Денсаулық

Нұрсұлтан Назарбаев өзіне тиесілі билікті бөліп беруге кірісті

Нұрсұлтан Назарбаев өзіне тиесілі билікті бөліп беруге кірісті

Бүгін Ақордада жұмыс тобымен алғашқы жиын өткізген Елбасы өз өкілеттігінің біраз бөлігін Үкімет пен Парламентке өткізу мәселесін қарады. Яғни, бұдан былай мемлекеттік бағдарламалар, экономикалық реформалар мен заңдарды Парламент өзі қабылдап, оның орындалуына Үкіметпен бірге жауап беруі тиіс.

Ал, Елбасы ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс, ішкі-сыртқы саясат, мемлекеттік басқару секілді негізгі шаруаларды ғана атқармақ.

Еліміз басқарудың жаңа жүйесіне ауысатынын Елбасы бұған дейін жолдаулары мен түрлі жиындарда айтқан. Ол үшін Нұрсұлтан Назарбаев өз құзыретінің жартысын Үкімет пен Парламентке бөліп беруге дайын екенін мәлімдеп, шаруаны іске асыру үшін жұмыс тобын да құруға тапсырма берген болатын.

Әділбек Жақсыбеков бастаған сол жұмыс тобын бүгін Ақордаға шақыртқан Назарбаев, билік тармақтары арасында өкілеттікті бөлу мәселесін қарады. Осы жерде Елбасы конституцияда президентке көп міндеттердің жүктелгенін айтып, құзыретінің біраз бөлігін Үкімет пен Парламентке теңдей бөліп беру мәселесін тағы көтерді.

“25 жылдың ішінде Конституцияда бар қағидаларды орындап, осындай жетістіктерге жеттік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш. Тыныштықты сақтадық ішімізде. Бірталай экономикалық жетістіктерге жеттік. Енді әрі қарай жылжу үшін 5 мемлекеттің мен айтқан қадамы бар. Оның ішінде бесінші айтқан жүйеде “Ашық Үкімет” демократияландыру деген мәселесі бар. Сондықтан қазіргі жағдайда қарап, Президенттің өзіне алған бірнеше өкілеттігін Үкіметке қарай жылжыту мәселесін қарауымыз керек”, – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Яғни, сол президенттің өкілеттілігін Үкімет пен Парламентке қарай жылжыту үшін конститутцияға 40-қа тарта өзгеріс енгізу ұсынылып отыр.

Егер ол мақұлданып жатса, президентке жүктелген шаруаның бір бөлігін Үкімет пен Парламент Елбасының араласуынсыз-ақ атқара береді. Яғни, министрлерді қазіргідей Назарбаев емес, перьер-министр өзі тағайындайды. Әрі экономика саласындағы ауқымды реформаларға да президент араласпайды. Оларға қатысты шешімді Үкімет пен Парламент өзі қабылдап, нәтижесіне де өздері жауап беруі тиіс.

“Бағдарлама жасалады, сосын маған жіберіледі. Мен оны бекітемін. Парламент бағдарламаның жасалғаны, бекітілгенін, орындалғанын қадағалап отыруы тиіс. Үнемі тапсырылған есептерді естіп, үнемі тапсырма береміз – үкімет міне солай жұмыс істейді. Бұлай болмауы тиіс. Әрбір атқарушы орган өз ісімен айналысуы керек”, – дейді президент

Ал, Елбасының құзыретіне ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс, ішкі, сыртқы саясат, мемлекеттік басқару мен конституцияны қорғау секілді негізгі міндеттер ғана кіреді. Әрі Үкімет пен Парламенттің жұмысын сырттай бақылап отырмақ.

Десе де еліміз басқарудың жаңа жүйесіне қашаннан бастап ауысатыны белгісіз. Жұмыс тобы билік жүйесінің құзіретін тағы жіті қарап шығуы тиіс. Кейін қажет болса, өзгерістер енгізеді. Сөйтіп, Үкімет пен Парламентке жүктелер жауапкершілік пен жұмыстың екі есе артатыны анық.

ақпарат көзі: stan.kz