АЛАШТЫҢ АЛАТАУЫ ӘЛЕМГЕ ТАНЫЛАДЫ
АЛАШТЫҢ АЛАТАУЫ ӘЛЕМГЕ ТАНЫЛАДЫ
Ару қала Алматыда 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтетін бүкіләлемдік қысқы Универсиаданы қабылдауға нысандар сақадай-сай дайын тұр. Доданың басталуына бар болғаны 8 күн қалды. Еліміз үшін үлкен маңызы бар айтулы аламан жеңімпаздары қандай медальдарға иелік етеді? 12 спорт түрінен 85 медаль жиынтығы сарапқа салынатын додада медальдар қайда әзірленгені белгілі болды. Шаңғы жарысы, биатлон, фристайл, сноуборд және өзге бірқатар спорт түрлері бойынша топ жарған саңлақтар елімізде алғаш рет Тәуелсіздік сарайында марапатталады. Әлбетте, олар бейресми түрде жүлделерін алдымен жарыс алаңында иеленеді. Алайда, ресми түрде Тәуелсіздік сарайына қарасты «Медаль плаза» нысанында салтанатты түрде жүлделер жеңімпаздарға табысталмақ. Жеңімпаздарға тапсырылатын медальдар доданың брендбугіне сай әзірленіпті. Оған ұлттық нақыштағы өрнектер енгізілген көрінеді. Белгілі болғандай медальдар теңге сарайында дайындалыпты. Қысқы Универсиада жеңімпазына тапсырылатын медаль сары түсті жезден құйылса, екінші орын иегеріне берілетін медаль мельхиор металынан жасалынған. Сондай-ақ, қола жүлде қоңыр түсті металдан әзірленіпті. Жұртшылықты қызық-тыратын тағы бір дерекке тоқтала кеткенді жөн көріп отырмыз. Еліміздің намысын қорғаған спортшылар жүлдегерлер қатарынан көрінсе, қанша сыйақы алады? Бұл туралы еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ресми хабарлады. «Қысқы Универсиада чемпионына 4 миллион 900 мың, күміс жүлде иегеріне 3 миллион 300 мың, қолаға қол жеткізген оғландарымызға 1 миллион 600 мың теңге көлемінде сыйақы беріледі. Осы көлемдегі қаржымен жеңімпаздардың бапкерлерін де марапаттайтын боламыз», – дейді министр.
Табиғат АБАИЛДАЕВ,
"Ақ жол".