар, ағзаның зат алмасу үдерісін қалпына келтіреді. Ежелгі заманда оны «батырлардың сусыны» атаған. Ол сан түрлі ауруға ем, сырқаттанғандарға ғана емес, дені сау адамдар үшін де өте пайдалы. «Біз осынау сусын түрін әлемге танытып қана қоймай, оның ішкі нарықта өткерілуін, сондай-ақ, экспортқа шығарылуын жүйелі жолға қоюға тиіспіз. Ең бастысы, біз қымыз өндіру ісінің патенттелген технологиясына иеміз. Әдетте, мемлекеттік стандарт талаптары бойынша бүгінгі күні қымыз бар-жоғы 72 сағат қана сақтауға болады. Ал біз бұл мерзімнің 60 күнге дейін ұзартылуына қол жеткіздік! Ендігі жерде әлеуетті тұтынушылардың, оның ішінде шипажайлардың, сауықтыру орындарының, ауруханалардың, басқа да мекемелердің қымызға деген сұранысы көлемін жан-жақты зерттеп біліп алуға да тиіспіз», – дейді Д. Ыбыналиев. Қысқасы, қымыз өндіру ісін ғылыммен ұштастыра жүзеге асыру бүгінгі күні қауымдастықтың маңызды міндеттерінің бірі болып отыр. Жаңа құрылымның алға қойған мақсаттары да ауқымды.

Баймахан АХМЕТ,

"Ақ жол".