Жаңа бағдарламамен жарқын жетістіктерге
Жаңа бағдарламамен жарқын жетістіктерге
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында еліміздегі жаңартылған білім беру мазмұнына қатысты жетістіктерді насихаттау мақсатында Сарыкемер ауылы Бұрыл орта мектебінде «Жаңартылған бағдарлама – білім берудің жаңа мазмұны» тақырыбында аудандық семинар өтті. Оған тарих және құқық пәндерінің мұғалімдері қатысты. Аталмыш институттың тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру кафедрасының аға оқытушылары, семинар модераторлары Айгерім Құлтаева мен Бибі Ысқақова жиынды, ашып, жүргізіп отырды. Олар семинардың бірінші кезеңінде қатысушылардың назарын білім мазмұнын жаңарту жағдайында тиімді жоспарлаудың жаңаша тәсілдеріне аударды. Сондай-ақ, семинарда пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасының мақсаттары мен мазмұнына орта мерзімді және қысқа мерзімді жоспарлаудың ерекшеліктерін интерактивті әдістер арқылы сабақты модельдеу, сабақта функционалдық сауаттылықты қалыптастыру мәселелері қарастырылды. Модераторлар жаңартылған білім беру бағдарламасының мазмұны мен мақсатын, ерекшеліктерін барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. – Жаңартылған білім беру бағдарламасының мазмұны мен мақсаты ең алдымен оқушылар бойында дағдылар мен пәндік білімдер ғана қалыптастырмай, сындарлы шешім қабылдауына мүмкіндік беру болғандықтан, семинар барысында мұғалімдермен топтық жұмыс түрлері және «Поп-корн», «Прожектор», «Стоп кадр», «Сөздік» ойындары сияқты оқытудың белсенді стратегияларын қолданып, мақсатқа жеттік. Сонымен қатар, қалыптастырушы бағалаудың тиімді қолдану дағдыларын қалыптастыра алдық, – деді Бибі Арғынбайқызы.
Жанғазы АХМЕТ,
"Ақ жол".
Байзақ ауданы.