Саясат

Мемлекеттік қызмет мемлекетшілдікке ұласса игі

Мемлекеттік қызмет мемлекетшілдікке ұласса игі

«Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», – деген Әлихан Бөкейхановтың тамаша сөзін ілмек етіп, іргелі ойды қаузауға қалам алдым. Әлбетте, Әлихан атамыздың бұл сөзін өзгертуге құқым жоқ. Дегенмен, қазақ топырағында туған әр адамда, оның ішінде Отан иесі – қазақтың атамекеніне аянбай қызмет етуді асыл мұратына айналдыруы тиіс деген тіркестің синонимі ретінде қабылдауға болатын шығар. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болған алмағайып уақытта алты алаштың қамын ойлап, қара басын от пен суға салып, құрбан болған арыстар қаншама? «Толқыннан толқын туады» деген, Мағжан ақын тамшы тамуынан танбай тасты тесетінін меңзеген шығар. Бұлай деуге себебім аузын аждаһадай ашқан сойыл ұстаушыларға сом жүрегінен шыққан намыс үнін естіртіп, қасқыр сүтін емген халыққа тән қайсарлық танытқан қасқалардың тынымсыз тірлігі бүгінгі бүтін мемлекеттің өркен жаюына үлес қосты ғой. Жусан аңқыған туған жерінен жырақта жүріп, жүрегі тоқтаған Мұстафа Шоқайдың «Ылғи да Отаныма қайту ойында жүремiн және соған жету үшiн тырысамын. Демек, атамекенiмдi құтқару үшiн күресемiн», – дегені руханият турасында айтылған риясыз сөз. Тікенек қадалған тағдыр жолына табанын тілгізіп жүргендегі мақсаты азаттықтың ақ кемесін ата жұртында жүргізу. Елде тоталитарлық жүйе біржола орнағаннан кейінгі уақытта енді ол жаңа саяси жағдайға байланысты шетелдік эмиграция күшімен жүргізілді. Мұстафа Шоқайдың қызметі, оның басшылығымен Берлинде 10 жыл бойы (1929-39) шығып тұрған «Жас Түркістан» журналындағы материалдар соның айғағы еді. Тұңғыш инженер Мұхамеджан Тынышпаев та Мұстафа атамыз құрған Түркістан автономиясының үкімет басшысы болған. Текті туған, білімге ғашық болған М.Тынышпаев айына 420 рубль көлемінде шәкіртақы алып, «Түркістан – Сібір темір жолының құрылысы» тақырыбында дипломдық жұмысын қорғап, дала академиясы, тәрбие институтының түлегі екенін айғақтады. Ел мүддесі үшін еңбек етіп, еркіндік аңсаған бұлқынысы тұтқындалумен тәмамдалды. Бірі дәрігер, бірі заңгер болған Халел, Жанша Досмұхамедовтер алуан қырлы ардақтылар екенін тарихтағы шұбалаң іздерге қарап аңғаруға болады. Қоғамның қол тигізбес жарақатын емдеп, жұртының жарқын болашағына селдей себеп тигізді. Т.Рысқұлов, С.Асфендияров, С.Қожанов, С.Садуақасов, Ж.Мыңбаев сынды марқасқалардың, Ахмет, Міржақып секілді алыптардың жүрген жолын, сіңірген еңбегін, көрген бейнетінің түпкі мақсатын түсіндіру бүгінгі таңдағы мемлекеттік қызмет саласына тың серпін беріп, рухани сілкініс алып келері сөзсіз. «Ұлтына, жұртына қызмет ету білімнен емес мінезден» деп айтқан Әлихан Бөкейханов әрбір мемлекеттік қызмет атқарып жүрген азаматтарға темірқазық болса, ақиқаттан адаспасы анық. Бүгінгі Қазақстанның жарқын келбеті жанарынан жасы мен қаны қатар аққан қайраткерлердің арманының орындалғаны деп білу қажет. Күн нұрына шомылып, алақанында көл тербеткен ұланғайыр жерімізге тыныштық, татулық, ырыс, дәулет тұрақтағалы 25 жылдан асып барады. Ғасырлар бойы аңсаған бұл ұғымдар жалғасты болу үшін әрбір жас, әрбір зейінді азамат мол мүмкіндікті пайдалануы тиіс. Шекара асып оқимын дегенге шектеу жоқ, кәсіп қыламын дегенге кедергі жоқ, ой еркіндігі мен сөз еркіндігі берілген демократиялық қоғамның әр мүшесі етек-жеңді жиып, бәсекеге лайықты болуы шарт. «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» жастар мемлекеттік қызметке келіп, жаңашыл жұмыс, тиімді тетіктерді ойлап тауып, қарекет етсе қалыбымыз бекіп, қабырғамыз қатаятыны ақиқат. Қазақтың намыстан жаралған ұлы Қанат Исламның ұстазы айтқан екен. «Өз Отаным болса оның көшесін сыпырып қызмет етер едім, бір шүберек сұрамай көйлегіммен асфальтін сүртер едім» – дегені ойлы кісінің оймақтай ойы. Тәуелсіздіктің тамырланып, гүлдеп көркеюіне үлес қосамын дегендер Алаш арыстарынан үлгі алса, мемлекетке қызмет етуге біліммен қоса Отанды шексіз сүю сезімі ауадай қажет екенін ұқса ұсақталмаймыз. Қазіргі таңда жан-жағымыз түрлі оқиғаларға толы. Заманға сай талаптар өзгеруде. Жаңашылдық пен жылдамдықты, шапшаң шешім қабылдауды қажет ететін салаларға білімді жастардың білегі, жұртым деген жүрегі қажет. Соның ішінде халықпен етене байланыста болатын мемлекеттік әкімшілік қызметке жас мамандар тапшы. Қалам ұстап, қағаз кеміру трендтен түсіп, барлығы технологияларға телміріп отыр. Оны тізгіндейтін жастар екені түсінікті дүние. Елге жаны ашитын жастардың мемлекеттік қызметке келуін бүгінде бас ауруға айналған жемқорлықты тұсауға бір себеп ретінде қарастырсақ қателеспейміз. Жастардың жан дүниесі таза, үйренуге бейім, имани тәрбиеге қанық. Оны рухани сұранысты қанағаттандыратын орындардағы жастарға қарап айта аламыз. Осы ретте ақсақалдар кеңесіне құлақ түріп, тәжірибесіне сүйенсек адами тұлғамыз толысып, хабардарлығымыз артары сөзсіз. Қазақта «Құдайдан қорықпағаннан қорық», деген сөз бар. Қай салада болсын, мың асқанға бір тосқан бар, обал-сауап бар деп нәпсіге құлып салып, ынта-шынтымен ел игілігіне қызмет етсек бейнетпен беки түскен бүгінгі аға буын көрген құрметті кейінгі ұрпақтан аламыз. Оны да қазақ «Атаңа неғылсаң, алдыңа сол келеді» деп шегелеп берген. Адалдық, адамдықтан танбай, талмай еңбек етіп, тарыдай шашылмай, таудай пейіл танытсақ Тәуелсіз Қазақстан Мәңгі Ел болмақ.

Байжан Емберді, журналист.

Шу ауданы.