Әлеумет

«Шахристан» әлі-ақ гүлденеді

«Шахристан» әлі-ақ гүлденеді

940x382_rynok_140124-028 Базар жайы қозғалса, жұртшылық елеңдеп қалады. Тіпті, ақ-қарасын анықтап, ақиқатқа көзі жетпей жатып, «Әңгімені» судай сапыратындар да  аз емес. Бүгінгі таңда жұрт аузында жүрген бос тұрған «базардың» бірі –  «Шахристан». Бұрын «бұл базардың астында  жәдігер бар екен» десе, бүгінде ол сөз жайына қалып «мұнда тұрғын  үй құрылысы салынады екен» дегенді шығарыпты.Шахристан

Ал шындығы қандай? Біз мәселенің мәнісіне үңіліп көрдік. Әуелі бұрынғы «Шахристан» базарының орнына барғанда көңіліміз кәдімгідей құлазып қалды. Жабылғанына үш жылдан асқан базар орны қараусыз қалған. Сабаудай болып өскен қалың шөптерден аяқ алып жүру қиын. Айналадан жан баласы көрінбейді. Әйтеуір үлкен аумақты алып жатқан жерді аралап жүріп, күзетшілерін әрең дегенде тауып алдық. Солар арқылы осындағы нысан қожайындарының бірі Ғалымжан Таукеев деген азаматпен хабарластық. Ал ол халімді сұрайтын кім табылар екен деп күтіп жүрген бе? Бізге бірден өкпе-ызасын ақтарып тастады. – Бұл жерге қандай ғимарат салынатынын білмеймін. Білетінім – біздің алданумен келе жатқанымыз. Осы базарды аяғынан тік тұру үшін қаншама қаржымыз кетті. Екінші деңгейлі банктерден көп мөлшерде несие алғанбыз. Ол үшін барымызды кепілге қойдық. Жұмысымыз жүріп кетсе, қарыздан құтылып алармыз деп ойлағанымыз жасырын емес. Базарымыз жаман жұмыс істеген жоқ қой. Осында бір мың адам сауда жасады. Осынша дүңгіршектің 50 пайызы сол жерде жұмыс істеп жатқан саудагерлерге сатылған еді. Олар да ол үшін банктен көп көлемде несие алды. Осыдан біраз жыл бұрын «Шахристан» базары жабылды. Ал содан бері түк өзгеріс болған жоқ. Әуелі базардың бүкіл аумағы тендер арқылы сатылымға қойылып, 2,5 миллиард теңгеге бағаланып, ол өтемақыны қала әкімдігі біздерге екі жыл ішінде толық төлеп бермекші болған. Яғни, келісім бойынша 2014 жылдың қаңтарынан 2016 жылдың қаңтарына дейін біз барлық қарыз ақшамызды толық алып қоюға тиіс едік. Әзірге Ақәділ Еркебаев деген кәсіпкердің бір нысанын ғана мемлекет сатып алып, соның ғана төлемін төледі. Ол жігіттің де өзге нысандары сатылмай тұр. Банктер біздің меншігіміздегі ғимаратқа иелік жасап, шетінен сатып, өздерінің несиелерін өндіріп алмақшы. Олардың талабы да дұрыс, заңды. Бұл жерде біз кәсіпкерлер белшеден қарызға батып қалайын деп отырмыз, – дейді Ғалымжан Таукеев. Ескі «Шахристанның» орнын әлі күнге дейін 6 адам үш ауысыммен күзетеді. Олардың барлық қаражатын «Шахристан» сауда орталығы қожайындарының бірі – Ғалымжан Таукеев төлеп отыр екен. Біз екінші тараптың пікірін білуге асығып Тараз қаласы әкімінің орынбасары Жақсылық Сапаралиевке жолығып, бірнеше сауал қойған едік. – Мұндай дау неге туындап отыр? – Бұрынғы «Шахристан» базары орнында 7 ғимарат бар. Қожайындары бөлек-бөлек. Әзірге үш ғимаратты мемлекет меншігіне сатып алдық.Уақыты кішкене кешеуілдеді. Сондай-ақ, 2017 жылдың алғашқы үш айында аталған базардың орнын мемлекет меншігіне толық сатып алуға қол жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. – Мемлекеттен аударылған қаржы ғимарат иелері болған кәсіпкерлерге қайтарыла ма? – Аталған жеті ғимараттың үшеуі несиесі уақтылы төленбегендіктен, банкке өтіп кеткен. Ол үш ғимараттың қаражаты банкке төленеді, ал өзге төрт нысанның қаржысы ғимарат қожайындарына беріледі. – Қай кәсіпкерлердің ғимараттары банкке өтіп кетті? – Ол үш ғимараттың үшеуі де Ақәділ Еркебаев деген бір ғана кәсіпкердің ғимараты. Өзге қожайындар тиісті қаражаттарын толық алатын болады. Мемлекет меншігіне өткен жерде көрме залы, түрлі мәдени ошақтар мен орталықтар бой көтеретін болады. Жақсылықты жақындатып сөйлеген Жақсылық Сапаралиев­­тің сөзіне сүйсініп қалдық.

Есет  ДОСАЛЫ,

"Ақ жол".

Тараз қаласы.