Сыбайластық сан соқтырады
Сыбайластық сан соқтырады
Сыбайлас жемқорлық – қазіргі таңда қоғамдағы өткір мәселелердің бірі. Аталған дертпен күресу, жемқорлықтың жолын кесу әрбір азаматтың парызы. Мемлекет тарапынан осы қауіпті кеселдің алдын алу мен оны болдырмау жөнінде нақты шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, «Қазақстан республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан республикасы Үкіметінің қабылдаған №234 Қаулысы осы бағыттағы маңызды құжат болып табылады. Сондай-ақ, өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қолданысқа енгізілді. Облыс әкімдігі дін істері басқармасы тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша іс-шаралар жоспары жүйелі түрде орындалып келеді. Басқарманың dini.zhambyl.kz ресми сайтында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша арнайы тараулардың жұмыс істеуі қамтамасыз етілген. Басқарма мен дін проблемаларын зерттеу орталығы қызметкерлерінің, облыс аумағында орналасқан діни бірлестіктердің басшылары мен өкілдерінің қатысуымен аталмыш Заң нормаларын түсіндіру, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана мен мәдениетті қалыптастыру мақсатында тұрақты түрде семинар-кеңестер мен «дөңгелек үстел» отырыстары ұйымдастырылып тұрады. Шаралар барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен болдырмау шараларын күшейту, сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың жылдан-жылға өсу фактісін ескере отырып, ұжым арасында үгіт жұмыстарын жүргізу, мемлекеттік қызметшілердің қолданыстағы заңнама нормаларын сақтауын және қызметтік міндеттерін тиісті дәрежеде орындалуына қатаң бақылау жүргізу туралы жан-жақты түсіндіріледі. Сонымен бірге, діни бірлестіктерде өткізілетін діни рәсімдерде, оқылатын уағыздарда халыққа тұрақты түрде Қазақстан республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларының нормалары, сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау мақсатында және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл әрекеттері туралы мешіт және шіркеу келушілеріне айтылып отырады. Басқармамен мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізудің ашықтығын арттыру мақсатында мемлекеттік сатып алу веб-порталына тапсырыстарды орналастыру және сатып алулар бойынша конкурстар өткізу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті мен басқарма арасында осы бағыттағы бірлескен іс-шаралар жоспары бекітіліп, аталған жоспармен нақты жұмыстар жүзеге асырылуда. Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу – мемлекеттік органдардың, мемлекеттік қызметкерлердің, тұтастай қоғамның басты міндеті мен борышы, осы кеселге қатаң бағытталған мемлекеттік бағдарлама жоғары деңгейдегі жауаптылықпен іске асырылуы тиіс. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында бүгінде мемлекетіміздің нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар мен іс-шаралар қабылданып, ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайы түзеліп, әлем мемлекеттерінің ортасынан өз орнын айқындады. Бүкіл әлемге өзінің біртұтастығымен, ажырамас бірлігімен танылды. Қоғам дамуының жаңа жолын таңдап, уақыттан туындаған әртүрлі кеселдерден айығуды міндет етіп қойды. Ол жол –сыбайлас жемқорлықпен күрес жолы.
Жангелді ОМАРОВ, облыс әкімдігінің дін істері басқармасының басшысы.