Елеспен алысқан Еділ
Елеспен алысқан Еділ
Еділдің жастықтың буымен көп қыдырыстап, ішімдіктен де жиі ұрттап қоятыны бар еді. Бірде ауылдас досының үйінде ащы судың күшімен қызу әңгімеге беріліп, ұзақ отырып қалады. Түнгі үштер шамасында досының «қона сал» деген қолқасына қарамай, жолға шығады. Бір-біріне жақын жатыр дегені болмаса, екі ауылдың ортасы әжептәуір жер. Жым-жырт түнде жолдың да ұзара түсетіні бар емес пе? Таныс көшелерді артқа тастаған Еділ ауыл сыртындағы жолға қарай беттеді...
Кенет алдынан бір ағараңдаған адамның сұлбасы көрінді. Алғашында мән бермеген ол көрінген бейнені бір жақтан қайтып келе жатқан ауыл молдасы екен деп қалған. Өйткені, ауылда бірыңғай ақ киіммен жүретін сол кісі ғана болатын.
Ақ құба адам онымен бетпе-бет кездесуге сәл ғана қалды. Осы кезде Еділ қорқыныштан діріл қаққан күйін сездіргісі келмей, жолдың шетіне қарай шықты. Анау да Еділ жаққа қарай ойысты. Бұл әрекетке таңданған Еділ не болса да алға жылжи берді. Қарсы келе жатқан жолаушылар ақыры бетпе-бет кездесті. Еділ қарсы алдында бас-аяғы, бет-жүзі тегіс әппақ, түр-әлпеті білінбейтін ақ адамды көргенде жүрегі ұшып кете жаздады. Екеуі қарама-қарсы тұрып қалды. Бір кезде анау «Ассалаумағалейкум» деп Еділге қолын ұсынды. Қолын қалтасынан шығарған Еділ бұрында бір діндар досының «елеске қолыңды берсең, сол мезетте бақилыққа аттанып кетуің мүмкін» деп айтқаны есіне түсіп кетіп, жалма-жан оң қолын қалатасына терең тыға түсті. Анау ұсынған қолын әлі тартар емес. Еділ қолындағы сөмкесімен оны ұра бастады. Жерден тас-кесектер алып лақтырды. Бірақ оның ешқайсысы ақ адамға тимейді. Ауада қалқып барып, жерге түсе берді. Оны осылай қанша ұрғаны белгісіз... Бір кезде қатты қалжырады. Сасқалақтап жан-жағына жалт қараса, айналасында ешкім жоқ. Алыстан абалаған иттердің дауыстары ғана талып жетеді. Тұнық түннің қараңғылығында не істерін білмеген ол орнында сілейіп бірер минут тұрып қалды. Үйіне дейін әлі біраз жол бар. Ортада үлкен егістік алқабынан өтеді. Демде есін жиып алған Еділ жүрісін тездетіп, тіпті, арасында жүгіре бастады. Артына жалт қараса әлгі кісінің қайдан шыққаны белгісіз ол да жүгіріп келеді екен. Ентіккен Еділ қайтадан кілт тоқтады. Анау да тоқтады. Иен далада не істерін білмеген соң ізіне түскен адамды қайтадан ұруға бекінді. Ашуланып, әрі үрейленген ол әлгінің қасына қалай жетіп барғанын өзі де бақамай қалған. «Елессің бе, несің?» деп қарсы алдында мелшиіп тұрған ақ адамды жұдырықпен бір ұрды. Жұдырықтаған қолы тағы да бос ауаны сермеп өтті. Еділ онда да қайтпайды, «қарсыласымен» кескіліскен төбелесті бастап кетті. Түн өтіп, таң атқанша Еділ әлгі кісіні өзінше ұрған болды. Арасында жерге құлап, үсті-басын ластаған. Әбден шаршап жерге құлап түскен Еділ қайтадан жүрмек болып орнынан тұрғаны сол екен, қарсы алдынан әлгі ақ адам тағы шыға келді. Көзін жұмып, жерге отыра кеткен Еділ тілін кәлимаға келтіре берді. Қанша рет қайталағаны есінде жоқ. Тарс жұмған көзін сығырайтып жайлап ашса, ақ киімді адам ғайып болыпты. Қатты қалжыраған ол таң қылаң бере үйіне келіп, төсегіне құлады. Түс ауа анасының ас ішуге шақырған даусынан оянып, далаға шықса өзіне таныс ақ адам тағы да күтіп тұр екен. Еділ анасына аптығып тұрып түндегі, қазіргі өзінің көргенін айтып берді. Таңданып, қалған анасы ұлы нұсқаған жерден ешкімді көрмеді... Содан бері әлгі елес Еділдің қасынан бір елі қалмайтын болды. Үйге кірсе, бұрышта күтіп отырады. Сыртқа шықса, соңынан ілесіп жүреді. Кәлиманы қанша қайталаса да одан құтылмайтын болды. Осылай жүріп ол ұйқыдан да қалды. Көзін жұмса, ол оны бас салатынды шығарды. Бір күні қатты ұйықтап кеткен екен, тамағын шап беріп ұстаған қарулы қолдан тұншығып қала жаздады. Өзінше айқайлаған болды. Бірақ дауысы ешкімге жетер емес. Бойындағы бар күшін жиып алған Еділ ышқына айқайлап, төсегінен атып тұрды. Қарсы бөлмеде жатқан анасы жүгіріп келіп шамды жаққанда барып сабасына түскен. Осы оқиғадан кейін ол түн баласына ұйқы көрмейтінді шығарды. Сөйтіп, Еділдің елеспен бірге өткізген күндері жалғаса берді. Бірде көрпесінің астына қолын салғанда қолы бөтен қолмен түйісті. Қайта суырып алып қайта салса, көрпенің астында бөгде біреудің суық қолына тап болады. Көрпені сілкіп ашып қалса, ақ жаймадан басқа ештеңе жоқ. Күннен-күнге өзі ғана куәсі болып жүрген оқиға Еділді есеңгіретіп тастады. Тек елеспен ғана өмір сүріп, өзгелерден оқшауланатынды шығарды. Ешкімге шешіліп тіс жаруды да қойды. Айтқан күнде, елесті көріп, біліп жатқан жан жоқ. Бір күні түнде Еділ көзінің қалай ілініп кеткенін сезбеді. Оянып кетсе, өзі төсегінен бір метрдей биіктікте қалықтап тұр екен. Арада қанша уақыт өткені белгісіз бір кезде жерге сылқ етіп сұлап түсті. Бірақ, өзінің бір метрдей жерден ешқандай дыбыссыз құлағанына таң-тамаша. Осылай таңданып жатқанда күн де шықты. Еділ сұрықсыз күндерден жалығып, достарын ұмыта бастады. Баласының басындағы жағдайға алаңдаған ата-анасы оны дұғамен емдеді. Дұға оқыған молда Еділге ішімдікті мүлде ішпеу керек деп ескертіпті. Міне, мәселе қайда? Содан бері Еділдің бойы жеңілдеп, елестен құтылды.
Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».