Саясат

Қазақ тілі – бірліктің де, тірліктің де ұйытқысы болсын

Қазақ тілі – бірліктің де, тірліктің де ұйытқысы болсын

мемлекеттік тілді меңгергендер саны жыл сайын артып келеді

Өткен жылы Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңі аяқталды. Ол туралы облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева өткен жылы атқарылған жұмыстары туралы есеп беру жиынында мәлімдеді. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысқан жиында басқарма басшысы өткен жылы сала жұмысы жанданып, ауыз толтырып айтарлықтай табыстар болғанын айтты. Облыста мемлекеттік бағдарлама негізінде аумақтық даму бағдарламасында үш нысаналы индикатор көрсетілген. Оған сәйкес 2016 жылы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесін 96 пайызға жеткізу көзделген. Жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесі бойынша ол көрсеткіш 96,72 пайызды құраған. Ал салыстырмалы түрде алар болсақ, мемлекеттік бағдарлама қабылданған 2011 жылы мемлекеттік тілді өңір тұрғындарының 89 пайызы ғана меңгергені көрсетіліпті. 87 этностан құралған 304951 өзге ұлт өкілдерінің 62 пайызға жуығы қазақ тілін еркін меңгергендер. Бұл этнос өкілдерінің мемлекеттік тілдің келешектегі толыққанды сұранысына сеніп, жарқын болашағына үміт артуының бірден-бір дәлелі. Атап өтетін бір мәселе – тіл үйренушілердің оқыту курстарына қатысу деңгейі. «Курстарға жазыла тұра, түрлі сылтаулармен толық аяқтамай, сабақ келесі күнге жылжытылып, оқыту мерзімі ұзартылып жатыр. Осыған байланысты, әр мекеме басшылары тіл үйренушілердің сабаққа толық қатысуын бақылап отырғаны ләзім», – дейді басқарма басшысы. Сондай-ақ, жиында ономастика мәселелері төңірегінде атқарылған жұмыстар барысы да айтылды. – Өңірдегі ономастика саласын жүйелендіру мақсатында әрі қазіргі идеологиялық көзқарас бойынша көнерген және оларға жаңа атау беру пікір қайшылығын тудырмайтын елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктеріне (көшелер) және физика-географиялық атауларды топонимикалық тарихи атауларға өзгерту шараларын қабылдау бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен ономастика саласында кемшіліктер де жоқ емес. Облыста саяси-идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулардың жалпы саны – 1018, оның ішінде 970 көше, 7 ауылдық округ, 17 елді мекен және 24 нысан қайта атауды талап етеді. Мысалы, Советская, Октябрьская, Комсомольская, Ленин сияқты кейінгі ұрпаққа мүлдем жат атаулардан әлі арыла алмай келеміз. Бұндай атаулар көше, қиылыс, тіпті елді мекендерде бір емес, бірнеше рет кездесетінін айта кету керек, – деді Ғалия Бектенқызы өз сөзінде. Баяндамамен мұқият танысқан жиынға қатысушылар өз кезегінде сөз алып, ойларын ортаға салды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Нұрбапаұлы басқарма басшысының есебін «қанағаттанарлық» деп бағалады.

Жанғазы АХМЕТ,

"Ақ жол".