Экономика

Қыстауымды сұрасаң «Қосқұдықта»

Қыстауымды сұрасаң «Қосқұдықта»

_лімхан-Б-заубаевҚұмдағы қар биыл да қалыпты деңгейде. Cүйекті өсімдік, бұта-бытқыл, қараусындардың пәрігі бұзылмаған күйі тұр десе де болады. Ірі қара малының өз аяғымен ұзап жайылуына бұл да сеп. Қожалық иесі Әлімхан Бұзаубаев қытымыр қысқа ерте бастан қамданып, «Қосқұдықтағы» қыстауы басына мал азығындық шөп қорын жеткілікті жинап та қойған. Алайда уақ тұяқ болмаса, жылқы, сиыр секілді аяқты малдың оған қарап жатқаны жоқ. Құм қойыны қоңырсалқындау әзірге. Жасынан малсақ болып өскен Әлекең қорасындағы малы басын жылдан-жылға көбейтуде. Алдына қойған мақсаты да осы – атакәсіптің абыройын асқақтату болатын. Әрі отбасы үшін де мол несібе. Бүгінде ол өзі туып-өскен Күшаман ауылындағы еңбегімен еленген іскер азаматтардың бірі. «Бұл орайда ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі мемлекеттік несие бағдарламаларының шарапатына бөленіп отырмын. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан бір сиырға жыл сайын 18 мың теңге көлемінде субсидия береді. Бұл – малдың жемшөбін қамдастыруымыз үшін зор жеңілдік. Аудан басшылары да қолдарынан келген көмектерін аямауда. Малды емдеу шаралары да уақтылы жүзеге асырылады. Мұның өнімсіз шығынға жол бермеуімізге жәрдемі мол» дейді ол. Айтса айтқандай, ілкімді азамат 2006 жылы өзі құрған «Көркем» шаруа қожалығының тасын өрге домалату жолында тынбай тер төгуде. Әзірге ет бағытындағы мүйізді ірі қара малы басын көбейтуге басымдық беріп отырған жайы бар. Қой да, жылқы да өсірмек. Оның иелігіндегі бір сиыр 170 кило ет береді екен. Былтыр елге 8 тонна ет өткеріпті. Шаруашылығының шаруасы шалқуы осыдан алты жыл бұрын «Сыбаға» бағдарламасы бойынша Аграрлық несие корпорациясы арқылы 14 миллион теңге қаржыға қол жеткізуінен басталған. Бұл қаражатқа асыл тұқымды 3 бұқа және 90 тана сатып алған екен. Бүгінде қорасындағы түйесі – 15, жылқысы – 18, мүйізді ірі қара малы 120 басқа жетіп отыр. Былтыр барлығы 80 төл алынған. Қожалық иесі несиелік берешегін алдағы екі жыл ішінде толықтай өтейтініне де нық сенімді. Бұзаубаевтың басшыларға айтар бір ғана бұйымтайы бар. «Ауданымызда ет қабылдау орны жоқ. Содан да мал етін алымсақтарға сатамыз. Олардың малымызды арзанға бағалауы тиімсіз болып тұр. Бұл іс мемлекет тарапынан реттелсе, құба-құп болар еді» дейді ол. Мемлекет тарапынан жасалынған мүмкіндіктерді мүлт жібермей, сәтімен үйлестіріп жатқан қожалық басшысының алдан күтері мол. Қазіргі таңда төрт бірдей бақташы мен олардың жәрдемшілерін жұмыспен қамтып отыр.

Уалихан ЖАЙЛАУ,

"Ақ жол".

Мойынқұм ауданы.