Экономика

Көкөніс өсіруді көптеп қолға алса

Көкөніс өсіруді көптеп қолға алса

Егін өсіруге қолайлы екеніне қарамастан облысымызға көкөніс көбінесе Өзбекстан мен Қырғыз Республикаларынан, одан қалды іргедегі Оңтүстік Қазақстан облысынан тасымалданып келді. Одан базардағы сауда орындары мен жеке дүкендерге там-тұмдап түсетін тиын-тебен болмаса, бюджетке пайда жоқ. Қайта жергілікті халықтың қолма-қол ақшасы облыс аумағынан тасқары кетіп жатты. Сырттан тасымалданған өнімнің сапасы да сын көтермейтін. Әсіресе, жаздың аптап ыстығында көкөністің кейбір түрлері бүлініп кететін. Елбасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, елімізді ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі державаға айналдыру туралы берген тапсырмасын орындау мақсатында облыс басшылығы осы бір түйткілді мәселені түпкілікті шешіп, облыс халқын жылдың төрт мезгілінде де қияр, қызанақ, басқа да көкөніспен жергілікті жерде-ақ толық қамтамасыз етіп, артылған өнімді экспортқа шығару үшін жылыжай аумағын ұлғайтуға облыстық ауыл шаруашылық басқармасына, аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Оған жан-жақты қолдау-көмек те көрсетілді. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасы егін шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәкір Момынқұловтан алған мәліметке қарағанда, бүгінде облыс бойынша жылыжай көлемінің жалпы аумағы 25,103 гектарды құрайды. Оның ішінде, Байзақ ауданында – 5,1, Жамбыл ауданында – 15,133, Қордай ауданында – 2, Т.Рысқұлов ауданында – 0,2, Шу ауданында – 1,72, Мойынқұм ауданында – 0,08 және Тараз қаласында 0,87 гектар. 27 шаруашылықта барлығы 307 жылыжай бар. 301 фермерлік жылыжайдың аумағы 17,553 гектарды құраса, 6 өнеркәсіптік жылыжай 7,55 гектар алқапқа орналасқан.14,4 миллион гектардан астам жерді алып жатқан облыс аумағының 72 пайызы тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға қолайлы аймақ болғандықтан, бұл әлі де теңізге тамған тамшыдай-ақ. Жалпы көлемде жұмыс істеп, тұрақты өнім беріп тұрған жылыжайдың аумағы 19,7 гектар екенін ескерсек, облыс тұрғындарын жеткілікті көкөніспен қамтамасыз етуге бұл әлі де аздық етеді. Сондықтан, оның аумағын ұлғайта беру күн тәртібінен түспеуі тиіс. Егер облыс тұтынушыларынан артылып жатса, өнімді облыстан тыс өңірлерге, тіпті, экспортқа да шығаруға болады. 2016 жылы жылыжайда көкөніс өсірудің екінші маусымында 627,21 тонна қияр, 211,38 тонна қызанақ, 75,9 тонна басқа дақылдар өндірілген. Бұл миллионнан аса халқы бар өңір үшін көп өнім емес. Былтырғы қараша айында Байзақ және Жамбыл аудандарындағы қатты дауылдың әсерінен жылыжайлардағы екінші кезеңде өсірілген көкөніс дақылдары жарамсыз болып, жоспарланған өнім толық жиналмай қалған. Жамбыл ауданындағы «Азамат», «Орақбай», «Медеу», «Омар», «Шоқай Жеміс», Байзақ ауданындағы «Талап», «Манат», «Серік», «Ұлан» және «ТИГУ биологиялық зертханасы» шаруашылықтарындағы жылыжайларға табиғат құбылысының әжептәуір зардабы да тиді. Қазір оларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Әне-міне дегенше бірінші кезеңдегі өнімді отырғызу басталады. Жөндеу жұмыстарын тездеткен жөн. Кейінгі жылдары ауа райы сан құбылып, төтенше жағдай орын алып жататынын құрылыс және жөндеу жұмыстары кезінде естен шығармаған абзал. Биылғы қаңтарда Жамбыл ауданында «Орақбай» шаруа қожалығы 1,2 гектарға, Қордай ауданында «Грин Вилл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1 гектарға жаңа типтегі өнеркәсіптік жылыжай құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. 2017 жылдың бірінші кезеңіне жылыжайдың көбінде қияр және шағын көлемде қызанақ дақылын егу жоспарланып, көшеттерді отырғызуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. «Грин Вилл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2 гектарға қызанақ дақылын егіп, наурыз айының ортасынан бастап өнім алуды межелеуде. Сәтін салса, жамбылдықтар әз-Наурызда мерекелік дастарқанға Қордай қызанағын қоятын болады. Дегенмен, табиғаты тамылжыған Меркі ауданында бірде бір жылыжайдың болмауы түсініксіз. Сондай-ақ, қысы қатал, жазы салқын Жуалы ауданында да жылыжай жоқтың қасында. Мойынқұм ауданы сияқты шөл және шөлейтті аудандар қатарына жататын Сарысу және Талас ауданының қалталы азаматтарының да құлшына қолға алатын жұмысы бұл. Бұл мәселеге аудан әкімдері мен ауыл шаруашылық бөлімдерінің басшылары ұйытқы болып, инвестиция тарту жолдарын қарастыруы керек. Жылыжай құрылысына шыққан шығын аз уақытта-ақ еселеп қайтады. Көкөніс өніміне деген сұраныстың жылдан-жылға арта түскенін жұмысын дөңгелентіп отырған шаруалардың тірлігінен аңғаруға болады. Оның үстіне Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге сауда-саттыққа даңғыл жол ашылғанын ескерсек, Жамбыл өңірінің құнарлы да, сапалы көкөнісіне шетелдік тұтынушылардың да қызығушылығы артатыны анық.

Амангелді ӘБІЛ,

"Ақ жол".