Ел мен елді табыстыруға бағытталған батыл қадам
Ел мен елді табыстыруға бағытталған батыл қадам
Біз бірлік бар жерде – тірлік барын ұққан халықпыз. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық, бейбітшілік пен келісім үстемдік құрған жерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатынын еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы тәжірибесі дәлелдеп берді. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, әлемдегі өзінің беделі қалыптасып, ілгері басып келеді. Әлемдік кеңістікте күллі адамзаттың бейбітшілігі мен келісімін сақтау жолында еңбек етіп жүрген Елбасымыз бар еңселі елміз. Өз еліміздің бейбіт тіршілігін өзгелерге үлгі етіп, төрткүл дүниенің тыныштық бесігінде тербетілуіне шын ықыласымызбен ынталы екенімізді дәлелдеп жүрміз.
Өткен жылы Елбасымыз Н.Назарбаевтың шын мәнінде ХХІ ғасырда өмір сүретін және жұмыс істейтін өскелең ұрпақтың тағдырына шынайы алаңдаушылықтан туындаған «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесі де әлем халықтарын бейбітшілікке үндегені Қазақстанның бейбітшілік сүйгіш ел екендігін дәлелдегені сөзсіз. Елорда төрінде екі күн бойы өткен Сирия мәселелерін реттеу бойынша халықаралық келіссөздер де біздің бітімгерлікке бейіл болмысымызды айшықтай түсті. Астананы ара ағайындық алаңына айналдырған алқалы жиынның қорытындысы бойынша тараптар Шам еліндегі бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан қақ-тығыстарды бітімгерлік жолмен шешу бағытында бірқатар маңызды шешімдер қабылдады. Ол туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жіті біліп, жан-жақты танысып отырмыз. Осыдан бес-алты жыл бұрын Сирияда басталған қантөгіс шиеленістен бергі уақытта Қазақстан бұл дағдарысты әскери қарудың күшімен емес, тек дипломатиялық жолмен ғана шешуге болатынын әлем жұртшылығына әлденеше рет жария еткен және бұл тұрғыда өз тарапынан нақты іс-шараларды қолға алып келеді. Айталық, 2012 жылы Президент Н.Назарбаев Сириядағы бүлікті бейбіт жолмен тоқтату үшін қарсылас тараптарды келіссөздерге шақырып, оларға Қазақстан жағынан барлық көмек көрсетілетінін мәлімдеген болатын. Айталық, бәріміздің есімізде, 2015 жылғы мамыр айында Қазақстан Сириядағы оппозиция өкілдерінің бірінші тобын қабылдап, дағдарысты дипломатиялық жолмен шешуге бағытталған келіссөздердің бірінші раундын өткізуге бастамашы болса, сол жылы қазанда екінші раундының сәтті өтуіне де толықтай ықпал етті. Сол арқылы қол жеткен келісімдердің арқасында қоршауда қалған мыңдаған адамның босап шығуына мүмкіндік тудырғанын да елеп айтуымыз керек. Мемлекет басшысы Астанадағы кездесу Сириядағы ахуалды бейбіт реттеуге бағытталған халықаралық қоғамдастық күш-жігерінің жарқын үлгісі саналатындығын өз үндеуінде баса айтып өтті. «Қазақстан Сирия шиеленісін шешудің жалғыз дұрыс жолы өзара сенім мен өзара түсіністікке негізделген келіссөздер болуы тиіс деп санайды. Біз сириялық босқындардың бейнетін жеңілдету үшін 700 мың доллардан астам қаржы бөлдік, таяуда азық-түлік түріндегі 500 тонна гуманитарлық жүк жөнелттік. Астанадағы кездесу барлық мүдделі тараптардың БҰҰ қамқорлығындағы женевалық процесс аясында сириялық дағдарысты оңтайлы шешуді қамтамасыз ететіндігіне және Сириядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату ісіне лайықты үлес қосатындығына сенім білдіремін. Шамамен 6 жыл бойы жалғасып жатқан қантөгіс жанжал түрлі өркениет пен мәдениет тоғысқан қасиетті өлкеге қайғы-қасіреттен басқа ештеңе әкелмегендігін мойындауға мәжбүрміз. Қазақстан бейбітсүйгіш ел және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Таяу Шығыс өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықтың орнап, беки түсуіне мүдделілік танытады», – деген Елбасымыздың сөзі еліміздің әлем назарын аударып отырған Сирия дағдарысына деген нақты көзқарасын білдіреді. Естіп білгеніміздей, Астана процесінде тараптар атысты тоқтатуды қамтамасыз ету мәселесіне басты назар аударды. Бес жылдан бері жалғасып жатқан, шеті мен шегі көрінбейтін соғыстан зардап шеккен Сирия халқының тағдырына көз жүгіртсек, оның қаншалықты маңызды екенін ұғынуға, сезінуге болады. Оқ пен отқа оранған елдің аумағында қазір қаншама адам ас-суға тарығып, сырттан келетін гуманитарлық көмекке зәру болуда. Мыңдаған адам ажал құшса, олардың қатарындағы күнәсіз сәбилер мен балалардың өлімі де жүректі аяздай қариды. Қираған қала, шайқалған шаңырақ, жетім балас, жесір ана осының бәрі Сирияда орын алып жатқан тірі картиналар. Осы орайда, олардың мұқтажын өтеу үшін басқа елдермен қатар, Қазақстан да қолынан келген жәрдемін аяп қалған емес. Оны Елбасымыз өз сөзінде айтып өтті. Шам елін шырғалаңнан біржола құтқаруға үлес қосу үшін халықаралық келіссөздер алаңын ұйымдастыруға да барынша бет бұрып жатырмыз. Бұған дейін бастары бір қазанға сыймай келген тараптардың Астанада бас қосып, маңызды шешімдер қабылдағанының өзі неге тұрады?! Қос тараптардың ымыраға келуіне тиісінше үлес қосқанымыздың өзі де үлкен жеңіс. Қашаннан қанымызға сіңген ара ағайындық, мәмілегерлік қасиетіміз бізді ұлы істерге жетелеуде. Астана процесі де осы тұрғыдан өз нәтижесін береді деп ойлаймыз. Бұл, келіссөздер еліміздің, Елордамыздың беделін биіктетіп қана қоймай, әлемде тыныштық, бейбітшілік орнауына да ықпал етсе екен деген тілек қана біздің жүрегіміздегі. Өйткені, ынтымақ пен бірлік орнаған жерде береке мен мерекелі өмір салтанат құрары баршаға аян.
Еркінбек СОЛТЫБАЕВ, облыстық ардагерлер кеңесі ұйымының төрағасы.