Әлемдік қауымдастық алдындағы зор сенім
Әлемдік қауымдастық алдындағы зор сенім
Халықаралық қоғамдастықтың Қазақстанға деген зор сенімінің арқасында еліміздің 1 қаңтардан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде берілген өкілеттілік мерзім ішінде атқаратын жұмысының алғашқы отырысында Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» атты Саяси Үндеуі таныстырылғаны баршаға мәлім. АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы бас кеңседе жария етілген Елбасымыздың осы Үндеуінде жеті бағыт бойынша әлемді алаңдатқан ядролық қарусыз әлем құру, әскери текетірестерден болатын шиеленістердің алдын алу, терроризммен күрес, қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтау, бітімгершілік пен дәнекерлікті жандандыру секілді өзге де көптеген маңызды мәселелердің шешілу жолдары нақты көрсетілген. Саяси Үндеудің салмағы мен маңызы, өзектілігі осы жағынан басым.
Қазақстандықтар атом қаруының адамзатқа қаншалықты қасірет әкелетінін жақсы біледі. Сол себепті еліміз Семей ядролық сынақ полигонын жауып, әлі күнге дейін онымен тоқтаусыз күрес жүргізіп келеді. Жалпы, ядролық қарусыз әлем құру жолында Қазақстанның өзге мемлекеттердің де ядролық қарудан бас тартуына себепкер бола отырып, әлемдік мінберде бірқатар батыл бастамалар көтеруінің нәтижесінде әлем назарын өзіне аудара білді. Сол үшін де, Қазақстанның әлемдік қоғамдастық алдында беделі артып отыр. Дегенмен, Қазақстанның қарусыз әлем құру жөніндегі бастамасын дүниежүзі жойқын қарумен жарақтанса, аспан айналып жерге түсетінін, жер бетінде тіршілік атаулының жойылатынын халқы атом зардабынан әлі арыла алмай отырған ел ретінде қасірет зардабын сезінетін мемлекеттің жанайқайы, есті ескертпесі деуге болады. Саяси Үндеуде көтерілген мәселенің бірі – Орталық Азия мен Ауғанстан жағдайына басымдық беріп, терроризммен күрес, экологиялық және басқа да мәселелердің оң шешілуіне ықпал ету. Жалпы, бейбітшілік және қауіпсіздік пен даму ұғымдары бір-бірімен өте тығыз байланысты. Яғни, бейбітшілікті ұстанған елдерде қауіп-қатер сейіліп, ол аймақтың іркіліссіз даму ырғағына қол жеткізетіні түсінікті. Саяси Үндеуде осының бәрінің басы біріктіріліп, нақты тұжырымдалуы Елбасымыздың көрегенділігін айғақтайды. Негізінен, Президентіміз халықаралық мінберлерде әлемге ортақ мәселелер төңірегінде бастамалар көтеру барысында жоғарыда сөз етілген тақырыптарға тоқталмай кеткен жоқ. Мәселен, Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік саммитінде жария етілген «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесінде жоғарыда аталған халықаралық өзекті мәселелерге мұқият тоқтала отырып, оларды қалай шешу қажеттігін атап көрсеткен болатын. Сол себепті жұртшылық Саяси Үндеуде көтерілген мәселелерді «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің қағидаттарын іске асыруға арналған құжат деп қабылдап, еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына төрағалық етуге берілген өкілеттілік мерзім ішінде Елбасы манифесіндегі осы мәселелерді жүзеге асыруға күш салады деп сенеді. Мемлекет басшысының Саяси Үндеуі «Шиеленістердің алдын алу және бейбітшілікті сақтау» атты отырыс қатысушыларынан жоғары қолдау тауып, оны Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжат ретінде тіркеу туралы шешім қабылдауы мемлекетімізге әлемдік қауымдастықтың білдірген зор сенімі деп білемін. Демек, Қазақстанға артылар жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Әйтсе де, мемлекетіміз әлемдегі іргелі елдермен стратегиялық қарым-қатынас орната отырып, халықаралық бастамаларды сәтті жүзеге асыратынына сенімдімін.
Бақыт Сырлыбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Жамбыл ауданы.