«Трафикті тоқтат!»
«Трафикті тоқтат!»
Облыс полицейлері облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы және «Болашақ» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, теміржол бекеті аумағында «Құлдыққа келіспе!» жобасы аясында «Трафикті тоқтат!» атты кең көлемді акция өткізді.
Акцияның негізгі мақсаты – адам саудасы мен жасырын көші-қонға жол бермеу үшін көпшілікті ақпараттық алдын алу болып табылады. Өткізу орны да кездейсоқ таңдалған жоқ. Теміржол бекеті арқылы жолаушылардың үлкен легі өтетіні белгілі. Олардың арасында облыстан тыс жерлерге жұмыс іздеп шығатын жастар мен мигранттар да болады. Перрондағы және вагондағы жолаушыларға «Жұмыс іздеп жүрсіздер ме?», «Өз балаларымызды қорғайық», «Құлдыққа келіспе!» тағы сол сияқты буклеттер мен брошюралар таратылды. Барлығы үш мыңға жуық баспа өнімдері үлестірілді. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан құтқару, тұрмыстық әлімжеттік мәселелері бойынша ауызша кеңестер берілді. Акция барысында әртүрлі жастағы азаматтар ұйымдастырушыларға адам тағдырына бей-жай қарамағандары үшін, белсенді азаматтық ұстанымы мен осындай пайдалы, әрі маңызды жұмыстары үшін алғыстарын білдіріп жатты.
Гүлсара МҰХТАРҚҰЛОВА, облыстық ІІД баспасөз қызметі бөлімінің басшысы.