«Денсаулық» үшін... алып қойған жоқ, жарысты
«Денсаулық» үшін... алып қойған жоқ, жарысты
EXPO – 2017 халықаралық көрмесіне арналған М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың профессорлар, оқытушылар мен қызметкерлері арасындағы факультетаралық дәстүрлі «Денсаулық» спартакиадасы өз мәресіне жетті. Университет қызметкерлері арасында саламатты өмір салтын қолдауды мақсат еткен жарыстың ашылу салтанатында оқу ордасының ректоры Махметғали Сарыбеков сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Волейбол, тоғызқұмалақ, шахмат, баскетбол, үстел теннисі, қол күресі секілді бірқатар спорт түрлерін қамтыған жарыс қызықты өтті. Жарыс қорытындысында волейболдан ерлер арасында су шаруашылығы, экология және құрылыс факультеті топ жарса, арулар бәсекесінде гуманитарлық әлеуметтік ғылымдар факультеті жеңімпаз атанды. Ал шағын футбол сынында бірінші орынға мұнай, газ және механика факультетінің қызметкерлері ие болды. Гір тасын көтеру сынында да мұнай, газ және механика факультетінің қызметкерлеріне тең келер қарсылас табылмады. Арқан тарту спортында «Күзет қызметінің» командасы қарсыластарынан бір бас жоғары екендіктерін байқата біліп, дода жеңімпазы атанды. Жарыс барысында жасындай жарқыраған өзге де факультет командалары жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрінді. Спартакиадада жеңімпаз атанған командалармен бірқатарда аламанға белсенді қатысқан азаматтар, жақсы ойын үлгісін көрсеткен ұстаздар қауымы марапаттан тысқары қалған жоқ. Жалпы, ұстаздар арасындағы достықты, саламатты өмір салтын насихаттаған дәстүрлі дода жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Айтулы аламанның басы-қасынан табылған университет ректоры жеңімаздардың қуанышын бөлісті.
Табиғат АБАИЛДАЕВ,
"Ақ жол".