Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді
Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді
Қазақстандық ауыр атлет Алла Важенина Бейжің Олимпиадасының алтын медалін алатын болды. Спортшыларымыздың жүлделерін бір қолымен «тартып» алып жатқан Халықаралық Олимпиада комитеті екінші қолымен қайтарып беріп жатыр. Бейжің Олимпиадасында 75 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Алла Важенина қытайлық Цао Лэйге есе жіберіп, күміспен күптелген-ді. Таяуда ХОК Олимпиада алтынын алған қытайлық спортшыны допинг қолданғандардың қатарына қосты. Жақын арада енді оны жүлдесінен айыру туралы шешім шығады. Сол сында күміс жүлдеге ие болған қазақстандық спортшы Алла Важенина енді қазақстандық арулар арасынан шыққан тұңғыш (ауыр алтлетика) Олимпиада чемпионы атанады. Естеріңізге сала кетейік, допинг дауына іліккен спортшылардың қатары арта түсуде. Айыптылардың кінәсі анықталуының арқасында бұған дейін жеңіл атлет Ольга Рыпакова (үш Олимпиаданың жүлдегері) мен ауыр атлет Анна Нұрмұхамбетова қола жүлдегер, грек-рим күресінің шебері Нұрбақыт Теңізбаев күміс жүлдегер атанған еді.
Табиғат АБАИЛДАЕВ,
"Ақ жол".