Көп бала көгергенімізге жақсы
Көп бала көгергенімізге жақсы
Еліміздің «Қазақстан – 2050» Стратегиялық дамуы бағдарламасы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы. Осынау стратегиялық ұлы жоспарды іске асыру қазақстандықтардың санын көбейту мәселесіне де тікелей байланысты.
Осы орайда облыстық «Ақ жол» газетінің үстіміздегі жылғы 5 қаңтардағы нөмірінде жарық көрген журналист Баймаханбет Ахметтің «Тәубе, он сегіз миллионнан астық» атты мақаласы халқымыздың әлеуметтік-демографиялық мәселесін, отбасын берік сақтауға, жетім-жесірлер санын мейлінше азайтуға, «аборт» жасату деген сұмдықты тоқтатып, тосқауыл қоюға мүмкіндік беретін жолдарды дер мезгілінде көтеріп отыр деп есептейміз. Онда айтылған ұсыныс, идеяларды толықтай қолдаймыз. Бұл мәселелерді тездетіп ҚР Парламенті назарына ұсынған жөн. Дегенмен, барлық нәрсе төменнен бастау алатыны белгілі. Сондықтан, біз де текке қол қусырып қарап отырмайық. Жас қыздарымыздың «түсік» жасату арқылы болашақ ұрпақтың жолын шектеуі мәселесіне қатысы бар дәрігерлерді, ата-аналарды кең көлемде қатыстыра отырып, жиындар өткізіп, байыпты бір шешімге келуге тиіспіз. Дәрігерлерімізді алдарына келген қыз-келіншектерді мұңайтпай, жылы сөздерін, ақыл-кеңестерін айтып, «аборт» жасатпай, сәбиді дүниеге аман-есен әкелуіне ұйытқы болуға, ал ата-аналарды осындай күтпеген жағдайда ашуларын сабырға жеңдіруге, жалған намысты ойламауға, Құдай алдында күнәһар болмауға шақыруымыз керек. Болашақ сәбидің еш кінәсі жоқ екенін, оны Құдайдың берген сыйы деп қабылдауымыз керектігін, әрбір нәресте өмірге өз несібесімен келетінін жастарға жете түсіндіруге баршамыз болып (бірінші кезекте қазақтардың өздері) атсалысқанымыз жөн. Тағы бір жай, Парламент депутаттары осынау тағдырлы мәселеде неге жалтақтық танытатынын түсінбеймін. Қазақтың мәселесін ұлттық ерекшеліктерімізді, салт-дәстүрлерімізді, ділімізді сақтай отырып өзіміз оңтайлы шешпесек, біз үшін оны басқа ешкім де қолдан жасап бермейді ғой! Көбейгеніміз өзімізге, қазаққа керек. Осы тұрғыда заң күші бар батыл шешімдер қабылданса, құба-құп болар еді. Бұдан осы кезге дейінгі заңдардағы, нормативтік-құқықтық актілердегі ата-ана жауапкершілігі күшеймесе, маңызы еш төмендемейді деп ойлаймыз. Бұдан келешекте мемлекет те, қоғам да, ұлтымыз да, ата-аналар да тек ұтатын болады деп нық сеніммен айта аламыз. Депутаттар орынтағында халық тағдырына, келешегіне, мүддесіне байланысты мәселелерді батыл көтеріп, оң шешімдер қабылдай алатын азаматтардың отырғаны жөн. Мысалы, кезінде экс-мәжілісмен жерлесіміз А. Момышевтың осы мәселені көтеріп, біраз шырылдағаны есімізде. Алайда оның айтқандары әріптестері тарапынан жеткілікті деңгейде қолдау таппады. Шешімін күткен бұдан өзге маңызды іс жоқтай, осы мәселенің қабырғасынан қойылуы кейбіреулердің күлкісін де келтірді. Мұны күлкі, келеке ету қазақ халқының тағдырына, келешегіне немқұрайлы қараудан басқа ештеңе де емес. Сондықтан, бұл мәселені созбақтата берудің де еш реті жоқ. Әйтпесе, тым кеш болады. Мына іргеміздегі өзбек ағайындарымыз қазірдің өзінде 32 миллиондық межеден де асып отыр. Әрекетсіздіктің түбі – сор. Ал жоғарыда аталған мақалада көтерілген мәселе қазіргі кездегі мемлекетіміздің басым бағыттарының да бірі. Өйткені, ел, мемлекет болашағы, тәуелсіздікті сақтау, экономикамызды дамыту, «Мәңгілік Ел» болу идеясын іске асыру мақалаға арқау болған мәселені оң шешпей, қазақстандықтардың бірінші кезекте қазақтың санын көбейтпей, тек қағаз жүзінде қалып қоюы әбден мүмкін. Қысқасы, еліміздегі отбасылық-демогарафиялық қатынастардың қайта қаралып, реттелетін кезі жетті. Халқымыздың саны көбеюі керек. Бүгінгідей мүмкіндік әр кезде де бола бермейді.
Билібай МҮСІЛІМОВ, ТарМПИ-дың доценті,
физика-математика ғылымдарының кандидаты.