Саясат

Төрт түлік көбейді, шаруа түзелді

Төрт түлік көбейді, шаруа түзелді

Ботамойнақ ауылдық округіне қарасты үш елді мекен бар, тұрғындар саны – 5800. Ішіндегі ең үлкен ауыл Байзақта 4963 тұрғын тұрады. 600-і Ботамойнақта, қалғаны Үшбұлақ стансасын қоныс еткен. Ауылдық округте 1 су тұтынушылар селолық кооперативі, 55 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі мен 289 шаруа қожалығы тіркелген. Есепті жиыннан білгеніміз, қазіргі кезде нақты жұмыс істеп тұрған шаруа қожалық саны – 260 екен. Былтыр 2 шаруашылық «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 17 миллион 550 мың теңге несиеге 93 сиыр мен 6 бұқа алыпты. «Алтын асық» бағдарламасының арқасында 4 миллион 100 мың теңгеге 178 қой мен 12 қошқар сатып алған шаруашылық бар екен. Ал «Құлан» бағдарламасы аясында 30 миллион 350 мың теңгенің 28 миллион 600 мың теңгесіне 2 шаруашылық иесі қол жеткізіп, 106 бие мен 6 айғыр сатып алыпты. Ботамойнақ ауылдық округінің әкімі Еркін Заурбеков округ тұрғындары алдында берген есебінде жыл бойы атқарылған жұмыстарды тегіс баяндады. Оның айтуынша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының 2-бағыты бойынша 10 азаматқа 26 миллион 500 мың теңге несие беріліп, мал шаруашылығымен айналысуына жағдай жасалған. «Нұр Отан» партиясының ықпал етуімен жұмыссыз жүрген 5 адам 28 миллион 500 мың теңге несие алып, қазір 80 жылқы мен 54 мүйізді ірі қараны бордақылап, бірді екі етіп отырған жайы бар. Ауыл әкімі мемлекеттік бағдарламалардың істің көзін тапқан шаруаға да, қарапайым тұрғындарға да тигізер пайдасы көп дейді. Мәселен, «Бизнестің жол картасы – 2020» және Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында «База-Cervis» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алдыңғы жылы «Тандем» көкөністер сақтау қоймасы құрылысына мемлекеттен қосымша 700 миллион қаражат алып, биыл өз қаражаты есебінен 30 миллион теңге қосып, сыйымдылығы 10 тоннаға жуық тауар сақтайтын қойманы іске қосыпты. Көкөніс сақтайтын қойманың жоқтығынан, қыстың күні сырттан тасымалдап, қымбатқа ұрынып отырғандар бұл істің игілігі болатынын жақсы түсінеді. Бұған қоса Байзақ ауылындағы Байдешова және Жамбыл көшесінің аралығына 3000 метр жерге электр жарығы орнатылды. Әкім ауыл ішілік жолды жөндеуге «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 5 миллион 31 мың теңге бөлініп игерілгенін, енді үнемделген 319 мың 200 теңге қаржы екі аялдама салуға жұмсалатынын жеткізді. Ауыл әкімі ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру мәселесі, елді мекендегі санитарияны қамтамасыз ету, аулаларды абаттандыру, әкімшілік құқық бұзушылық, қылмыстың алдын алу, жергілікті салықтардың орындалуы, әскери есеп жүргізу, жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздерінен түскен қаражаттың жұмсалуы секілді жұмыстардың барысына егжей-тегжейлі тоқталды. Ауыл тұрғындарының айтары да көп екен. Ешенқұл Мақұлбаев бейіт маңын қоршап, сол жерді заңдастыру туралы мәселе көтерді. Шаяхмет Сатыбалдиев мал жайылатын өрістің тарылып бара жатқанын айтып, жайылымдық жерді жеке меншік иелігінен қайтарып алудың қандай жолы бар екенін сұрады. Әлжан Бүрлібаев қаңғыбас иттердің көбейіп бара жатқанын айтып, жұқпалы аурулардың алдын алу үшін сақтық шараларын қолдану қажет деп ұсыныс жасады. Жалпы, тұрғындардың ауылдық округ әкімінің есебіне берген бағасы оң болды.

Айгүл Есжанова, С.Абланов атындағы орта мектептің директоры.

Байзақ ауданы.