Денсаулық

20 жастағы бойжеткен мал өсіріп, кәсібін дөңгелетіп отыр

20 жастағы бойжеткен мал өсіріп, кәсібін дөңгелетіп отыр

20 жастағы Сая Ақанова ойға алған ісін жүзеге асыру үшін «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасын пайдаланған.

Жас әрі сұлу арудың сиырқорада жүргеніне алғашқыда көзіміз үйренбеді. Ал 20 жастағы Сая Ақанованың мүлде бос уақыты жоқ, сондықтан ол сұхбатты өгіздерін жемдей жүріп берді.

Күршім ауылының тұрғыны колледжді бітіре салысымен, мал шаруашылығымен айналысу туралы шешім қабылдапты. Оқуды жаңа бітірген техник-байланысшыға туған жерінде жұмыс табыла қоймаған, алайда оған Кәсіпкерлер палатасы дер кезінде көмек берді.

Ол жақтағылар қыздың ауылда бизнес бастау туралы идеясына қолдау көрсетіп, отбасылық мал бордақылайтын алаң ашуға қажетті құжаттар жинауға көмектесті, бизнес-жоспар құруға бір кісідей атсалысты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие алу үшін құжаттар өткізілді, өткен жылдың қараша айында несие беріліп, жоба іске асырыла бастады.

Саяның өз бизнесін құруға деген құмарлығы бүкіл отбасын ортақ іске жұмылдыруға сеп болды. Оның айтуынша, дәл осы бағытты таңдауда ата-анасы жастайынан бойына сіңірген шыдамдылық, табандылық сияқты қасиеттер зор рөл атқарған екен.

Күршімдіктер Сая Ақанованы ашық, ақкөңіл, жайдары қыз ретінде таниды және осы қасиеттері оны ауданның жетекші кәсіпкері атануға көмектеседі деген сенімде.

Осылайша, жас кәсіпкерлерді қолдаудың мемлекеттік тетігі тағы бір биік мақсаттың іске асуына түрткі болды. Сая Ақанованың ендігі арманы – шағын мал бордақылау алаңын ірі шаруа қожалығына айналдыру.

ақпарат көзі: Baq.kz